Сайын Борбасов, саясаттанушы: Біз – еріксіз ойыншымыз
НАТО Ресей мен Украина арасындағы соғыстағы адам шығыны 1 миллионнан асатынын мәлімдеді. Әр апта сайын екі жақтан 10 мыңнан аса адам мерт болып, жарақат алады. Ресей 2022 жылдың қыркүйегінен бері адам шығыны туралы айтпайды. Тек қару-жарақ, техника шығынын хабарлап отыр. 2024 жылдың шілдесінде Путин Ресейдің адам шығыны Украинадан бес есе аз деген. Дональд Трамп Украина әскерінің жарақат алғандары мен қаза тапқандарының саны – 400 мың, Ресейдікі – 600 мың адам деген. Песков Трамптың бұл сөзін жоққа шығарып, өздерінікін аз, украиндықтардың шығынын көп деген. Бірақ ресми статистика келтірген жоқ. БҰҰ-ның гуманитарлық істер бойынша координаторы Дениз Браун Ресей Украинаға басып кіргелі 600-ден аса украиналық бала өліп, 1420 бала жарақат алғанын айтқан. Бұл – жаздағы цифр. Одан бері бұл цифрлар өскені белгілі. Саясаттанушы Сайын Борбасов 30 мыңнан аса украин балалар Ресейдің тұтқыны болып отырғанын айтты.
2024 жылдың саяси, геосаяси, әлеуметтік қорытындыларына келетін болсақ, бұл өте ауыр жыл болды деп ойлаймын. Себебі Украина мен Ресейдің арасындағы соғыс жалғасты. Таяу Шығыста арабтар мен израильдіктердің арасында үлкен трагедиялық соғыс әлі жүріп жатыр. Оған Иран да қосылды. Таяу Шығыс өрттің құшағында отыр. Ондаған мың адам жазықсыз қайтыс болды. Күнделікті 20-30 адам өліп жатыр.
Ал енді мынау бізге Таяу Шығыс алыстау. Бізге ауыр соғып тұрғаны – Украина мен Ресей арасындағы соғыс. Басталғанына үш жыл болып қалды. Украина, өкінішке қарай, өз жерінің 20 пайызынан айырылып қалды. Донецк, Луганск, Запорожье, Белград, Қырым кетті. Мемлекеттің 20 пайыз жерінен айырылуы деген оңай емес. 2014 жылдан бері перманентті түрде Ресей Украинаға қарсы агрессорлық саясатын жүргізіп келе жатыр. Шығын өте үлкен. Ресейдің шығыны ресми деректерге қараған кезде 600 мың адам. Жуырда ағылшынның бір басылымы жазды. Украиндықтар да сол мөлшерде. Олар көбіне қорғанғандықтан одан сәл аз да болуы мүмкін. Бірақ Украинаның бейбіт халқының шығыны көп. 45 миллион халқы бар мемлекеттің 9 миллионынан астам халқы жерін тастап, туған ауылдарын тастап, босып кетті. Украинаның қолға түскен, Ресей алып кеткен балаларының санының өзі 30 мыңның үстінде. Бұл ресми дерек бойынша.
Ал енді Қазақстан бұл соғысқа тікелей араласып отырған жоқ. Бұл өте дұрыс. Әйтеуір батыстың санкцияларына да ұшыраған жоқпыз. Бір-екі компанияға қауіп төніп еді, олар да аман қалды. Бірақ Ресейге Қазақстан арқылы біраз дүниелер барды. Чиптер, әскери өндіріске қажетті құрал-жабдықтар, қару-жарақты айтпай-ақ қояйын. Қытайдан, Ираннан келген дүниелер Қазақстан арқылы жетіп жатты. Батыстың өзінен электрондық құралдар сатып алып, Ресейге қарай өткізіп жаттық. Батыс ол жағынан Қазақстанға шүйлікпеді. «Ресейге жасырын көмектесіп жатсыңдар» деп айыптамады. Бірақ шет-жағасын шығарды. Бізге ескертулер де жасады. Сыртқы істер министрліктері ескерту жасамағанымен, жекелеген саяси тұлғалар айтты. Бізге Шольц те, Макрон да келді. Олар президентке жеке ескерту жасаған шығар деп ойлаймын. Біз еріксіз ойын жүргіздік. Кей жағдайда еріктен тыс Ресейге көмектесуге мәжбүр боламыз. Өйткені Ресеймен біздің 7793 шақырым ортақ шекарамыз бар. Біздің бес облысымыз Ресеймен шектесіп жатыр. Осындай жағдайда біз қалай Ресейден кетіп қаламыз? Кете алмаймыз. Біздің басымызға жазған тағдырымыздың бір тауқыметі Ресеймен көрші болғанымыз. Көршіні таңдай алмайсың ғой. Сол шекараны сақтап, жеріміздің тұтастығына ие болып, оны қорғау әрбір азаматымыздың міндеті деп ойлаймын. Сондықтан Ресеймен белгілі дәрежеде ұдайы жақсы қарым-қатынас сақтауға мүдделі боламыз. Бүгінгі ұрпақ, келесі ұрпақ осыны түсінуі тиіс. Бұл тағдырлы мәселе. Онсыз болмайды. Бізде айғайшылдар көп. Біз Ресейге қолымызды бір сілтеуіміз керек, онымен санаспауымыз керек деп жатады. Қалай есептеспейсің? Экономикаң тәуелді болса, шекараң ортақ болса, қайда барасың? Әлемде ешқандай мемлекеттердің арасында осынша ұзын ортақ шекара жоқ.
Әлемдік геосаяси қарым-қатынастарды түбегейлі өзгерістер болайын деп жатыр. Дональд Трамптың билікке келуі көп дүниеге ықпал етеді. Ол Ресей мен Украина арасындағы соғысты, Таяу Шығыстағы соғысты тоқтатамын, әлемде бейбітшілікті сақтауға үлкен үлесімді қосамын деп айтып отыр. Трамптың бір ерекшелігі – батыл адам. Байден сияқты, Харрис сияқты аңдып аяғын баспайды. Қазақша айтқанда, Дональд Трампта мәрттік бар. Ол бизнестің адамы. Қауіп-қатерге қарамай, тәуекелге баратын адам. Сондықтан ол Путинге де, Зеленскийге де үлкен ықпал жүргізіп, соғысты тоқтатуға күш салады. Президенттікке сайланар алдында бұл ниетін нақты айтқан. «Жылдам тоқтатамын» деген. Қаңтар айының 22-сінде инаугурациясы болады. Содан кейін әрекетке нақты кіріседі деп ойлаймын.
Ал оның қолында қандай тетік бар? АҚШ Украинаға жыл сайын 61 миллиард доллар ақша беріп отыр. Үш рет берді. Украинаның қарулы күштерін, инфраструктурасын қолдауға. Осы ақша тоқтап қалса, Украинада күш қалмайды. Еуропа АҚШ-тың берген көмегін бере алмай отыр. АҚШ әлемдегі экономикалық жағына бірінші орында тұр. Сондықтан Зеленский Америкасыз бұл соғысты жалғастыра алмайды. Екінші жағынан Путинге де салынған санкцияларды күшейтіп: «егер соғысты тоқтатпасаң, Украинаға көмекті күшейтемін» десе, Путинге де ойлануға тура келеді. Бұл сөзді де сарапшылардың көбі айтып отыр. Гордон, Фединдердің де сөзі – осы. Олай болатын болса, Путин Трампты тыңдауға мәжбүр болады.
Украинаның ондаған қаласы, жүздеген ауылы тіпті Буча, Бахут сияқты қалаларын қалпына келтіру мүмкін емес. Егер соғыс тоқтаса, Украина халқының алдында экономикалық қиындықтар тұр. 2025 жылдан үмітіміз көп. Ең бірінші бұл соғыс тоқтағаны бәрімізге керек.
Сұхбаттасқан Бағашар Тұрсынбайұлы