Саясаткер Қосановтан ақын Қосановқа дейін. Жазушылар Одағына кімдер мүше болды?
Жақында Қазақстан Жазушылар Одағына 9 адам мүшелікке өтті. Оның құрамында Әміржан Қосанов та бар деген хабарды естіп, мәселенің анық-қанығын білу мақсатында саясаткердің өзіне хабарластық.
Әміржан Қосановтың айтынша, ол Жазушылар Одағымен қатар ПЕН-клубқа да мүшелікке өткен.
60-қа тақаған жасымда өзімді лайықты деп санап, өтініш жаздым
«Өйткені мен жастайымнан өлең жазатыным бар еді. «Жалын», «Жұлдыз», «Таңшолпан» журналдарында, «Қарлығаш» жинағында бір топ өлеңдерім жарық көрген. Публистикам бар дегендей… Оның үстіне кезінде құрған «Жаңа Қазақстан» қозғалысымызды тіркемеді. Ресми, саяси қызметпен айналысатын мінбе жоқ. Сондықтан қолымда қаламым бар, соны пайдаланамыз, жазамыз. Пен-клубқа мүше болғам себебім, бұл клуб сөз бостандығын қолдайды. Соның ішінде қудалауда жүрген журналистерге көмек көрсетеді», — дейді ол.
Әміржан Қосанов шығармашылықпен баяғыдан айналысатынын, өткен ғасырдың 80-жылдарында ЖО-та өлең оқығанын айтты.
«Сол кездері Жазушылар Одағынан шықпайтын едік. Өлең оқитынбыз. Ақсақалдардың батасын алдық. 60-қа тақаған жасымда өзімді лайықты деп санап, өтініш жаздым», — дейді саясаткер.
Ол ақын ретінде өлеңдерінің жиналып қалғанын, алдағы уақытта кітап етіп шығаратынын жеткізді.
«Ескі Қазақстан кезінде жазылған өлеңдерім ащылау ғой. Жаңаөзен, Желтоқсан… жалпы айтқанда әлеуметтік лирика жаздым. Кейде билік, жемқорлық, сайлау тақырыбында да қалам тербедім. Ескі Қазақстан кезінде оны ешкім басып шығармайтын. Жаңа Қазақстанда көреміз енді, уақыт керек, жинақтау қажет. Бәрі ретімен болып жатса кітап етіп бастырамыз», — дейді Әміржан Қосанов.
Алтынбек өлтірілген уақытта қырқына барып, өз өлеңімді оқыдым
Саясаткер бұрын «Қажегелдиннің қажетті қағидасы» атты кітап жазғанын, бірақ аталмыш туындыны ҰҚК қудалап, жоқ еткенін айтты.
«Оппозиция жүрген кезіңде кітап шығара алмайсың. Ешқандай баспа келіспейді. Енді көреміз. Алдағы уақытта қай жер жарыққа шығарады, сол жерге шығармаларымды беріп тұрамын. Ал кітабыма уақыт керек, бастысы өлеңдерім бар ғой. Қиын кезде, Алтынбек, Заманбек кезінде бәрі үндемей қалған еді. Мен ғана жаздым. Алтынбек өлтірілген уақытта қырқына барып, өз өлеңімді оқыдым. Сол өлеңдер тарихта қалады. Ол үшін міндетті түрде мемлекеттік баспадан шығару керек емес қой. Халық санасына митинг арқылы да жеткен туындыларым бар», — дейді саясаткер-ақын.
Қазір барлығы Назарбаевты жамандап айтып та, жазып та жатыр
Ақын-саясаткер Назарбаевті қазір емес билікте сынау керек еді дейді.
«Темірді қызған кезінде соқ» дейді. Қазір барлығы Назарбаевты жамандап айтып та, жазып та жатыр ғой. Біз оны билікте отырғанда сынадық. Рахат Әлиевті де айттық. Алтынбек пен Заманбекті өлтірген кезінде де біз шығып сөйледік. Сондықтан, «ақсақ қой түстен кейін маңырайды» дегендей қазір емес, уақытында айту керек еді. Мен сол уақытында айттым, жаздым. Менің саяси-әлеуметтік лирика өлеңдерімнің датасын қарасаң сол уақыттар жазылып тұр. Біз ғана қорықпай, қаймықпай айттық. Олардың жай ғана емес, қоғам, халық үшін қаза тапқанын жеткіздік. Жаңаөзен оқиғасы кезінде ертеңіне өлең жаздым», — дейді ол.
Jas Alash порталы кімдер мүшелікке өткені туралы Жазушылар Одағына сұрау салды. Одақ төрағасының орынбасары, мүшелікке қабылдау комиссиясының басшысы, ақын Қасымхан Бегманов алда нақты жауап беруге уәде берді.
Әміржан Қосанов: «9 грамм»
Шенділерге көрмепті ұнап Ақын,
Ақиқаттан асатын жоқ ізгі ұран!
Алпамсадай адамды құлататын
Оқ салмағы небәрі 9 грамм!
Ұлтсыздар жүр жамылып Ұлттың атын,
Сырты бүтін, түтін-ді — сол ішкі мән!
Ел тарихын бір сәтте күрт бұратын
Оқ салмағы небәрі 9 грамм!
Келер ұрпақ бәйгеден қалыспады,
Ақтарар ол құпияның дорбасын мың!
Алтын басты алаштың арыстары
Құрбаны боп кетті ғой қорғасынның!
Тірісіңдер, еске алар Халық барда,
Қайталаймын заманның ізгі ұранын:
Қорғасыннан мерт болған алыптарға
Мен алтыннан ескерткіш тұрғызамын!
Қайда кетті қазақтың қаһар шағы?
Шалқайып жүр шонжарбас шіріктері!
Көздеп, дәлдеп тасадан тапаншаны
Кім басады ажалды шүріппені?
Жүзі қара жауыздар күйрейді әмсе,
Келер ұрпақ қояды сан сұрақты!
10 грамға жетпейтін түйдей нәрсе
10 миллион қазақты қансыратты!
Құлазыған қуады құба белді,
Жарық фәни құпиясын соқыр ашқан!
Ескі әдіспен жығады Құлагерді
Заманауи Батыраш, Қотыраштар!
Қанға бөкті қолдары құрансыздың,
Арамзалар адалды бек тежеді.
Қайда кеттің дуэлі француздың,
Қазағымның қайдасың жекпе-жегі?!
Кім ұғынар көңілі алаңдыны?
Қарабеттің мойнында ортақ қарғың!
Қарақ жасау жамылып қараңғыны -
Қалыптасқан қадеті қорқақтардың.
Куәсі боп тарихи сын көштердің,
Тірі менен өліні тоғыстырам!
9 грамм жұмсаған қылмыскердің
Жетеді екен түбіне 9 грамм!
Өмір өзі озбырды оқшаулады,
Жайсаңдарды шығарып қол басына.
Кейде 9 грамдай оқ салмағы
Татиды екен бір атом бомбасына!
Жарамсақтық — жаныма жат ұстаным,
Зар заманның зауалын зеңгір еттім!
Тапаншадан басталған атыстарың
Дүмпуіне ұласар зеңбіректің!
Заман сотын мен әлі құрам әлі,
Дала бүгін қаһарлы, тау — ызғарлы.
9 грамм салмақты күнәлары
Жермен жексен етеді жауыздарды!
Қараңғыдан құтқарар жарық дер ем,
Алшаң басам жұртымның дүр бағында.
Аман-есен жүрермін Халық деген
Оқ өтпейтін қалқаным тұрғанында!