16:39, 15 Қараша 2018
Сейдахмет Германияда ота жасатады
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы жылы өз алаңындағы соңғы ойынын Латвиямен өткізеді.
Бұл Ұлттар лигасы атты турнир аясында өтетін бесінші ойын. Осы кездесудің алдында ұлттық құраманың бас бапкері Станимир СТОИЛОВ баспасөз мәслихатында журналистердің сауалына жауап берді.– Бұған дейін Латвиямен сырт алаңда кездесіп үлгердік. Сол ойыннан кейін қарсыластың әлсіз тұстарын анықтап үлгердіңіз бе? Біздің команда да қандай тактикалық өзгерістер болады?– Ең алдымен футболшылар туралы айтайын. Өкінішке қарай, жарақатына байланысты Евгений Постников пен Ян Вороговский көмектесе алмайды. Дмитрий Шомко жиынға шақырылғанымен, жасыл алаңға шығуы екіталай. Кеше жаттығуда Еркебұлан Сейдахмет жарақат алып қалды. Өкінішті. Өйткені, жарақатын емдеу үшін шамамен үш ай қажет. Ертең ота жасау үшін Германияға жол тартады. Негізгі құрамның 4-5 ойыншысын ауыстыруға тура келеді. Резервтен Юрий Перцух, Оралхан Өміртаев және Иван Антипов құрамаға қосылды.Қарсылас туралы айтатын болсақ, алғашқы ойынды талдайтын уақыт болды. Алғашқы кездесуде Латвия құрамасы ойынды жақсы ұйымдастырып, қысым көрсете алды. Жаңа бапкердің келуі де құрамаға жаңа леп әкелгендей. Нәтижелері төмен болғанымен, ойындары көңілден шығады. Мен үшін біздің команданың қалай ойнайтыны маңызды. Андоррадан кейін Ловгиненко, Щеткин және Шомко жарақаттарына байланысты алаңға шыққан жоқ. Енді, ертең бірінші нөмірмен ойнағымыз келеді. Яғни, допты жиі ұстау арқылы бірнеше шабуыл ұйымдастыруды қалаймыз. Соңғы кездесулерде көрсеткен ойын үлгісін дамытуға ұмтыламыз.– Дмитрий Шомконың алаңға шықпайтынын ескеретін болсақ, оның орнын Бактиер Зайнутдинов басады ма?– Бәрі де мүмкін. Зайнутдинов алғаш рет «Астана» қатарында «Спартакпен» (Мәскеу) өткен жолдастық ойында қапталдағы қорғаушы міндетін атқарды. Мен оның мүмкіндігін жақсы білемін. Ол әртүрлі позицияда ойнай алатынын дәлелдеді. Жылдам шешім қабылдай алады. Сонымен қатар, бұл позицияда Ғафуржан Сүйімбаев бар.–Қазақстан құрамасында жас футболшылар ойнаған уақыт болды. Алайда, жалғасын таппады. Ал қазіргі жастардың болашағын қалай бағалайсыз?–Тізімге 23 футболшы енеді. Оның ішінде бір ойында 14 футболшыға мүмкіндік беріледі. Алдағы екі матчта бірнеше футболшыларды ауыстырамын. Жаңа ойыншылардың мүмкіндіктерін көру қажет. Қақпашылардың арасында бәсекелестікті арттырған жөн. Жас футболшылардың ішінде Сейдахмет, Зайнутдинов және Федин берілген мүмкіндіктерді пайдалана алды.– Бауыржан Исламхан соңғы кездесуде сол қапталда ойнады. Негізі орталық ойыншы. Ертең алаңға қай позицияда шығады?– Ұлттық құрамада әртүрлі позицияда ойнай алатын футболышлар бар. Ең бастысы футболшылардың сол позицияда өздерінің әлеуетін көрсете алуы маңызды. Андоррамен өткен ойында Бауыржан Исламханды сол қапталға қойдық. Пайдасы болды. Ертеңге дейін ойланамыз.– Қазақстан құрамасының қақпасын кім қорғайды?– Алғашқы ойында Ненад Эрич тұрады. Екінші ойын туралы шешімді әлі қабылдаған жоқпыз.–Ресейлік футболшы Андрей Аршавин «Қайсарда» ойнайтын Думан Нәрзілдаевтің болашағы зор деп санайды. Ол ұлттық құрамаға шақырылғанымен, әлі алаңға шыққан жоқ...– Думан Нәрзілдаев алғаш рет шақырылған сәтте жанкүйерлердің 90 пайызы ол туралы білмеді. Ол клубтың негізгі құрамында енді ойнай бастады. «Қайсардың» жаттықтырушыларымен көп сөйлесеміз. Бұл – оның алғашқы маусымы. Оның болашағы алда.–Қазақстан ұлттық құрамасы жарты жылдың ішінде қаншалықты күшейді?– Ұлттық құрама үлкен қадам жасады деп айта алмаймын. Алайда, нәтижелер әртүрлі. Алғашқы күннен бастап еуропалық футболдың деңгейіне жету үшін жұмыс істей бастадық. Шабуыл мен қорғаныста үйлесімді ойын көрсетіп келеміз. Ең басты мәселе – футболшылардың клубтарындағы ойын тәжірибесінің жоқтығы. Әр футболшы өз орны үшін таласуы тиіс.Бек ТӨЛЕУОВ