«Сайлау науқанында мұғалімдерді сүйрелеу әлі бар»
Серік Зиятов, педагог:
Қазір ұстаздардың мәртебесі біршама жақсарып қалды. Бірақ заң тұрғысынан келсек «Педагог мәртебесі туралы» заңды толыққанды заң деп айтпас едім. Бұл негізінен декларативті нормаға көбірек келеді. Себебі аталған заңның ішіндегі нормалар бұрыннан «Білім туралы заңның» ішінде бар болатын. Бұл жолы шашырап жүрген нормалар бір жерге жинақталды, қосымша аз-маз жаңа нормалар қосылды. Сондықтан да заң сондай ықпалды болды, мазмұнды өзгеріс әкелді деп айта алмаймыз. Мұнымен айтпағым, басын құрап жинақтаған заң қолданысқа енгелі алып бара жатқан бетбұрыс болған жоқ. Ауыз толтырып айтатын бір жаңалық – мұғалімдердің жалақысының артқаны ғана. Оның өзі салыстырмалы түрде әлі де болса посткеңестік, прибалтика елдеріне жетпейді, төмен. Ыңғайы келсе айтатынымыз жалақы, соның өзі бұрынғыдан артқанымен, басқа елдермен салыстырғанда төмен деңгейде.
Ал ұстаздардың жауапкершілігі мәселесіне келсек, мұнда да көп нәрсе өзгерген жоқ. Мәселен, бұрын сайлау комиссиясының құрамында мұғалімдер болатын. Олар бес жылда бір жаңадан жасақталып тұрады. Енді қазір осы процеске қарап отырсақ, әлі де мұғалімдерді сүйреу тенденциясы қалмаған. Құжат жүзінде ерікті дегенмен, мұғалімдер көбіне еркінен тыс келісіп жатады. Бұл орайда педагогтарға моральдық айыптаулар да әсер етеді. Бұл жолы мұғалімдерден ұялатын шығар, комиссия құрамына кіруге мәжбүрлемейтін болар деп едім. Олай емес екен. Мен көріп отырған Сырым ауданындағы жағдай – осы. Бірақ басқа өңірлерде де осының айналасы-ау деп ойлаймын. Себебі жүйе, саясат, әдістер жалпы Қазақстанға ортақ қой. Одан соң сайлауда дауыс беру мәселесін де айта кету керек. Негізі дауыс беру, бермеу әркімнің өз таңдауында. Бірақ мұғалімдерді оған да мәжбүрлейді. Мәселен, өткен референдумда мен басқа ауданда бақылаушы болып отырсам, мұғалімдер чатында сол кездегі оқу-ісінің меңгерушісі педагогтардан есеп сұрап, «кім барды, кім бармады» деп шырқыртты. Ал олардан мұны жергілікті білім басқармасы сұратып, талап етіпті. Азаматтардың бұлайша конституциялық құқығына қол сұғу елдің түкпір-түкпірінде көрініс тапты. Ол туралы бәрі айтты, жазды. Қысқасы, сайлау науқанында мұғалімдерді сүйрелеу әлі бар, одан арыла алмай келеміз.
Сондай-ақ құжатбастылық мәселесі де түбегейлі шешілген жоқ. Үш жыл бұрын көтеріліп, біраз талқыланған бұл тақырыпқа байланысты сол кездегі министр пікір білдіріп, ұстаздар тек 2-3 құжат толтырады деді Біріншісі, журнал, не электронды, не қағаз түрінде. Екіншісі, күнтізбелік-тақырыптық жоспар. Үшіншісі, қысқа мерзімді жоспар. Сөз жүзінде осы үшеуі ғана дегенмен, оның сыртында талай қағаз бар. Мәселен, дарынды балалармен жұмыс, сынып жетекшілердің қағазы, ата-аналармен жұмыс деген секілді бітпейтін құжаттар. Оған қоса, үй аралау, жазда балалар каникулға кетсе де олардың тәртібі мен қауіпсіздігіне жауап беру деген дүние де шешімін таппай келеді.
Ұстаздардың деңгейі туралы айтар болсақ, барлық мамандық иелерін үш деңгейге бөлеміз: жақсы, орта, төмен. Мұғалімдерде де тура солай. Білім саласы болған соң ба екен, мұнда төмен деңгейлі мамандардың болғанын қаламаймыз, қабылдай алмай жатамыз. Бірақ таза білім жағынан келсек, жалған диплом, санаттан бөлек, біліктілік тестін сатып алып жатқандар да бар. Оны бәрі біліп отыр. Одан бөлек, өз пәні бойынша да бір-екіден емес, үшінші рет қайта тапсырып құлап жатқандар да аз емес. Ал педагогтың методикасына, баламен жұмысына келсек, коммуникация, өзін ұстау жағы әр кезде әртүрлі. Себебі әртүрлі баламен, мінезбен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Жеке өзімді айтсам, жарылуға шақ қалып, өзімді әрең ұстайтын кездер де болып жатады. Күйзеліске түсіп кеткенде мұндай күймен қашанғы жүрем, осы жұмысты тастасам ба екен деген де ой келеді. Себебі қазіргі балалар қиын. Жыл өткен сайын ұрпақтың тәрбиесі бұзылып бара жатыр. Әрі үйдегі жауапкершілік те мектепке артылған. Яғни ата-ананың бала тәрбиесіне ден қоюы жетіспейді. Өз басынан кешіп көрмеген адамға ұстаз ұстамды болу керек, баламен тіл табыса алуы керек, өзінің шеберлігі жетпей жатқан шығар деп айту оңай. Оның үстіне, бір сыныпта 25-30 бала отырады. Оның өзі мұғалімге артық жүк.