Саудакентте 400 млн долларға сода өңдейтін зауыт салынбақшы

Бүгінде нарық заманы әрбір басшыдан мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етеді. Жетістікке жету үшін ең алдымен өзгеріске, жаңалыққа тез бейімделе алуы керек. Ал бейімделе алмайтын адамдардың жетістікке жету ықтималдылығы қалай десек те төменірек болары сөзсіз.
Басшы азаматтардың әрқайсысының адал және тиімді жұмысы ғана мемлекетіміздің қалыптасуына, дамуына әсер етеді. Әр дәрежедегі әкімдер халықтың шынайы ой-пікірін, өмір сүру деңгейін, халыққа не керек екенін жоғары жаққа еш бүркемесіз жеткізе отырып, халықтың шынайы демократиялық бағыттағы саяси жұмыстарын жүргізе алғанда ғана елде тұрақтылық болады. Яғни ел мүддесінің үдесінен шығуды алдымызға мақсат ретінде қоя алсақ, әркім өзі қызмет етіп жүрген елдің де келешегі жарқын. Ал бізде «бәрі жақсы» деп мансаптары үшін өтірік есеп беру – түбі жақсылыққа әкелмейді. Есеп үшін, өзін көрсету үшін тек қағаз жүзінде жұмыс жасауды тоқтату керек. Бүгінде көпшілік болашақта үкіметтен қорытынды шешімдер қабылдауды, елді қиындықтан құтқаратын сауатты топ-менеджерлер қалыптастыруды талап етуі бекер емес. Шын мәнінде халыққа аздап қана қаржы беріп, жағдайды сырттан бақылап, жоғарыға «барлығы орнында» деп есеп беретін әкімдер емес, қиын сәтте елді нақты істерімен қолдап, оған қамқор болуға қабілетті, кез келген ахуалға бейімделіп, жедел шешім қабылдайтын менеджерлер легі керек болып тұр. Сондықтан жаңаруды, жаңаша ойлап үйренуді, ойын жаңаша жүзеге асыруды әр басшы өзінен бастауы керек. Әрине, адам болып өмірге келу – азамат болып қалыптасу, сондай-ақ өзің өмір сүріп жатқан қоғаммен халықтың тұтқасына айналу оңай емес. Адам болудың басты көрінісі – өңмеңдеген өзімшіл болмай ең алдымен елдің елдігін ойлау, жұрттың жоғын жоқтау, халық үшін қызмет қылу. Осы ниетті көбі көп бос сөзбен емес, іспен, қызметпен көрсету. Осы тұрғыдан алып қарағанда әр өңірде сол өлкенің тұғырлы тұтқасына айналып, еліне аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар аз емес. Соның бірі – Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылдық округінің әкімі Мейіржан Өксікбаев. Өз басым осы ауылда туып өскендіктен ауылымыздың өркендеп жатқанын көріп, аудан, ауыл басшыларымен пікірлесеміз. Әр айды, тоқсанды, алты айды, жылды қалай қорытындылағаны туралы әңгіме өрбітеміз. Әкім жергілікті тұрғындармен жұмыс жасайтын болғандықтан, көп дүние соларға байланысты. Халықтың өзі сайлаған әкім қалай жұмыс істеп жатыр? Осы орайда ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы кеңірек білу үшін округ әкімін сөзге тартқан едік. Ол көптеген мәселелерді тарқатып айтып берді. Алты мыңнан аса халық тұратын ауылдық округтің инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Соңғы жылдары Саудакент ауылында көп жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып, оның игілігін ел көруде. Ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған, тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін көше жолдарын жөндеу, жарықтандыру, су құбырын жүргізу, аулаларды абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын салу, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асуда. Жол болсын, жарық болсын, т.б мәселелер барлығы жоспарланған. Кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілетін болады дейді округ әкімі. «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасына берілген несиелерді ауыл тұрғындары тиімді пайдаланып отыр. Нәтижесінде, пилоттық жоба аясында жеке кәсіпкерлердің саны көбейіп, қосымша өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны артты. Тұрмыстарын түзеуге берген барлық қолдау-көмекті тұрғындар өте тиімді пайдаланып отыр. Дүкен сөрелеріндегі әлеуметтік маңызы бар, мемлекет бекіткен шекті бағаны сақтау – әкімнің жіті назарында. Сонымен қоса ауданда инвесторлар тарту арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеп, тиімді әлеуметтік жобалармен жұмыс істеу ұсынылған. Өйткені халықтың жағдайын жасау елге келіп жатқан инвесторларға қойылатын талаптардың бірі.
Бүгінде Саудакент ауылындағы Сорбұлақ өңірінен Түрік компаниясы сода өндіруге лайықталған зауыт салмақшы. Жобалық құны – 400 млн АҚШ доллары. Ол бойынша 1300 жұмыс орнын ашу көзделуде десек, негізінен жұмысқа 1000-ға тарта жергілікті тұрғындар тартылмақ. Бұл зауыт Саудакент өңірінде орналасқандықтан ауылдың әлеуметтік экономикалық дамуына үлкен септігін берері сөзсіз. Жуырда аудан әкімі аталған компанияның өкілін қабылдап, кездесу барысында ауыл тұрғындарының жағдайын жасауға бағытталған түрлі жобаларға атсалысу туралы жұмыстар талқыланды. Екі жақты келісім ауылдың дамуына жаңа мүмкіндіктер беретіндігі сөзсіз. Нәтижесінде, инвесторлар Саудакент ауылындағы Орталық стадионды қайта сатып алуға 11 миллион теңге қаржы аударды. Кезінде бұл стадион жекешеге сатылып кеткен. Ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған, тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келген мәселенің шешіліп жатқанына ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдіруде.
Барлық мәселеге дер кезінде құлақ асып, халықтың мұң-мұқтажымен жұмыс істеу, сонымен бірге жастар саясаты, халықтың жұмыспен қамтылуы мұның бәрі – кезек күттірмейтін, бір-бірімен тығыз байланыстағы, бір-бірінсіз алға баспайтын бағыттар. Барлық саланы қатар, тең ұстай білгенде ғана жұмыс нәтижелі болады. Дегенмен әлі де алда талай атқарылатын шаруалар аз емес. Осындай қиын кезеңде жауапкершілік жүгі ауыр екенін есте ұстап, халыққа түскен ауыртпалықты бірге бөлісіп, елге қалтқысыз қызмет атқарған орынды емес пе?
Мұрат Өтебайұлы
Сарысу ауданы
Жамбыл облысы