Саясат тақтасындағы нәтижесіз жүрістер
23 желтоқсандаэнергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ақордаға барып, ел президентінеесеп берді.
Бұл қатардағы көп кездесудің бірі емес. Ел экономикасының басты тірегі, сыртқы саудамыздың тең жартысынан астамын ұстап отырған мұнай-газ саласы басшысының жыл аяғындағы есебі өте маңызды. Оның үстіне бұл кездесуде мемлекет басшысы министрге АЭС құрылысын жеделдету қажет екенін айтты.
Кейінгі кезде мұнай бағасы жылдам құлдырап барады. Қазақстанға мұнай бағасының барреліне 80 доллардан төмендемегені керек, ал одан түссе, бюджеттің бүйірі көрінеді. Бірақ 24 желтоқсанда Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бір баррелі 72,80 доллар болды. Яғни Сәтқалиев бас қатыратын проблема аз емес.
Қазақстанның саясат сахнасында мұнай мен АЭС-тен өзге де сұрақ көп. Әсіресе жұрт Қаңтар оқиғасынан кейін пайда болған жаңа Қазақстан арманы қалай жүзеге асып жатқанына баса назар аударып отыр. Өткен 2 жыл үміт отын ұялатып, шынымен жаңа Қазақстан орнап жатқандай әсер қалдырған. 2022 жылы ескі Қазақстанның еркелері ұсталып, түрмеге қамалып жатты. Билік басындағылар 30 жылғы тұманнан тазарғандай түр танытып жүрді.
Ал 2023 жылы сайлау жүйесіне аз да болса өзгеріс еніп, мәжіліске бір мандатты округтерден 30 пайыз депутат сайланды. Шын мәнінде олардың көбі «Аманат» партиясының өкілі болып шыққаны бөлек әңгіме, біз ұзақ жылдар бойы тоң болып қатқан сайлау жүйесінің сәл жұмсарғанын айтып отырмыз. Сондай-ақ былтыр аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда әкім сайлауы өтті. Шенділердің шетел асқан активтерді қайтарып жатқаны жайлы есебі де құлаққа жағымды естілетін.
Шешімі қиыс, тізгіні бос
Бірақ ұлу жылы ұлы істер атқарылған жоқ. Керісінше, жаңа Қазақстан жуасып, бұған дейінгі жүрістерін қайта қарап, «пешканы алып, ферзыны қайтарып» жатты. Мысалы, ескі әулеттің белді өкілі, аса көп көлемде қаржы жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталған экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды биыл күзде шартты жазамен босап шықты.
Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір інісі, билік баспалдағында жылдам өсіріп келе жатқан басты фавориті, Қаңтар оқиғасына дейін ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш те шартты жазамен құтылды. Саптастары түгел сотталып, өзіне «билігін асыра пайдаланды» деген ауыр айып тағылса да, Әбішке ешкімнің әлі келген жоқ. Ал тамызда Қаңтар оқиғасы кезінде ішкі істер министрі болған, ұсталған азаматтарды азаптауға қатысы бар, «билігін асыра пайдаланған» Ерлан Тұрғымбаев шартты түрде 5 жылға сотталды.
Осы үш жағдай саяси жүйе жаңарып, ескі Қазақстанның заңсыз әрекеттеріне қарсы күрес жүріп жатқаны туралы ертегінің біткенін ұқтырды. Егер Сатыбалды, Әбіш және Тұрғымбаев ұзақ жыл түрмеге қамалса, халықтың жаңа Қазақстанға деген сенімі нығая түсер еді. Бірақ билік жұрттың сенімінен шығуды емес, көнекөздердің көңілін табуды жөн көрген сияқты.
Көпшілікті қазақ билігінің тым ресейшіл ұстанымы да қатты алаңдатып отыр. Астана «халықаралық орыс тілі ұйымын» құруға бастамашы болып, орыс тілін дамытуға қазынадан қаржы бөлгелі отыр. Осыған қатысты заң жобасы мәжілісте талқыланғанда 84 депутаттың біреуі ғана қарсы дауыс берген. Ал 82 депутат бұл ұйымды қолдап, қолпаштап шықты.
