Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:00, 11 Қараша 2023

Сайын Борбасов, саясаттанушы: Билік әділ сайлаудан қорқады

Сайын Борбасов
Фото: из открытых источников

Сайлауда халықтың белсенді болмауына биліктің өзі кінәлі. Себебі сайлауды фалшқа айналдырып жіберді. Осының барлығы Қазақстан халқының сайлауға деген белсенділігін төмендетті. 

Дегенмен кейінгі парламент сайлауында аздап қызығушылық оянды. Оншақты адам парламентке өтті. Оның ішінде оппозицияда жүрген Ермұрат Бапи сияқты жігіттер бар. Содан кейін парламентте де сең бұзылып, халықтың оларға деген қарым-қатынасы өзгере бастады. Меніңше, осындай жағдайлар халықтың сайлауға, парламентке деген сенімін арттырады. Әзірге, халықтың белсенділігі төмен, оны мойындау керек. Енді кеше аудан, ауыл әкімдерін сайлады ғой. Халықтың қатысуы жаман емес сияқты, 64 пайыз деген статистика оқыдым. Бірақ бұрынғы әкімдер қайтадан сайланыпты. Себебі олардың тәжірибесі бар, қолдайтын адамдары көп. Ал тосыннан жеңген адамдар аз екен. Кейбір жерлерде кандидаттар тіркеліп, кейіннен оларды алып тастады. Өкінішті әрине. Бізде дұрыс сайлау өтпей, толыққанды демократия орнамайды. Ал толыққанды демократия орнамайынша, толыққанды қоғам қалыптаспайды. Демократия дейміз ғой, бірақ сол демократияңыз түбінде экономиканы қозғайтын күш. Тең дәрежелік, тең құқық дегеннің барлығы экономиканы қозғайтын күш саналады. Саяси жүйе экономикаға, адамдардың белсенділігіне әсер етеді. Сондықтан біз қазір сайлауға жөнсал қарап жүрміз, ал негізінде сайлаумен ойнауға болмайды. Сайлау шын мәнінде әділетті қоғамның бір тиегі. Сайлау дұрыс өтпейінше, әлеуметтік әділеттік орнамайды. Сондықтан халықтың да талабы күшею керек. Сонда билік жан-жағына қарайды. Кезінде Қаңтар оқиғасында мұнайшылар газдың бағасын түсіріңдер деп талап қойды ғой. Сол сияқты талаптар қойылса, сайлаудың да сапасын жақсартуға болады.

30 жылда біздегі саяси жүйенің табиғатын өзгертіп жіберді. Саяси жүйе тек қана өзінің ішкі мүддесін ғана ойлады. Халықтың, мемлекеттің мүддесі олар үшін екінші кезекке ысырылды. Қандай әдіс-тәсілмен болсын, билікте қалуым керек деп ойлайды. Бұл ең бір жаман қасиет. Сайлау туралы заң бар, олар әділетті орындалуы керек дегенді ойламайды. Қандай қулықпен болсын билікте қалғысы келеді. Ол үлкен ауру, биліктің ауруы.

Біздің билік демократияға үйренбеген. Мысалы, Ердоған қорыққан жоқ. Сайлауға түсті, әрең дегенде 3-4 пайыз артық дауыспен жеңді. Ол ештеңе қолданған жоқ. Тек қана жақтастарымен халық алдында сөйледі. Әділ сайлау заңын орындап шықты. Адал түрде жеңді, енді түрік халқы оны кереметтей құрметтеп, қошеметтеп жатыр. Бізде де солай болуы керек қой. Біздің билік соны әлі күнге дейін түсінбей жүр. Түсінсе де істегісі келмейді. Қорқады. Әділетсіз сайлау өткізу, сайлау заңын бұрмалау, үлкен кемшілігіміз боп тұр. Бұл жөнделмейінше, Қазақстан жөнделмейді. Демократиялық қоғам сайлауды дұрыс өткізуден басталады. Бізде тамыр-таныстық, жемқорлық дендеп еніп кеткен. Аудан әкімі облыс әкімімен байланысы бар, ал облыс әкімі өз адамын өткізуге тырысады. Себебі оған сол пайдалы. Өйткені тәуелсіз кандидат сайланса, облыс әкіміне пысқырып та қарамайды. Ал облыс әкімінің қолдауымен билікке келген шенеунік оған тәуелді. Дегенін істейді, сұрағанын береді. Сондай бір жең ұшынан байланысқан құбылыстар.

Әділетті сайлау өту үшін қоғам тарапынан бақылауды күшейту керек. Әрбір сайлау учаскесінде қоғамдық бақылаушылар отыруы қажет, олар анкетаны санағанда қасында тұруы керек. Тағы бір айтатыны – бізде сайлауды мектепте, колледжде, университтерде өткізеді. Олай болмайды. Мектептің ғимаратын алғанымен, жергілікті ұйымдар бірнеше өкілін сол жерге жіберуі керек. Егер мұғалім жүрсе, директор не айтса сол болады. Директор әкімге бағынышты, әкімдік не айтса директор соны істейді. Олай болмауы үшін сайлау комиссиясының құрамы алдын ала бекітілген кезде жергілікті халықпен келісіп, әрбір ұйымнан бір адам учаскелік комиссияға енуі керек. Сонда ғана әділетті сайлау өтеді.