Сәтқалиевтің сәтсіздігі, Қуантыровтың қулығы бітпейді
Тамыз айынан бастап қазақстандықтар коммуналдық қызметтер үшін қымбат баға белгіленген түбіртектер ала бастайды.
Осынша жыл бойы «инвестиция тартумен» айналысып келген үкімет Жаңа Қазақстанның инвестициялық климатының өздері айтқандай емес екенін ақыры мойындаған сияқты, енді «Инвестиция орнына жаңа тариф» дегенді айта бастапты. Онсыз да қымбатшылықтан запы болған халықты бұл жаңашылдық бей-жай қалдырып отырған жоқ. Әу баста тариф қымбаттайды дегенді үкімет халыққа жұқалап жеткізді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «тарифті бірден өсірмейміз, біртіндеп-біртіндеп өсіреміз» деп жақауратса, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «тарифті өсіру арқылы елдегі ЖЭС-ның сапасын арттырамыз, ондағы жұмысшылардың жалақысын өсіреміз» деп жұбатты. Осылайша, үкімет елдегі тарифтердің бағасын 30 пайызға дейін өсіре қойды.
Негізінде, біз соңғы он жылда тарифтерді жыл сайын кем дегенде 10-20 пайызға өсіріп келіппіз. Бірақ бұдан энергетика саласының жаңғырып, жанданып кеткені тағы шамалы. Керісінше, елдегі жылу электр стансаларының қызметі жыл өткен сайын сыр беріп, қыс келсе халық дірдектеп, апатты жағдайлар орын алып, тіпті биыл бірқатар аймақтарда қақаған қыста жылудың жоқтығынан төтенше жағдай жариялауға да мәжбүр болдық. Ал үкіметтің бұл жолғы «Инвестиция орнына тариф» саясаты жемісін бере ме?
Сарапшылардың ойынша, үкімет мұндай қадамға амалсыздан барып отыр. Себебі қазір тарифтер бағасы көтерілмесе елдегі тозған құбырлар желісі техногендік күйреуге апарып соқтырады.
Тозған құбырлар демекші, біз бұған қатысты деректерге көз жүгірту үшін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне арнайы сұрау салдық. Аталмыш министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір елімізде барлығы 128 мың шақырымға жуық жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері бар. Республика бойынша сол желілердің 51 пайызы тозған. Ал осы пайыздық көрсеткішті аймақтарға бөлетін болсақ, Павлодар облысында 68 пайызға, Шығыс Қазақстан облысында 64 пайызға, Қарағанды облысында 62 пайызға және Ұлытау облысында 62 пайызға құбыр желілері әбден тозған. Осы жылы 126 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 86 млрд 300 млн теңге бөлінген.
Сонда республика бойынша құбыр желілерінің 50 пайыздан астамы тозған болса, бұған дейінгі халық төлеген тарифтердің қаражаты қайда жұмсалған? Тарифтік төлемдерден бөлек, салынған инвестициялар неге өзін-өзі ақтамайды? Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, үкімет тарифтен түскен қаражатты және инвесторлар әкелген инвестицияны ұтымды ұқсата алғанда энергетика саласы осынша дағдарысқа түспеген болар еді. Өкінішке қарай, біз ЖЭС-ын жаңғыртуды сауатты жолға қоя алмадық. Қазір елдегі жылу электр орталықтарының 40 пайызы жекеменшікке берілген. Салада түйіні тарқамай жатқан түйткілдердің артуына бұл да үлкен себеп. Министрліктердің тіпті сол жекеменшік ЖЭС-на талап қоя алмайтын да тұстары бар. Бұған жауапты энергетика министрі Сәтқалиевтің сәтсіз идеяларын көріп отырмыз. Өткенде мәжілісте өзіне бірнеше мәрте сын айтылғаннан кейін барып, Сәтқалиев елдегі ЖЭС-ын аралауға шықты. Министр тіпті қыста апат болған Екібастұздағы жылу электр стансасына да сол кезде ғана барды. Осыдан-ақ бұл министрліктің жұмысын бағалай беруге болады.
«Сәтқалиев осы уақытқа дейін жекеменшік жылу электр стансаларына талаптарын өткізе алды деп айта алмаймыз. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың да қулығы бітпейді. Ең қызығы, Қуантыров тарифтердің өсіміне қатысты халықты үрейленбеуге шақырды. Оның айтуынша, өсім «орташа» болады, «барлық коммуналдық қызметтер бойынша орташа чектің ұлғаюы шамамен 3-4 мың теңгені құрайды». Бірақ бұл арада Ұлттық экономика министрі коммуналдық қызметтерге бағаның өсуі сөзсіз азық-түлік, тұтыну тауарлары және басқа да қызмет түрлері құнының шарықтауына әкелетінін айтпайды. Сондықтан ай сайынғы шығындардың халық үшін 3-4 мың теңгелік өсіммен тоқтай қоюы екіталай», – дейді сарапшы.
Бұдан бөлек сарапшы 7 жылда елдегі құбырлар желісін жаңғыртуға шамамен 3 трлн теңге тарту жоспарланғанын мысал етті. «Мұншама инвестицияны табу да үкіметке оңайға соқпайды. Сондықтан осы жылдар аралығында тарифтер үздіксіз өсім беруі әбден мүмкін».
Рас, деректерді сөйлетсек, жалпы елдегі барлық қазақстандық жылу электр орталығы мен энергетикалық кешеннің инфрақұрылымын ретке келтіру үшін шамамен 182 млрд теңге қажет. Бұл дегеніңіз – инвестиция тартудан бөлек, біз әлі де кем дегенде жеті жыл қымбат тарифтермен бетпе-бет келетінімізді айғақтайды. Биыл тарифтер 30 пайызға өссе, келер жылы да дәл сондай 10-30 пайыздық қымбатшылық болады. Одан кейінгі жылдары да тарифтің қымбаттауы орын алмақ.
«Міне, осыны Қуантыров басқарып отырған министрлік халыққа ашық түсіндіріп айтуы керек. Тариф қымбаттаса азық-түлік, жол тасымалы, басқа қызмет түрлері де қымбаттайтыны нақты, ашық көрсетілгені жөн. Қулыққа басып, елді жұбатудың қажеті жоқ. Тариф қымбаттайды бірақ халыққа салмақ түспейді деп экономика заңдылықтарын сырып тастап, елді алдауға болмайды», – дейді экономист-сарапшы.
Иә, сөйтіп, тарифтің қымбаттауымен бірге қымбатшылық та ілесіп келмек. Бұл онсыз да қалт-құлт етіп күнін көріп отырған елге ауыртпалық салары даусыз. «Барометр» талдау және сараптау орталығының әлеуметтанушы маманы Меруерт Молдабаева да тарифтің 30 пайызға қымбаттауы үкіметтің инфляциямен күрес бағдарламасына да кері әсер етеді дейді. Мұндай жағдайда үкімет 2023 жылдың соңында инфляцияны 8,5 пайызға дейін түсіреміз деген уәдесін орындай алмайды.
«Қымбатшылықтың көкесін енді көреміз. Тамызда әлеуметтік топтардың біраз бөлігі балаларын оқу жылына дайындай бастайды. Оған қаражат керек. Бұдан бөлек, кәсіпорындар тарифтің қымбаттағанын желеу етіп, шығарған өнімдерін қымбаттата қояды. Күзде қанша жерден қамбаға өнім түседі, жеміс-жидектер піседі десек те, тарифтің өсімі инфляцияны соңынан ертетіні даусыз. Халықтың банкке, коммуналдық қызметке қарызы өте көп. Енді ол қарыздың үстіне тағы қарыз жамала бермек».
Жалпы бүгінде халықтың коммуналдық қызметтерге деген қарызы 15 млрд теңгеге жеткен. Ал банктердің алдындағы елдің қарызы 15 трлн теңгеден асып жығылды. Мұны өткенде мәжілісте еліміздің Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты. «2023 жылғы 1 сәуірдегі мәліметтерге сәйкес, 7,9 млн қазақстандықтың несиесі бар. Қарыздардың жалпы сомасы 15,5 трлн теңгені құрайды», деді бас банкир.
