Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:46, 29 Қараша 2023

Сайлауға дейін күркіреп, парламентке барып тыншыған ЖСДП

ЖСДП
Фото: azattyq-ruhy.kz

Биыл сайланған парламент мәжілісінің құрамы ерекше. Халықаралық талаптардың көбі сақталған. 6 партия жеңіске жетіп, көппартиялы жүйе орнады.

 Депутаттардың арасында әйелдер, жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Тіпті «оппозициялық» партияға да мандат бұйырған. Бір қарағанда елде демократия төрт аяғымен тік тұрғандай әсер қалдырады. Бірақ оппозиция деген сөзді бекер тырнақшаға алып отырған жоқпыз, жұрт мәжілісте «оппозициялық партияның» барына сенбейді.

Бұрын біздің билік еш қысылмай, дара билік жүргізе беретін. Парламентке жалғыз «Нұр Отан» өткен кездер болды (2007-2012). Одан кейін де мәжіліс төрінен «Нұр Отан», «Ақ жол» және ҚКХП өкілдері табылып жүрді. Соңғы екеуін бұрынғы «нұротандықтар» басқаратынын ескерсек, аталған үш партияны бір-біріне қарсылас деуге келмейді. Халықаралық және ел ішіндегі сыннан кейін билік кейінгі кезде басқа жүріс жасай бастаған. Жаңа Қазақстан құрып жатқанына жұртты сендіргісі келді ме, биылғы сайлауда бірден алты партияға «бата берді». Олардың арасында өзін елдегі жалғыз оппозициялық партия деп санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) да бар.

Жалпы, ЖСДП-ны оппозицияға үш қайнаса сорпасы қосылмайды деп айта алмаймыз. Алғаш құрылған кезде, әсіресе «Нағыз Ақ жол», Қазақстан коммунистік партиясы сияқты партиялар және өзге де оппозициялық күштермен тізе қоса жұмыс істеген жылдары билікті біраз әуреге салғаны рас. Бірақ шексіз билікке қол жеткізіп алған шенділер шашыраңғы оппозицияға бой берген жоқ. Заңды-заңсыз жолдармен сайлау сайын жеңіліске ұшырата берді. Бұдан бөлек ЖСДП өзі де сайлауға бойкот жариялауға бейім тұрады. 2006 жылы құрылған партия президент сайлауына 2022 жылы ғана кандидат ұсынды. Оған дейінгі үш сайлауға бойкот жариялады. Ал 2007, 2012 және 2016 жылғы мәжіліс сайлауына қатысып, жеңіліске ұшыраған.

ЖСДП 2019 жылы күтпеген жерден мәжіліс сайлауына қатысудан да бас тартты. Дәл осы тұста назар аударатын бірнеше түйткіл бар. 2012 жылдан 2019 жылға дейін саяси белсенділігі төмендеп, «жақсылап демалған» партия елде президент ауысқан соң қайта ояна бастады. Сол жылы сәуірде партияны ұзақ жыл басқарған Жармахан Тұяқбай орнын журналист Ермұрат Бапиге босатып берді. Партия жыл аяғындағы парламент сайлауына «күш сақтау үшін» маусымдағы президент сайлауына кандидат ұсынған жоқ. Тізгінді қолға алған Бапи партия құрамына белсенді жастар мен президент сайлауында көзге түскен тәуелсіз бақылаушыларды тарта бастаған, тіпті Парижге барып, ескі-жаңа оппозиция өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында Қазақстан билігі сырттай соттаған Әкежан Қажыгелдин, Бергей Рысқалиев сынды экс-шенділермен бірге мәжіліс сайлауы алдында елдегі оппозициялық күштерді біріктіру мәселесі сөз болды деген ақпарат бар. Бірақ қыркүйекте Ермұрат Бапиді партиядан шығарып, орнына Асхат Рахымжанов жайғасты. Олар Бапиды «шетелден ақша алмақ болды» деп айыптады. Атақты «көпес дауы» сол кезде туындаған. Кей сарапшы «Бапи партияның жұмысын жандандыруға әрекеттенді, бұл билікке жақпады» деп санайды.

Оның үстіне қарашада қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын 10 қаңтардағы мәжіліс сайлауында ЖСДП-ны қолдауға шақырды. Алғашқыда бұл ұсынысты өз пайдамызға жаратамыз деп белсенген партия 27 қарашада аяқастынан сайлауға бойкот жариялайтынын мәлімдеді. Осылайша, ЖСДП президент сайлауына қатыспай, төрағасын қайта-қайта ауыстырып, қатты дайындалған саяси додадан бас тартуға мәжбүр болды. Қалай болғанда да билік «спарринг қарсыластың» күш алып кеткенін қаламағаны анық. Маусымда ғана «оппозициялық кандидатты» сайлауға жібереміз деп аузы күйген шенділер екінші рет мұндай тәуекелге бармасы белгілі еді.

Осыдан кейін ел арасында «ЖСДП биліктің тапсырмасын орындайды» деген уәж орныға бастады. Бұған дейін «Ақ жол» төрағасын ауыстырып, бұрынғы «нұротандыққа» тізгін ұстатқан соң жолы ашылғанын жазған едік. Жаңа төраға ЖСДП-ға да пайдалы болды. 2023 жылғы сайлауда 5 пайыздан асыра дауыс жинап, мәжіліс креслосына 4 мүшесін қонжитты. Бірақ сонша уақыт оппозициямыз деп ұран салған партия парламент қабырғасында өз пікірі жоқ көптің біріне айналды. 16 жыл бойы арқалаған оппозиция деген аты үшін болса да бір тұяқ серпер деген үмітіміз әзірше ақталмай тұр.

ЖСДП
Фото: azattyq-ruhy.kz

Сайлауға дейін

Партия 7 бағыттан тұратын сайлауалды бағдарламасын жасапты. Бірақ «қоянның өзін көріп, қалжасынан түңілгендей» ЖСДП-ның саяси бағдарламасын көріп, оппозициялық ұстанымына күдіктене бастадық. Тыңнан түрен салған ештеңе жоқ, 30 жылдан бері айтылып, тізесі шыққан тақырыптар. Демократия деген бөлімде бейбіт жолмен авторитарлық режимді жоямыз деп уәде еткен. Ол үшін азаматтардың саяси құқығын қамтамасыз етіп, әділ сайлау өткізу керек деп санайды. Сондай-ақ бейбіт шерулерге рұқсат беріп, сөз бостандығы мен БАҚ тәуелсіздігін орнатуға, парламенттің рөлін арттыруға, сот жүйесін жақсартуға білек сыбана кірісеміз деп сөз берген. Бұдан бөлек басқа партиялар да айтып жүрген «президенттік басқарудан парламенттік-президенттік басқаруға көшеміз» деген ұранды қайталапты. Бірақ Еуропадағы «Өзін-өзі басқару Хартиясы» негізінде «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң қабылдау керек деген ұсынысын сәл жаңа идея деп бағалауға болатын шығар.

Экономика саласында өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, ауылды көркейтуді ұсынған. Кеңес кезінде елдегі ЖІӨ-нің 60 пайызын өнеркәсіп өнімдері мен ауыл шаруашылығы қамтамасыз ететін, ал қазір ЖІӨ-нің үштен екісі табиғи байлықты экспорттаудан келеді. Сол үшін өнеркәсіпті қайта қолға алу керек деп санайды. Ал әлеуметтік салада кедейлікті жойып, бағаның өсуін тоқтатамыз, зейнетақы және сақтандыру жүйесіне реформа жасаймыз, қуатты кәсіподақтар құрамыз, баспана бағасын қолжетімді етеміз, денсаулық сақтау және білім саласын көркейтеміз деп уәдені үйіп-төккен. Гендерлік саясатты гүлдендіріп, жастардың жағдайын жасаймыз дегені тағы бар. Бұдан бөлек экологияны қорғап, табиғи орта мен халық денсаулығына зиян келтіргендерге қатаң жаза тағайындауға уәде етті. Партия ғылымға бөлінетін қаржыны ұлғайтуға атсалысатынын айтты. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, ұлт руханияты мен мәдениеті үшін ерінбей еңбек етеміз деп мәлімдеген.

ЖСДП
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Сайлаудан кейін

Сайлауалды бағдарламасында күндей күркіреген партия мүшелері мәжілісте мүлде мінез таныта алмады. Министрлерді табанынан тік тұрғызатын қуатты оппозиционер-депутаттарды әлі көрген жоқпыз. Бағдарламада тіл мәселесін бірінші орынға қоямыз деп уәде бергенімен, кейбір депутаттық сауалды мемлекеттік тілге әлі аудармағаны партияның сөзі мен ісі басқа екенін көрсетіп тұрғандай. ЖСДП-ның 4 депутаты мәжілісте «заңсыз құрылыс, жүргізуші куәлігін беру, электр энергиясының бағасы, солтүстік өңірдегі дихандар мәселесі, елді мекендердің жабылуы, ішкі көші-қон, қазақша мультфильм, ауылды дамыту тұжырымдамасы, утиль алымы, Семейдегі ядролық сынақтардан зардап шеккен тұрғындар жайы, «дипломмен ауылға» бағдарламасы және шетел тіркеуіндегі көліктер» жайлы мәселе көтерген. Бәрі ешкімнің шамына тимейтін жеңіл тақырыптар. Мұндай сауалдармен оппозицияның жүгін көтеру мүмкін емес деп ойлаймыз.

«ЖСДП фракциясының мүшелері сайлауалды бағдарламадағы әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелерді қолынан келгенше көтеріп жүр. Наурыздан бері 23 депутаттық сауал жолданды. Мысалы, Асхат Рақымжанов көліктен алынатын утиль алымы мен алғашқы тіркеу сомасын азайту жөнінде депутаттық сауал жолдады. Сондай-ақ депутат ауылда жер телімдерінен айырылып қалған, ЖШС-лар қолында кеткен жер үлестерін ала алмай жүрген тұрғындар мәселесін көтеріп жүр. Наурыз Сайлаубай «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қайта қарауды сұрап, ауылға барған маманға берілетін біржолғы көтерме жәрдемақыны 100 АЕК-тен (345 мың теңге), 150 АЕК-ке (520 мың теңге) көтеруді ұсынды. Ажар Сағандықова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі олқылықтарды сынап, МӘМС іске қосылған 2017 жылдан бергі есепті сұрады.

ЖСДП фракциясы Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қарсы болды. Сондай-ақ үкімет пен жоғарғы есеп палатасының 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітуден бас тартып, қарсы дауыс берді», – дейді ЖСДП баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсұт Насибулов.

Елдегі жалғыз «оппозициялық партияның» бір жылға жуық уақытта тындырған шаруасы – осы. Қазірше оппозицияның белгісі байқалмайды. Бейбіт, бейбіт болғанда да «біреуді режітіп алмасам екен» деген аса сақ сауалдар жолдап жүр. Жемқор жүйе, жемеңқор билік, жаутаңкөз халық жайлы ЖСДП айтса жарасар еді. Қанша дегенмен кезінде мүйізі қарағайдай мықтылар мүше болған партия. Ұзақ уақыттан кейін мәжілістен мандат алып отыр, осы мүмкіндікті молынан пайдалану керек қой. Шенділердің шекпенін шешіп алмаса да, әділдік үшін аянбай күресуге тиіс еді. Бірақ бұл үмітіміз ақталмайтын сияқты.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: