Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:39, 29 Тамыз 2023

Сендер қашан айтысасыңдар?!. Қырғыз президентінен ат мінген қазақ ақынынан басталған дау

None
None

Өткен апта қазақ баспасөзінде көп талқыланған тақырыптың бірі – қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевтың Қырғыз президенті С.

Жапаровтан «ат мінуі» болды-ау деймін. Мұны әркім әр саққа жүгіртті. Бүгін біз де осы оқиғаны аз-кем ой талқысына салып көрдік... 

Досхан Жылқыбай: 2023 жылдың 13 тамызы Қырғыз республикасында Көкпардан әлем чемпионаты басталды. Бірақ бұл күн қазақ халқының есінде көкпармен емес, Біржан Қалдыбаев ат­ты ақынның арнауымен қалатын сияқты. Аталған чемпионат­тың ашылу салтанатында қазақ ақыны «қырғызға жиенмін, жаяу келдім, баяу келдім» деген ұйқастармен Садыр Жапаровтан ат сұрап мінеді.

Осындай «сөлекет» ісі мен өлеңінің нәрсіздігін, мағынасыздығын сынға алған айтыскер ақын Аманжол Әлтаев әлеумет­тік желіде Біржан Қалдыбаевты «талантсыз, беті қалың» деп жазба жариялады.

      © zhanlib.gov.kz

«Мынау Біржан деген ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен. Оның мұқым қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді. Себебі қазақ айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ. Мәселе бұл жігіт­тің танымал болмағанында емес. Егер кесек ой айтса, көркем өлең өріп, нақышын келтіре сөйлесе, тіленіп ат сұрамаса, тілеуін тілеп, тек қуанар едік. Ақындық таланты жоқ мұндай пысықайлар ешкімге де опа әпермейді», – деді.

Сөз соңы Біржан «ақыннан» елге келген соң халық пен айтыс ақындары алдында кешірім сұрауын талап етеді. Мәселе мұнымен біткен жоқ.

Аманжол Әлтаевтың пікіріне қырғыз президенті Садыр Жапаров жауап берді:

«Біржан Қалдыбаев дейтін төкпе ақын қырғызға жиен болады екен. Ал мен қазаққа жиенмін. Екеуміз қайшылас жиен екенбіз. Егер мен сол жерде арғымақ мінгізбей қойсам, мені сөзге жығып, жырлайтын еді. Сондықтан Аманжол мырзаға айтарым, ешқандай ыңғайсыз жағдайда қалған жоқсыздар. Ешқандай саясаты да жоқ», – деді ол.

Жақсылық Қазымұратұлы: Бұл мәселе өте қызу талқыланды деп. Мұның себебін қалай түсінуге бола­ды? Меніңше, мұнда Б.Қалдыбаев­тың«ат мінгенінен» бөлек қазақ айтысы туралы, оның маңындағы түрлі тартыс жайлы әңгімелер де айтыла бастаған сияқты.  

Д.Ж: Дұрыс айтасыз: Желідегі жұрт­тың бір тарабы «ат сұрап мінген ақынды» есекке теріс мінгізсе, бір бөлігі «Аманжол сыйлықты қызғанды», «өзі де қанша адамды мақтап, айтыста талай көлік мінгенін ойласа ет­ті» деп жат­ты. Қырғыз президентінің ісін де жұртшылық сан-саққа жүгірт­ті. Бірі – разы болса, екіншілері – «ірілігі жоқ, майда іске араласты» деп сөгіп жатыр. Меніңше, бұл пікірлердің әрқайсысының өз орны бар. Бірақ Аманжол ақын айтатын «қазақтың бекзат өнерінің» арнауға сын тағып, ақынның жеке басына өтіп, «беті қалың» дегенінен сол бекзат өнердің өзінің берекесі кетпеді ме екен деген ойға қалдық. 

Ж.Қ: Шын мәнісінде бұл өзі А.Әлтаев ер тоқымын бауырына алып тулайтындай, тым шетін жағдай да емес сияқты. «Сөз сауып», бай-бағланды жағалап күн көргендердің бас-аяғы да Біржан Қалдыбаев емес.

Ұлы Абайдың өзі айтады:

«Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұрт­ты шарлап», – деп. Көрдіңіз бе, Біржан сияқтылар қай кез­де де болған, бола да береді. Сондай-ақ А.Әлтаев: «Арнаудың негізгі мақсаты – қырғыздың президентінен ат сұрау үшін барған секілді көрінді» дейді. Сонда біреудің алдына барып «ат сұраған», оған жағынып өлең арнаған, тіпті жұрт­тың көзінше жер көкке сыйғызбай мақтаған да жалғыз Біржан ба?! Жоқ, әрине.

Абай әлгі өлеңінің келесі шумағында:

«Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,

Мал сұрап, біреуді алдап, біреуді арбап.

Жат елде қайыршылық қылып жүріп,

Өз елін бай деп мақтар құдай қарғап», – дейді.

Кезінде қалталы азамат­тар айтысқа демеушілік еткенде, қымбат көліктер бәйгеге тігілгенде ақындардың қалай-қалай сарнағанын, қандай ұйқасы шымыр, ойлы өлең арнағанын көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Сөз арасында А.Әлтаев айтыстың қадірі туралы да айтып өт­ті. Осы қазіргі айтыста қадір қалды ма?! Бұл да бір өзекті сұрақ.

Мұны біз жазушы Дулат Исабеков ағамыздан сұрап көріп едік. 

«Айтыс туралы бұрын да айт­қанмын, сол ойымнан әлі айныған жоқпын. Шындығында айтыс дегеніңіз – арзан сөз, жеңіл ұйқас ғана. Тіпті мұны «қазақта ғана бар өнер» деудің де қажеті жоқ. Анығында, айтыс ертеде біраз халықтарда болған. Ағылшын, немістер де кезінде айтысқан, кейіннен Гёте сияқты әдебиет­тің нағыз тұлғалары туылған соң олар айтысты біржола қойған. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Абайдан кейін қазақ та айтысты доғаруы керек еді, бірақ, керісінше, өрши түсті. Әсіресе тәуелсіздіктен соң бұл тіпті де үдеді. 

Жүрсін Ерман ақындардың басын қосып, айтыс ұйымдастырды. Онда не айтылады дейсің, сол баяғы арзан сөз, жеңіл әңгіме, көрермен соған мәз болады, осыны өнер деп түсінеді. Бұл қайдағы өнер?! Тіпті бір кез­дері «Жүрсіннің жүйріктері» деген де сөз шықты. Мен бастапқыда Жүрсін шет елден, әлде Арабиядан, әлде Түркіменнен жүйрік тұлпар алдырған екен, сонысын бәйгеге қосқалы жүрген болар» деп топшылаппын, сөйтсем, «жүйрік» дегендері айтыскер ақындар екен. Айналайын-ау, шын жүйрік біреу­ге тәуелді, меншікті болмайды, дара шабады. Шынын айт­қанда, жаңағы «жүйріктердің» де сырын білеміз. Олар айтысты спектакльге айналдырғалы қашан, айтатындарын алдын ала жазып, сызып, бірінікін бірі оқып, әбден дайындалады, сөйтеді де жұрт алдына шығып жат­тағандарын айтып береді. Бірде қазылар алқасында отырған ақын Қ.Мырза-Әлі кезектесіп жат­тағандарын айтып, домбыраларын сабаған екі ақынның сөзін бөліп: «Әй, сендер қашан айтысасыңдар?!» деп еді. Кейде айтыскерлер жат­тағанын да жөндеп айта алмайды, жұрт алдында домбырасын ұзақ шертіп, күмілжіп отырғанын талай көрдік ғой. Сондай-ақ ел ішінде: «ақындардың қайсысы жүлде алатыны алдын ала белгілі болады» деген сөз де тарап жүр, әрине, мұндай қауесет тегін айтылмаса керек. Қандай да бір негізі бар көрінеді. Мен өзім де бірнеше рет Ж.Ерманның қазыларға: «қолдарыңды көтеріп, ақындарға дауыс беріңдер» деп ұрсып сөйлегенін көргенмін. Тағы бір айтайын дегенім – қазір айтысты мал табудың, жан бағудың, оңай олжаға кенелудің жолына айналдырып алғандар көп. Бір айтысқа қатысады, бір көлік мінеді. Мен жастардың ел алдына шыққанын, сый-сияпат алғанын қызғанып отырған жоқпын. Бәрі орнымен болса деймін. Мысалы, белгілі бір ақын бүкіл ғұмырын сарп етіп, он том еңбек жазады, бірақ оның қаламақысы мардымсыз, ал бір жас бала екі шумақ өлең айтып, көлік мінеді. Қорыта айт­қанда, айтыс ескірді, оның енді еш керегі жоқ. Дәл осы айтыстың тоқтағанынан біз ұтылмаймыз. Қазақ қашанғы жеңіл сөз, арзан күлкіге алданып, айтыскерлердің айт­қан көбік сөзіне малданып жүре береді. Біз де ғылымның, өнердің тілін игерейік, біз де сөзден іске ауысып, дамыған, өркениет­ті елдердің қатарына қосылайық», — деді жазушы.

Ащы болса да Д.Исабековтің сөзінде шындықтың ізі сайрап жатқан көрінеді. Дәл осындай айтыс төңірегінде айтылатын сын мен мін оны күн өткен сайын тереңге батырып бара жатыр. 

Д.Ж: Ашығына келгенде өнер халық алдындағы өз миссиясын өтеп біткенде өледі. Қазақтың ұлт­тық өнерін өлтіруден аулақпыз, әрине. Бірақ бұл жолда айтыскерлер мен ұйымдастырушылардан артық еңбек етіп жатқан адам жоқ шығар. Ертай Нүсіпжанов шілде айының басында facebook парақшасында Жүрсін Ерманның айтысты «меншіктеп алғанын», телеайтыс жасауға мүмкіндік бермегені туралы жазды. Ал Ж.Ерман айтысқа теріс ағым өкілдерінің көптеп келгенін айтып, дабыл қағып жатыр. Олардың қатарында Балғынбек Имашов, Жандарбек Бұлғақов, Сара Тоқтамысова сынды ақындарды атады.  

Сонымен бүгінгі айтыстағы басты проблема ұйымдастырушылардың айтысты өзара бөлісе алмауынан басталып, айтыскерлердің діни сенімдерінің алуандылығына дейін жетіп отыр. Одан кейінгі басты түйткіл, айтыстағы шындық мәселесі. Айтыста қандай шындық айтылып жүр? Соңғысынан басталық. Айтыста халықтың ресми теле­арналарынан беріліп жүрген, биліктің шымбайын шыбын құрлы шаға алмайтын шындық айтылады. «Жемқорлық жайлады», «ауылды су басты», «қалада жылу жоқ» деген проблемаларды өлеңге ұйқастырып айту – шындық болмас.

Қазақта: «өз бидайын өзіне қуырып беру» деген мәтел бар. Бірақ бүгінгі айтыстағы шындық сол халықтың өз бидайының өзін шала қуырып беріп жүргеніндей. Осы уақытқа дейін айтыс өнерінің қоғамдық резонанс тудырып, сая­си жүйенің шешіміне әсер еткенін көре алдық па? Жоқ. Айтыскер ақын Ринат Зайытов алқына сөйлеп, партия ашамын деп құлшынғанда халық қолдаған еді. Бірақ соңына келгенде «шындықты бетке айт­қыш ақынымыз» тайқып берді. Ол ол ма, депутат­тық креслоға да жайғасты қазір. Содан бері халық та сүйікті ақынын танымай жүрген сияқты. Былайша келгенде, қаһарман шығады деп күткен халықтың сеніміне тағы да селкеу түсті. Осыдан кейін «әншілер кез келген сая­си жүйеге қызмет ете алады» деген пікірді айтыскер ақындарға да қарата айтуға болатындай көрінеді. Одан басқа, айтыс кезінде спонсор болған кәсіпкерді, партияны мақтау деген де дәстүр бар. Расы керек, бұл – айтыстың ең сұйық тұсы.

Ж.Қ: Сөзіңді сабақтай кетейін. Демеушілік жасаған кәсіпкерлерді ауыздарының суы құрып мақтағанын талай көрдік. Кейін солардың кейбірі істі болды, тіпті сот­талды. Ал әлгі бір «батыр» деп, бар жылы сөздерін арнаған азамат­тары әлі түрмеде отыр. Сөйте тұра, «қырғыздан ат міндің» деп, Біржан Қалдыбаевқа кіжінеміз. Сосын, осы ақындардың «шын­дықты айтуы» деген де бір қызық дүние. Жалпылама, үстірт­теу ақпарат­тарды желе жортып, су бетінен жүгіргендей ғана айт­қансыйды. Ары қарай қазып, құйқасын қопармайды. Жаңаөзен, Жер митингісі, Қанды қаңтар сияқты сая­си оқиғаларда да көбісі бой тасалап, бұғып қалады. Яғни «шындықты айт­қанымен» оның жолында күресе бермейді. 

Д.Ж: Айтыстағы дін мәселесінің де ушығып тұрғаны жасырын емес. Негізгі айтыстың ішінде «діни айтыс» деп аталатын жанр бар. Бұрынғы діни айтыстарды қарап отырсаңыз, айтыскерлер көзқарасынан алуандылық байқамайсыз. Бір-біріне діни сұрақтар қойып, халықтың дінге зейінін ашып отырған. Ал бүгінгі айтыскерлер діни көзқарастарын тықпалап, арасында радикалды ойлары айтылып та қалады. Сақал, орамал мәселесі де халыққа айтыс арқылы сіңірілгендей. Бұл мәселені сонау 2000 жылдары ақын Дәулеткерей Кәпұлы қозғаған болатын. Айтыс өнеріндегі және бүгінгі қоғамдағы діни ұстанымдары өте бұлыңғыр Мұхамеджан Тазабековпен айтысында «зікірді қолдамай, Ясауи жолын жоққа шығардың», «молда көбейіп, халыққа дінді әртүрлі түсіндіріп, жұрт­ты адастырдыңдар» деп ашып айтады. Осы ашық сауалдарға Мұхамед­жан түлкібұлаңға салып, сытылып, сипай қамшылап қана жауап беріп өтеді. «Ясауиге мен қарсы шыққаным жоқ, Жалғыз Алла болған соң табынғаным. Ясауи де пенде ғой, оны қайдам, Мен өзім бір құдайдың жолындамын», – деп, мүлде басқа әңгімеге кетіп, қарсыласын «шариғатқа шабан» деп кінәлайды. Одан ары қазақ ақындарынан дін жайлы, ислам жайлы үзінділер келтіріп, сұлу сөзбен жалғап жіберген. 

Осы тұста Мұхамеджанның сұраққа тіке жауап бермегенін байқау­ға болады. Мұның астарында «Зікір туралы айт­қаныммен, Ясауи­ге қарсы шықпадым» деген ой жатыр. Бірақ екеуі екі сөз. Ал қысқа жауаптан кейін мүлде өзге нәрсені, діннің салауатын жырлап кетуі тіпті халықты адастырады. Гарвард университеті басқару мектебінің маманы Тодд Роджерстің әлемдік саясаткерлердің сайлау­алды үгіт-насихаты кезінде қанша өтірік айтатынын және қанша «адасу­шылыққа» бастайтыны туралы зерт­теуі бар. Сонда: «Саясаткерлер өзіне қойылған сұраққа тіке әрі нақты жауап бермей, мүлде басқа нәрсе туралы айтып кетеді. Айтып жатқан нәрсесі рас. Бірақ оның сұраққа тікелей жауап емес екенін адамдар сол сәт­те түсініп үлгермейді. Сонымен бірге, ауызша сөйлесу кезінде тыңдау­шылар сұрақты ұмытып қалады. Сөйлеушінің жауабын тыңдау барысында олардың санасы көбіне «қандай сұрақ қойылып еді» деген оймен әуре болып жататыны келіссөздер психологиясында дәлелденген». Бажайлап қарасаңыз, айтыста сая­саткерлердің осы әдісі өте көп қолданылады. Мұны ғылым «шындық иллюзиясы» деп атайды. Яғни ешбір нақтылығы жоқ жауап. ВВС Future бұл эффектіге «paltering» деген атау берді. Бұл қазақ тілінде «адастырушылық» деген мағына береді.Осындай түлкі бұлаңмен айтыскер ақындардың көбі беріге дейін өзінің діни көзқарастарын жасырып келді. Біз сөз етіп отырған діндар ақын да «бір кез­дері өзге көзқараста болғанын» мойындаған еді.Конспералогиялық сенімдерге сүйенсек, айтысты тәуелсіздік жылдарында көбіне діни мүддесі бар топтар қаржыландырған.

Айналасы 10 жылдың ішінде айтыс өнерінің табалдырығын ат­таудың басты талаптарының бірі – діндар болу немесе міндет­ті намаз болып шыға келді. Тағы да айтамын, мұндай айтыскерлер халықтың діни сауатын ашуды емес, оларға өз діни түсініктерін сіңіруді мақсат етеді. Расында 2000 жылдары айтыс халыққа өте өтімді өнер болатын. Бірақ бүгін айтыстағы діндардың бәрі дерлік әлеумет­тік желіге кет­ті. Өйткені күш айтыс көретін орта және аға буында емес, жастар қолында.Қорыта айт­қанда, қоғамдық резонанс тудыра алмайтын, спонсор болған кәсіпкер мен партияны мадақтаушы және басты «айтыс» деген атауынан бөлек сипатынан айырылған өнердің халыққа не берері бар? 

Ж.Қ: Шынымен де сипатынан айырылған деген сөзіңді жалғастырайын мұның бәрі айтыстың әу бастағы өзіне ғана тән қасиетінен, ерекшелігінен ажырап, туа біт­ті табиғатынан қожырап қалғанынан да болар. Осы ақындық қасиет­тің өзгеше бітім болмысы туралы белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлынан сұрап едім. 

О кісі былай деп жауап берді:

«Мен «ақындықтың қонуын» немесе оның ұрпақ жалғастылығын бұрындары қазақтар ойлап тапқан жай нәрсе шығар дейтінмін. Біздің Қымбат дейтін шешеміз болды, о кісіні әу баста ақын деп ойлаған жоқпыз. Тек үлкендерден «ақын болған» деп еститінбіз. Өзі де қарапайым ғана кемпір еді. Оның жанында біразы ақын болып, атағы шықты, тіпті сыйлықтар алды. Бір күні Нағипа Жылқыбаева деген кісі физика ғылымының кандидат­тығын Новосибирскіден қорғап келді. Содан ауылда той жасады. Ақындар келіп өлең айт­ты, әлгі Қымбат шешеміздің намысына бірдеңе тисе керек, бір кез­де жұрт алдына суырылып шығып өлең төкті. Дәл осы кезде ана кісінің бет әлпетінде үлкен бір құбылыстар пайда болды. Бейне­бір суырып салып, өлең айтудың рахаты іспет­ті. Қымбат шешеміздің ақын екенін мен сонда бір-ақ білдім. Ақындықтың қонатынына, оның қасиет­ті екеніне көзім анық жет­ті. Қазір ойласам, біз сонда ақындықты ажырата алмайтындай дәрежеге жеткен екенбіз. Анығында ақындық, суырыпсалма­лық дегеніміз – ұлт­тың коды екен. 1940 жылдары, Қазақ­станда ақындар айтысы өтіпті, төрде М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтер отырыпты. Сөз Ж.Жабаевқа тиген екен.

Қымбат апамыз осы оқиғаны көзімен көріпті, кейін оны: «Жамбыл сонда төгіп тастады» деп еске алатын. Енді ойласам, бұл – Жамбылдың атақты «Ақындарға арнауы» екен ғой. Бір қызығы сол кез­дерде «ақындық дарыды, дарымады», «ақындық қонды, қонбады» деген дүниелерге баса мән беріліп айтылатын. Сөйтсек, мұның бәрі адам бойындағы осындай үлкен құбылыстарды ашу, оны танудың жолы екен. Міне, осы ақындық құбылысты ашу, оны түсіну деген дүние әлі де бір томаға-тұйықтау күйде жатқандай көрінеді», — деді Жұмабай Шаштайұлы.

Ж.Шаштайұлының осы сөзінен кейін ақындық өнер туралы ойланасың. Оның қасиеті, кісіге қонуы деген де ғаламат дүние еді ғой. Қазіргідей алас-күлес жағдайда мүмкін ол шошынып, үркініп, ұшып кеткен болар. Кім білсін. Әйтеуір сөзден, ақындықтан қадір қашқан бір заманда өмір сүріп жатырмыз. 

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

Тегтер: