Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:34, 26 Қараша 2023

Саясат Нұрбектің жетілмеген жобасы және миллиардтар

Саясат Нұрбек
Фото: из открытых источников

«Жас Алашта» (№86, 26 қазан) «Coursera қазақ тілінде» жобасы туралы мәселе көтерілген. 2012 жылдан бері 124 миллионнан астам қолданушы жинаған Coursera платформасының каталогында 10 мыңға жуық курс бар екенін, оның дені ағылшын тілінде екенін айттық. 

Осы сабақтарды қазақшалауы тиіс жобаға бөлінген қаржы мен оның берер нәтижесі, студенттерді мәжбүрлеп оқыту мен аударма сапасы да сөз болды. Мақала жарияланған күннің ертеңіне аталған жобаға жауапты BMG UpSkill компаниясының өкілдері хабарласып, келіспейтін тұстары бар екенін, өздері ақпарат бергісі келетінін айтты. Біз келісім беріп, сауалдарымызды жолдадық.

Сонымен, бірінші мәселе – жұмсалған қаржы. 654 курс қазақшаланады деп жоспарланса, соның 100-і аяқталып, платформаға жүктеліп қойған. Осы 100 сабақ пен 19 300 студентке шақталған тегін лицензия еліміздегі 25 өңірлік жоғары оқу орнына үлестірілді. Аталған лицензиялар үшін «Қазақстан халқына» қоры 2 млрд 460 млн теңге бөлген. Ол туралы қордың 2022 жылғы есебінде көрсетілген. Бірақ онда жалпы жобаға қарастырылған қаражат көлемі жазылғанымен, мақсаты мен қайда жұмсалатыны нақтыланбапты. Сондықтан біз 100 сабаққа аталған соманың көп екенін айттық. Сөйтсек, бұл қаражат сабақты аударуға емес, 19 310 студентке арналған лицензияға жұмсалыпты. Ал сабақты аударуға мемлекеттен де, басқасынан да бір тиын алмадық, өз қаражатымызға аудардық, платформаны да өз қалтамыздан жасап отырмыз дейді BMG UpSkill өкілдері. Біз бірден «Егер тек шығын шығатын болса компания неге бұл жобаны өз жауапкершілігіне алды? 100 курсты тегін аудардыңыздар делік, алда әлі 554 курсты қазақшалау ісі бар. Ол да тегін жүргізілмек пе?» деп сұрадық. Олар «иә» немесе «жоқ» деген нақты жауап бермей, тақырыпты басқа жаққа бұрумен болды. Ақыр соңында аудару ісі мен формат жайлы жарты беттік «түсіндірме» жауап жіберді. Осылайша, BMG UpSkill-дің тегіннен-тегін платформа жасап, тегін аударма жасау арқылы кімді жарылқап отырғаны белгісіз күйі қалды.

Ал ғылым және жоғары білім министрі жоспардағы 654 курстың қалған 554-ін тағы тегін аудартамыз деп отыр ма белгісіз, жақын жылдары лицензия алатын студенттердің санын 100 мыңға жеткізу көзделіп отыр дейді. Енді, 20 мыңға жетер-жетпес орынға 2,5 миллиард кетсе, 100 мың орынға қанша қаржы қажет? Әрі пилоттық кезең аяқталды, енді бұл жоба мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге аспақ. Мұны анықтау үшін, бір лицензияның өзіндік құнын білу керек. Жобаға жауапты компания 12 айға шақталған әр лицензия үшін 99 доллар төленгенін, ал нарықтағы құны 400 доллар екенін айтты. Ал бұлай есептесек, біз алған 19 300 лицензияның құны 1 миллиардқа да жетпей қалады. 2,5 миллиардың қалғаны қайда деп Болат Жәмішев басқаратын «Қазақстан халқына» қорының баспасөз қызметіне хабарластық. Олар 2 миллиард 460 миллион жоспардағы сома екенін, кейіннен оның азайтылғанын айтты. Нақты цифрды көрсетуін сұрап едік, жауап болмады. Алғашында қалған қаржы оқытушыларға арналған лицензияға жұмсалды ма деп ойладық. Өйткені Саясат Нұрбек студенттерден бөлек, оқытушыларға да тегін лицензия қарастырғанын айтып мақтанған болатын. Министр келісімдер негізінде оқытушыларға арналған бір лицензияны 10 доллардан аламыз деген. Алайда әлі бірде-бір оқытушы мұндай мүмкіндікке қол жеткізбеген, лицензия берілмеген. Ал ақшаның қалай, қайда жұмсалғанын айтатын ешкім жоқ секілді, бәрі жасыруға тырысып отырғандай үн-түнсіз.

Келесі мәселе аударманың деңгейі мен сапасыз субтитр турасында. Бұл туралы BMG UpSkill компаниясының атқарушы директоры Әсел Мұхаметжанова былай дейді:

«Жобаның мақсаты – халықаралық білім беру платформасындағы таңдаулы курстарды қазақ тілінде сөйлетіп, қазақстандық оқу орындарының академиялық әлеуетін көтеру. Біз таңдаулы 150 курсты аударып, оның бәрін толықтай дыбыстап шықтық. 50 сабақ орысша, қалғаны қазақша. Аударма ісіне келсек, курстардың бағытына қарай аудармашыларды іріктеп алдық. Мысалы, физика, математика немесе ақпараттық технология бағыттарындағы курстар таңдалса, университеттер, ғылыми институттар мен ірі технологиялық компанияларда қызмет атқарып жүрген тәжірибелі аударма және сала мамандары жұмысқа тартылды. Аударма процесі арнайы Computer Assisted Tool – Smartling, Phrase деп аталатын жүйелерде жүргізілді. Жоба негізінде 9 000-ға жуық жаңа қазақша ғылыми термин жүйеге енді. Сол контенттің негізінде тағы 4 200 курсты жасанды интеллект көмегімен қазақ тіліне аудару мүмкіндігі туды. Осы ЖИ арқылы аударылған курстар субтитр арқылы беріліп отыр. Иә, олардың сапасы керемет емес шығар. Бірақ оған жауапты біз емес. Біз тек өзіміз аударған 150 сабаққа жауапкершілік аламыз. Ал ЖИ арқылы аударылған курстардың меншік құқығы Coursera платформасына тиесілі және аударма Coursera Inc тарапымен әзірленеді».

Субтитрдің сапасы сын көтермейтінін алдында да айттық, ал дубляждалған сабақтар қаншалықты түсінікті? Ол туралы студенттердің өзінен сұрадық. Аты-жөнін көрсетпеуімізді сұраған 4 курс білімгерінің сөзінше, Python программалау тілі бойынша оқыған курсы дубляж нұсқасында болған. «Дыбысталуы синхронды, жақсы. Бірақ айтылып жатқан сөздер түсініксіз. Орысшасы түсініктірек секілді», – дейді ол. Тағы бір 3 курс студенті аудармадағы ғылым тілінің ауыр екенін, тыңдаған құлаққа түсініксіз екенін жеткізді.

Сөйтсек, біз тілдескендердің ғана емес, көпшіліктің пікірі осындай екен. Бұл туралы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің оқу әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Әнуарбекқызы:

«Студенттер аударма нашар, тыңдап отырып түсіну қиын, әсіресе физика, ақпараттық технологиялар жағынан орысша оқыған түсініктірек деп жүр», – дейді.

Яғни жоба авторлары қызғыштай қорып отырған аударма әлі де жетілдіруді қажет етеді. Көз жеткізу үшін сабақтың үзіндісін тауып алып, қарадық. Деңгейі соншалықты төмен емес, дегенмен курстың мақсаты қазақша сапалы ғылыми контент ұсыну болғандықтан, әлі де естіген құлаққа жағымды, қабылдауға жеңіл нұсқалар жасауға ұмтылыс керек. Курс сонда ғана студенттерге ыңғайлы, пайдалы болмақ.