Сондай-ақ елде Ресей мектептері мен университеттерін ашу, Мәскеумен бірлесіп ортақ тарих жазу сияқты тым жалтақ шешімдер де көпшілікке ұнаған жоқ. Қарашада Астанада өткен ҰҚШҰ саммитінде Ресей президенті Владимир Путин Украина мен Батыс елдерін ашық айыптап, Қазақстанның соғысқа қатысты ресми позициясына сай келмейтін мінез танытты. Кейін Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, қазір ҰҚШҰ бас хатшысы болып отырған Иманғали Тасмағамбетов соғысқа НАТО-ны айыптап, Путиннің сөзін сөйледі. Осының бәрі Астананың Мәскеуге жақындап бара жатқанын көрсетеді. Бұл еліміздің Батыс жұрты алдындағы сенімін жоғалтып, беделін түсіруі мүмкін.
Көңілге күдік ұялатқан үшінші жағдай – елде сөз бостандығы, саяси еркіндік, митинг өткізу құқығы қатты шектеліп отыр. Белсенділерді қудалау, түрмеге қамау үйреншікті әдет болып барады. Оның үстіне елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да мәз емес. Теңге құнсызданып, зат бағасы өсіп, халықтың табысы төмендеп кетті. Билік басындағылар бұл проблемаларды шешудің жолын әзірге таба алған жоқ.
Ішкі саясатта өзгеріс жоқ
2024 жыл сыртқы және ішкі саясат үшін күрделі жыл болды. Геосаяси жағдай ушығып тұрғаны екібастан белгілі, одақтастар мен көршілердің көңілін тауып, көпвекторлы саясатпен «апамнан да құтылдым, атамнан да құтылдым» деп жүре беру қиындаған үстіне қиындап келеді. Ал іште қазіргі билік ескі Қазақстанның белді өкілдеріне тісі батпай, бұралаң жолмен баяу жүріп келе жатыр.
Жыл басы белсенді саяси жүріспен басталғандай көрінген. Ақпан айының басында премьер-министр ауысып, үкімет жаңарды. Қаңтар оқиғасынан кейін тізгін ұстап, 2 жыл бойы бар мен жоқтың арасында уақыт өткізген Әлихан Смайылов орнын антикорды басқарған, Ақордада жұмыс істеген Олжас Бектеновке босатып берді. Билік үкімет басына Бектеновті қойып, күтпеген шешім шығарғанымен, министрлер кабинетін жасақтауда ескі тәсілді таңдады. 21 министрліктің төртеуінде ғана басшы ауысты. Ал қалғаны өз орнын сақтап қалды.
Мұндай өзгеріспен үкіметтің жұмысын жақсарту мүмкін емес екенін сарапшылар сол кезде-ақ айтқан. Осы болжам расқа айналды, ел үкіметі баяғы мимырт жүрісін жалғастырып жатыр. Бір ғана өзгеріс – Бектеновпен бірге келген 4 жаңа министрдің бірі, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жылы креслосын жыл толмай жатып босатты. 21 желтоқсанда оның орнына вице-премьер Серік Жұманғарин жайғасты.
Бектенов үкіметі наурыз-сәуірде елдегі ауыр су тасқынымен күресіп, сынақ тапсырды. Олар бұл емтиханнан «5» алмағаны анық, бірақ өздері жол берген кемшілікті өздері түзету үшін шама-шарқынша күресіп бақты. 1 премьер, 6 вице-премьер және 21 министр жүріп селдің бетін қайтара алмай, сумен күрескіш «супермен» ретінде Қаңтар оқиғасынан кейін көзге көп түспей кеткен Қанат Бозымбаевты көмекке шақырды.
Осыдан кейін Әлия Назарбаеваны 21 жыл бұрынғы рейдерлігі үшін айыптаған кәсіпкерді, «кенже қыздың» Қарағандыдағы утилизация жасайтын зауытына таласты, бұрын Әлияның «жеке бизнесі» болған утиль алымын өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаевтың жан сала қорғағанын айтпағанда, саясат әлемі біраз уақыт өлі тыныштыққа шомды. Тек маусым айында 18 жылға сотталған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов президенттен кешірім сұрауға талпынып, жұртты бір шулатты. Қаңтар оқиғасына басты кінәлі ретінде аталған адамның түрмеде 2 жыл отырмай жатып, кешірім сұрауға ұмтылғаны бұл тарапта да «келісімдер» болғаны ма деген күмән тудырған. Әзірге тыныш.
Ал ала жаздайғы жырымыз АЭС жайы болды. Сәтқалиев бастаған министрлік өңірлерде АЭС-ке қатысты қоғамдық талқылау өткізген. Бірақ бұл шара қоғамдық талқы емес, қолдау акциясына ұласып, шенділер АЭС-ті біржақты мақтап, оның кемшілігін айтқандарға түрлі кедергі мен қысым жасады. Ал қазанда өткен АЭС салу жөніндегі референдумда Қазақстанда қалыптасқан сайлау тәсілі салтанат құрды. Билік өзіне қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін барын салып, соңында ел азаматтарының 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады деген қорытынды шығарды.
Қараша айы Қазақстан билігі үшін қарбаласқа толы болды. Алдымен Украина мен Ресей соғысының ушығуына байланысты қауіпсіздік шарасын күшейтеміз деп әуреге түсті. Кейін мемлекеттік сапармен келген Путинді күтіп алып, ҰҚШҰ саммитін өткізді. Ал желтоқсанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев және оның отбасы мүшелерінің жеке өмірі мен денсаулығы жағдайын мемлекеттік құпияға жатқызу жөніндегі заң талқыға түсті. Жұрт Назарбаевтың қайта артықшылыққа ие бола бастағанына наразы болды. Осы кезде оның Мәскеуге барып, Путинмен кездесуі отқа май құя түсті.
Халықаралық қатынастар қалай өрбіді?
2024 жылы Қазақстан ШЫҰ, ТМҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК, ХАҚҚ сияқты халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Астанада ШЫҰ мен ҰҚШҰ жиыны өтті. Мұның бәрі Қазақстанның сыртқы саясатта белсенді геосаяси ойыншы ретінде көзге түскісі келетінін білдіреді. Бірақ түрлі ұйым мен одаққа мүше болып, солардың шашбауын көтере беру ұлттық мүддемізге зиян келтіруі мүмкін. ҰҚШҰ-ның ұстанымы мен жұмыс бағыты осыны анық көрсетіп отыр. Бұл ұйымның одақтас елдерді Ресей ашқан соғысқа араластыру ниеті бар болуы мүмкін.
Биыл Қазақстанға бірнеше мемлекеттің басшылары іс-сапармен келді. Мысалы, Германия канцлері 14 жылдан кейін алғаш рет біздің елге ат басын бұрды. Олаф Шольцтен бөлек Астанаға Садыр Жапаров (Қырғызстан), Юн Сок Ель (Оңтүстік Корея), Си Цзиньпин (Қытай), Эмомали Рахмон (Тәжікстан), Ильхам Әлиев (Әзербайжан), Ухнаагийн Хурэлсух (Моңғолия), Дени Сассу-Нгессо (Конго), Шавкат Мирзиеев (Өзбекстан), Ваагн Хачатурян (Армения), Владимир Путин (Ресей), Умару Сисоку Эмбало (Гвинея-Бисау) қатарлы президенттер келді. Сондай-ақ БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришті қарсы алдық.
Ал Қазақстан президенті Италия, Ватикан, Катар, Татарстан, Әзербайжан, Қытай, Өзбекстан, Армения, Ресей, Сингапур, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Франция, Сербия және Венгрияға ресми сапармен барды. Осы кездесулердің бәрінде сауда-экономикалық және саяси байланыстарды нығайтуға негіз болатын келісімдер жасалды.
2024 жылы елімізде өткен саяси іс-шаралар:
15 наурызда Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті.
4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының отырысы өтті.
9 тамызда Астанада Орта Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативті кездесуі өтті.
2 қыркүйекте Қазақстан президенті дәстүрлі жолдауын жариялады.
6 қазанда Атом электр станциясын салу жөнінде референдум өтті.
28 қарашада Астанада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммиті өтті.
Қуаныш Қаппас