Тариф қымбаттайды дегелі бері сарыуайымға салынып жүргендердің бірі зейнеткерлер. Алматыдағы Жетісу ауданының тұрғыны зейнеткер Мәукен Зайнуддинова коммуналдық қызмет үшін зейнетақысының қанша бөлігін жұмсайтынын есептетіп көріпті.
«Егер бұрын суға 1 текше метр үшін 115,91 теңге төлесем, енді текше метр судың құны 135,21 теңгені құрайды. Кәріз үшін біз бұрын 1 текше метр үшін 105,88 теңге тариф бойынша төлеген едік, енді 174,99 теңге төлейтін боламыз. Жылыту маусымы басталғанда төлем қандай болатыны әлі белгісіз. Монополист жылумен жабдықтау бойынша нақты сандарды әлі жариялаған жоқ. Бірақ олар да бізді аямайды ғой...» – дейді зейнеткер.
Осылайша азын-аулақ зейнетақысын дәрі-дәрмегіне, азық-түлігіне жеткізе алмай жүргендерге тарифтің қымбаттауы тіптен ауыр салмақ. Негізінде, ойлап қарасақ, бізде қарапайым адамдар мен шенеуніктердің математикаға деген көзқарасы әртүрлі. Мысалы, зейнеткерлер тиындарын түгендеп, су, жарық, жылу және газды жаңа бағамен төлеу үшін қандай өнімдерден бас тартуға тура келетінін есептесе, біздің министрлер пайыздарды есептегенді жөн көреді. Сондықтан халықтың қалтасына түсетін салмақ шенеуніктерге аса бір ауыр болып көрінбейді.
Зейнеткер тағы да былай деді:
«Баға көтерілген сайын үнемдеп, жанымыз шығады. Жетпістен асқан шағымызда дәрі-дәрмектен бір, азық-түліктен тағы үнемдейміз. Киім-кешек алуды армандамаймыз да. Қазір қалай аштан өлмеуге болады деп бас қатыратын болдық».
Зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтың қазіргі уайымы – осы. Ал біздің халықтың жағдайын ойлауы тиіс үкімет пен үкімет мүшелері елдің алдына шығып алып мың сан реформаларын тықпалап, «пайыздық көрсеткішіміз өсті» деп есеп беруден жалықпайды. Халықты шошыта бермеуді ойлады ма екен, соңғы кезде еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыров былтырдан бері мемлекеттік қарызды күрт азайту үшін одан Ұлттық банктің қаптаған қарыздарын алып тастауды ұсынып жүр. Қуантыровтың командасы мұндай қитұрқы схеманы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасының арасына қосып та жіберді. Экономика министрлігінің түсіндіруінше, мемлекеттік борыштың құрылымына – үкіметтің борышы, жергілікті әкімдіктердің және Ұлттық банктің борышы кіреді. Сондықтан енді ҰБ-ның тоқтаусыз өскен борышын статистикаға қоспауға тиіс дейді...
Осылайша Қуантыровтың «қулығы» бітер емес, ал Сәтқалиевтің жіпке тізер сәтсіздіктері расымен де жетерлік. Сәтқалиев кезінде «Самұрық –Қазына» қорының басқарма төрағасы да болды. Бірақ ұлттық әл-ауқат қорын экономиканың драйверіне айналдыра алмады. Енді бұл министрдің энергетика саласындағы түйткілдерді шешу қолынан келе қоя ма? Ел әбден шіріген, тесік құбырлармен далаға ағып жатқан ауыз су үшін, бір жанып, бір сөніп, үнемі апаттан көз ашпайтын электр энергиясы үшін, «жылы» деген атына сай ғана, әйтсе де қақаған қыста адам сырт киіммен қалтырап отыратын жылу жүйесін тұтынғаны үшін ақша төлеп келе жатыр. Ал оның бағасы елді одан әрмен қалтырататын түрі бар.