Мейлі, алда аударма сапасы түзеліп, 100 мың балаға лицензия беріледі делік. Одан келіп-кетер пайда қандай? Негізі мұндай онлайн курстар университет ғимараттарындағы орын тапшылығы мәселесін шешудің бір нұсқасы. Ал Coursera-ға келсек, ЖОО-лар өз бетінше білім бағдарламасы мен академиялық күнтізбеге сәйкестігіне қарап, оқу бағдарламасы мен міндетті кредиттерді ескере отырып бірнеше курстың топтамасын бекітеді. Студент оны онлайн платформада оқып, семестрлік білімді сонда ала алады. Саясат Нұрбектің осылайша оқу ғимараттарындағы орын тапшылығы мәселесін ішінара шешемін деген үміті бар сияқты. Бірақ ол бір нәрсені ұмыт қалдырыпты: курсты оқу бар да, ол білімді бағалау бар. Семестрлік сабақты сонда оқыған студент, семестрлік бағаны да платформадағы көрсеткіш арқылы алатыны анық. Ал ондағы тесттердің сиқын айттық. Оны қайта-қайта кіріп тапсыруға болады, демек, өтірік балл, жалған баға, сапасыз білімге жол ашық.

Бұл туралы да платформаның техникалық қызметтеріне жауапты BMG UpSkill-ден сұрадық. Олар: «Барлық тестті бірнеше рет тапсыруға болады. Кейбір курстарда студент материалдарды қайтадан қорыта алуы үшін тест тапсырудың белгілі бір уақыт аралығы белгіленген. Көп курсты қайта тапсыру мүмкіндігі келесі 8 сағаттан соң ғана беріледі және мұндай мүмкіндік саны 3 реттен аспайды», деп жауап берді. Көріп отырғандарыңыздай, олар да тесттің қалай болса солай өтетінін жоққа шығарып отырған жоқ. Ал енді студенттер лекцияны көрмей-ақ, ақпаратты меңгермей-ақ пәннің семестрлік балын ала беретін болса, болашақ кадрлардың сапасын өз қолымызбен құрту болып шықпай ма бұл? Бұл туралы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Жұмабекұлынан сұрадық. Ол:

«Егер дәл осы қалпында бағалай берер болсақ, академиялық әділдік болмайды. Себебі курсты бірнеше рет тапсыруға мүмкіндік бар. Студенттер бірінші тесттен сұрақтардың дұрыс жауабын қарап алып, екінші рет тапсырады да, жоғары балл алады. Одан бөлек, прокторинг те, бейнені, экранды, дыбысты бақылайтын басқа бақылау да жоқ. Соның әсерінен академиялық әділетсіздік орнау ықтималдылығы жоғары», – дейді.

Міне, дәл осы себептен университеттер жобаны толыққанды пайдалана алмайды. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті бұл курстарды тек қосымша ретінде пайдаланып отыр. Университеттің онлайн білім беру бөлімінің басшысы Светлана Темірханқызының айтуынша, жобаны қолданудың 4 түрлі моделі бар. Біріншісі, толық академиялық негізде, екіншісі, студенттің өзіндік жұмысы ретінде, үшіншісі, қосымша лекция ретінде, соңғысы емтихан орнына. Оның қайсысын таңдайтынын университет өзі шешеді. Ал қазір тестілеудің бірнеше мүмкіндігіне байланысты Coursera-ны толық академиялық негіздегі жоба ретінде қарастыру орынсыз.

Демек, жоба орын тапшылығын азайтатын деңгейге жету үшін платформа академиялық әділдікті қамтамасыз ете алуы керек. Яғни «Coursera қазақ тілінде» әзірше өз мақсатын орындауға қауқарсыз. Қазақ тілін ғылым тілі етеміз дегендегі аудармаларының деңгейі көңіл көншітпейді, орын тапшылығын шешейін десе бағалау жүйесі дұрыс емес. Ал Саясат Нұрбек жобаның жетілмеген тұстарынан бейхабар болса керек, тағы 100 мың лицензияға мемлекет ақшасын шашпақшы...

Баян Мұратбекқызы