Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:48, 11 Сәуір 2023

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – тәуелсіздіктің арқасы

None
None

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу елімізде әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Соған орай, мемлекетімізде қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты өңір-өңірлерде арнайы комиссия құрылып, олардың тарапынан жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтсақ, комиссия тарапынан биыл бірнеше томдық кітаптар шығарылды. Сондай-ақ халыққа жетпеген тың деректердің біразы табылып, аталмыш том-том кітаптарға енгізілді. Сондай-ақ комиссиядан бөлек, саяси қуғын-сүргін құрбандарын жас ұрпаққа таныстыру мақсатында жастарды «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейіне экскурсияға апару жұмыстары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Атап айтсақ, жуырда ғана әл-Фараби аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Біргеміз – Асыл мұра» жалпыұлттық жобасы аясында жастар «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейіне экскурсия жасады. Ондағы басты мақсат – болашақ ұрпаққа еліміздегі белгілі орындар, тарихи мекендер мен ұлттық руханиятымызды кеңінен насихаттау болып табылады. Одан бөлек, жастарға тарихта болған оқиғалар мен КарЛАГ тұтқындары туралы әңгімелер, музейде орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарының түрлі кезеңдегі тарихы баяндалды. Енді «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейіне тоқталсақ, бұл музей еліміздегі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға арнап ашылған тұңғыш мекеме. Музейде он алты мың құжат жиналған. Және қуғын-сүргінге ұшыраған төрт мың елу жеті адамның тізімі енгізілген.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы аясында еліміздің біраз өңірінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөнінде жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе Түркістан облысының өңірлік комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес, өңірлік мемлекеттік архиві қызметкерлерімен баспа басылымдарын шығару жоспарлануда. Яғни онда 1928-1935 жылдардағы ұжымдастыру, байлардың мал-мүлкін тәркілеу, отырықшыландыру мәселелері мен 1928-1931 жылдардағы Сырдария аудандық атқару комитетінің қорындағы құжаттарында 1928 жылдары қыркүйекте басталған байлар мен кулактардың мүлкін тәркілеу кезінде комиссиялар құрылып, округтер бойынша уәкілдер тағайындалғаны жөнінде мәліметтер жинақталған. Дегенмен бұл деректер аз болғандықтан, әлі де 1930 жылдардағы оқиғалар барысын зерттеу қажеттігі туындап отыр. Сол себептен, ағымдағы жылдың 27-31 наурызында Түркістан облысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірлік комиссия мүшелері Айдын Кеңесбайқызы, Халима Кичкембаевалар Қазақстан Республикасы Орталық архивінде, орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архивінде, орталық ғылыми-техникалық құжаттама архивтерінде болып, көптеген құнды ақпараттар жинап, зерттеу жүргізуде.

Ал өзге де өңірлік комиссиялардың жұмысына тоқталсақ, дәл осындай зерттеу жұмыстары Шымкент облысында да жалғасын табуда. Яғни елімізде әр өңірде құрылып жатқан комиссия жұмысының негізгі бағыты – естеліктер мен оқиға куәгерлерінің және олардың ұрпақтарынан, сол оқиғаның мән-жайын білетін адамдардан тың деректерді жинақтау болып табылады. Соған орай, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде қуғынға ұшыраған дәстүрлі діни қызметкерлер мен ишан-молдалардың ұрпақтарымен сұхбат жасалып, «Халық жады» естелік кітабына енгізілетін болды.

Тегтер: