Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:41, 25 Сәуір 2024

Сәтқалиевтің реформасы 20 мың адамды жұмыссыз қалдыра ма?

Сәтқалиев
Фото:

Сәуір айының басында Астана қаласының энергиямен жабдықтаушы ұйымдарының лицензияларының 99%-ы тоқтатылды.

 Бұл дегеніміз – 119 жеке компания. Кәсіпорындар электр энергиясын сатып алуға берілген негізгі лицензияларды қайтарып алу туралы шешім заңға қайшы деп отыр. Асығыс шешімнің соңы – саладағы бизнес қызметін көтеріп, бәсекелестікті жояды деген кәсіпкерлер президентке хат жазып, тиісті органдарға шағымданған.  

«Жаңа реформа олигархтар үшін тиімді»

Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов мемлекеттік органдар заңды белден басып, салада реформа орнатамыз деген сылтаумен монополиялауға әрекет жасап отыр дейді.

«Әлемнің ешбір елінде энергия тарифінің бағасын арзандату үшін жабдықтаушы компанияларды жаппай лицензияларынан айыру тәжірибесі болмаған. Нарықтағы біз сияқты ойыншылардан ешкім ештеңе сұрамады, мемлекеттік ұйымдардың абсолютті шешімі ғана. Компанияларға лицензияның тоқтайтыны туралы билік тарапынан белгіленген мерзімнен үш күн бұрын ғана ескерту жасалған. Электрмен жабдықтау саласындағы 140-тан астам шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектісіне үлкен зиян келіп отыр. Аталған мекемелерде 20 мыңнан аса адам қызмет етеді, олардың жағдайы қалай болады?! Мұндай асығыс шешім – мемлекет бас¬шы¬сының «Экономиканы демонополияландыру – біздің ұлт¬¬тық басымдығымыз» деген ұстаны¬мына қайшы келеді. Бұдан энергия өндіруші олигархтар ғана пайда табады, бұл айсбергтің басы ғана», – деді ол.

Электр энергия нарығының бір жылдық бюджеті 1,5 трлн теңге. Қауымдастықтың мәліметінше, электр энергиясының тариф құрылымын жабдықтау үстемесі 2-3 пайызды құрайды. Қалғаны – электр энергиясын өндіру мен тасымалдау шығындары.

«Реттелмейтін жеткізушінің сату бағасы ешқашан кепілдік берушінің бағасынан жоғары болмайды. Себебі тұтынушы үшін бастысы – тарифтің қымбаттауы. Қазақстанда 1 шілдеден бастап электр энергиясының құны барлық өңірлер үшін шамамен бірдей болған кезде бәсекелестік қарқынды түрде дамыды. Сәйкесінше, жабдықтау үстемесі төмендеп, біз тұтынушылардың ұйымдардан түрлі сервистерді алуы мүмкін екенін көрдік. Электр энергиясын беру және жеткізу функцияларын біріктіргеннен кейін, бәсекелестіктің болмауына байланысты тариф құны өседі. Мысалы, реттелмейтін электр энергия жабдықтаушысы аванстық төлем жүргізсе, кепілдік беретін жеткізушілер төлемді нақты факт бойынша жүзеге асырады. Бұл мәселе тағы да бюджет қаражаты арқылы шешіледі. Қауымдастық жоғары тарифтер мәселесін шешудің басқа жолдарын ұсынады. Сатып алу қағидаттарын өзгерту керек. Сондай-ақ монополия құрған энергия тасымалдаушы ұйымдардың одағын құруды ұсынамыз», – деп атап өтті Сергей Агафонов.

Тарифі реттелетін компаниялардың да лицензиялары тоқтатылады

Үкімет алдымен тарифі реттелмейтін электрмен жабдықтаушы компаниялардың лицензиясын қайтарып алмақ. Одан кейін кезек тарифі реттелетін компанияларға жетеді. Осылайша, 2025 жылға қарай әр өңірде электр қуатын жеткізуші 1 ғана компания қалады. Ол жарық жеткізу мен жабдықтау қызметін қатар атқарады. Осылайша, электрмен жабдықтау секторында тариф төмендеуі тиіс.

 «Реформаның бірінші кезеңінде реттелетін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды ғана қалдыру жоспарланған. Олардың қызметін, көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау мақсатында тиісті министрліктің шешімімен реттелмейтін компаниялардың лицензиялары тоқтатылды. Өздеріңіз білесіздер, нарық құрылымында: электр энергиясын өндіретін энергия өндіруші ұйымдар, электр энергиясын тарататын компаниялар – өңірлік электр желілері компаниялары, «KEGOC» компаниясы – электр энергиясын магистральдық желілер арқылы тасымалдайтын ұлттық оператор бар. Одан бөлек, тұтынушы мен электржабдықтаушы компаниялар да кіреді. Олар энергия өндіруші компаниялардан электр энергиясын сатып алып, соңғы тұтынушыға қайта қымбатқа сатады», – дейді Ұлттық экономика және энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Тәуелсіз сарапшылар билік пен бизнесті диалогқа шақырды

Кеңеске қатысып отырған құқық саласының мамандары мен тәуелсіз сарапшылар табиғи монополияларды реттеу комитетінің аталған іс-әрекеттері заңға негізделмегенін алға тартты. Айтуларынша, қолдарында ЭЖО қызметінің заңсыздығын белгілейтін немесе эклектикалық энергия нарығы жүйесін қайта қарау туралы бірде-бір нормативтік акт жоқ.

«Мемлекет ең бірінші тұтынушылардың құқын қорғауы тиіс. Қол астында ондаған, жүздеген қызметкері бар компанияларды бір тілім қағаз жіберіп жаба салуға болмайды. Өзіңіз көріп отырғандай, жауапты орган мамандарынан «үкімет пен биліктің тапсырмасы осы» дегеннен басқа нақты аргумент естімедік. Мен 11 жыл АҚШ-тың экономика саласында қызмет еттім, нарықта бір ғана компанияның қызмет етуі бәсекені жояды. Бәсеке болмаған жерде, сапа жоқ. Мұның соңы – жарық құнының қымбаттауына апаратынына жүз пайыз сенімдімін. Бәлкім, үкімет мұндай шешімнің дұрыс емес екенін толық түсінбеді. Билік пен бизнес отырып, ортақ шешімге келуі керек. Мәселені төтесінен қойып, талқылай алмайтындай өзге елдің азаматтары емеспіз ғой. Біздің үкімет, біздің бизнес. Нәтижесінде, ең көп салмақ қарапайым халықтың қалтасына түспеуі керек», – деді экономист Зейнулла Алшымбаев.

 «Атамекен» ҰКП мамандары да энергиямен жабдықтаушы бірқатар ұйымның лицензиясын тоқтата тұру фактісі қосымша зерделеуді, сондай-ақ энергетика нарығымен кеңінен талқылауды талап ететінін атап өтті.

«Реформа жасаймыз деген мақсатпен ел экономикасының тұ¬тас секторын монополиялан¬дыру жүріп жатыр. Одан бөлек, лицензиялау саласындағы ұлттық заң¬нама бұзылып отыр. Заң бойынша лицензияларды тоқтату тәртібі бар, бірақ ол тәртіп сақталмаған. Реформа жасау үшін фундаменталды зерттеу де жүргізілмеген, басты мақсат – тарифтің арзандауы. Бірақ тарифтің қаншаға арзандайтынын әлі күнге дейін ешкім айтпады. Мұндай реформа жасайтын болса, ең алдымен парламентке жүгініп, лицензияға қатысты заңды өзгерту қажет. Осы кезде белгілі бір процедура жүріп, компаниялар бағыттарын ауыстырар еді. Үш күн ішінде хабарлама жіберіп, тірі адамдарға мұндай эксперимент жасау ақылға қонымсыз. Лицензияларды тоқтату туралы үкіметтен бұйрық түскен екен, неге табиғи монополияларды басқару комитеті «лицензия туралы заңнама аясында аталған бұйрық заңға қайшы» деп хат жазбады?! Лицензияны тоқтату үшін әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық орын алуы керек. Қазіргі жағдайда мемлекеттік органдар заң алдында жауап бермейтіндерін біліп, заңнаманы өз мүдделеріне пайдаланып отыр. Заңды өз мүдделері үшін еркін пайдалану тенденциясын күнде кездестіремін және мұның соңы жақсылыққа апармайды», – деп пікір білдірді кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Жеңіс Болатұлы.

 Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанның барлық энергиямен жабдықтаушы ұйымдары (ЭЖО) жекеменшік болып табылады. Үкіметтің №1095 қаулысына сәйкес акцияларының 50%-дан астамы мемлекетке тиесілі республикалық меншіктегі заңды тұлғалардың компанияларына электр қуатымен қамтамасыз етуге тыйым салынған.

Ақпарат үшін айта кетейік, «Астанаэнергосбыт» ЖШС 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап тұтынушылар топтары бойынша электр энергиясына тарифтер өзгергенін хабарлады.

Заңды тұлғалар үшін электр энергиясына мынадай тарифтер белгіленді.

Орташа еңбек тарифі:

басқа тұтынушылар үшін – 38,35 теңге/кВтсағ (ҚҚС-сыз);

бюджеттік ұйымдар – 73,66 теңге/кВтсағ (ҚҚС-сыз);

әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірісін қамтамасыз ететін кәсіпорындар үшін – 29,28 теңге/кВтсағ (ҚҚС-сыз).

Айжан Қалиева

Астана қаласы