Сатыбалды Шөкеевтің қателігін қайталаған жоқ
Сайлаудан кейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кадрлық ауыс-түйістер, өзгерістер жасап жатыр.
Облыстық әкімдіктегі басқармалар қайта құрылымдалды. Бірқатары бірікті, басқаларының атаулары ауысты. Адами әлеуетті дамыту басқармасы өзінің бұрынғы үйреншікті атауын қайтарып, білім басқармасына айналды. Қоғамдық денсаулық басқармасы құлақ үйренген денсаулық сақтау басқармасы деген атауына қайта оралды.
Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен аудан, қалалардың ай сайынғы рейтингісі жүргізілмек. Рейтинг өнеркәсіп өнімі көлемі, негізгі капиталға салынған инвестиция, ауыл шаруашылығы өнімі, шағын және орта кәсіпкерліктегі өнім, құрылыс жұмыстарының көлемі және пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы сияқты көрсеткіштер арқылы жасалады.
Қарашада облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері Жамбыл облысына барып, «Ауыл тұрғындарының табысын арттыру» жобасы бойынша тәжірибе алмасып қайтқан-ды. Аталған жоба Жамбыл облысында 2019 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей бастамасымен іске асқан болатын. Жобаны Мемлекет басшысы жоғары бағалап, оны өзге өңірлерге таратуға тапсырма берген еді. Дархан Сатыбалды қазір осы жобаны Түркістан облысына енгізіп жатыр. Жалпы, жаңа келген әкімнің қадау-қадау жоба-жоспарлар жасап, жұмысты қызу бастап кететіні белгілі жағдай ғой. Бірақ солардың көбісінің «дүбірлеп басталып, күбірлеп аяқталатыны» жасырын емес. Дархан Сатыбалдының қолға алған бастамаларының қаншалықты баянды боларын уақытында көре жатармыз. Біз тек облыста соңғы кездері болған бір кадрлық тағайындауға тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз.
Жаңа жылға бір күн қалғанда, Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкаға кетіп, аймақ басшысы оның орнына өзінің кеңесшісі Жәнібек Ағыбаевты тағайындады. Келестің атышулы әкімі Ақментай Есбаев туралы «Жас Алашта» бұған дейін де материал жарияланған болатын-ды.
Соңғы жылдары Келес ауданында сыбайлас жемқорлық өршіді. 2020 жылы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бархия Құрманалиев жер беру үшін бір азаматтан 400 мың теңге пара алып, сот үкімімен 12 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесілді. 2021 жылы Келес аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділхан Кенегесов мердігерден 30 миллион теңге пара алуға оқталды деген айыппен 11,3 жылға бас бостандығынан айырылды. Аудандағы қарапайым бөлім басшысының 30 миллион теңге парамен сотталуы көпшіліктің жағасын ұстатты. Осы екі үкім бойынша Ақментай Есбаев сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке отставкіге кету жөнінде арыз берген. Екі жағдайда да Шөкеев Есбаевқа кешіріммен қарап, қызметінде қалдырды.
Бірақ мұнымен Келестегі жемқорлық қылмыстар тоқтаған жоқ. Былтыр Қошқарата ауылдық округінің әкімі Қосай Бекмұратов бюджеттің қаржысын талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімінде әкім мен мердігердің қазынаға келтірген шығыны 7 820 626 теңге деп көрсетілген. Қосай Бекмұртов 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Облыстық соттың апелляциялық алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Осыдан кейін Ақментай Есбаев әкімдерге жүктелген тәртіпке сәйкес отставкіге арыз берді. Бұған дейін отставканың қаупінен екі рет құтылған Есбаев үшіншісінде тұтылды. Дархан Сатыбалды бұл жолы оның берген отставкасын қабыл алды. Есбаев өңірде сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша отставкаға кеткен екінші әкім. Біріншісі, облыстың бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев болатын.
Жалпы, Шөкеевтің кезінде Түркістан облысында бірқатар аудан, қала әкімдері қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін отставкіге арыз берді. Бірақ Шөкеев олардың бәріне кешірім жасап, түрлі тәртіптік шаралар қабылдап, қызметінде қалдырды. Осындай кешірім алған шенеуніктердің бірі – Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов былтыр ақпанда 100 мың долларға жуық пара алуға оқталды деген күдікпен ұсталып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үкім күшіне енген соң, Шөкеевтің өзі отставкаға арыз берді. Тамызда президент Шөкеевтің отставкасын қабыл алды.
– Қазір нәтижені сөзбен емес, нақты іспен көрсету керек. Ең бірінші кезекте, қоғамды дамытуға кері әсерін тигізіп отырған сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі тиіс. Егер осы мәселеден кемшілік жіберсе, қандай мықты әкім болса да, жұмыстан кетеді, – деді Дархан Сатыбалды жуырда Сауран ауданына жаңа әкім тағайындау барысында.
Ал Сатыбалдының сыбайлас жемқорлыққа қатысты ұстанымына қаншалықты берік болатынын тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық.