Сергей Хван: Жастарға көп мүмкіндіктер қарастырылған

Еліміздің болашақта кемелденіп дамуы тікелей жастарға байланысты. Сол себепті, жастар мәселесі әр кезеңде маңызды, өзекті тақырып.
Соның ішінде елімізде жастарға қандай мүмкіндіктер қарастырылып жатыр? сондай-ақ жастар қандай мүмкіндіктерден айырылып жатыр? Әрі шетелден келген мамандардың жастар саясатына көзқарасы қандай? Осы сұрақтың төңірегінде көптен бері қазақ тілінде сабақ беріп жүрген блогер, онлайн қазақ тілі курсының мұғалімі Сергей Хванмен сұхбаттасқан едік.
— Сергей мырза, сіз көптен бері қазақ тілінде онлайн сабақ беріп жүргеніңізді білеміз. Бірақ сіз тіл мәселесінен бөлек жастар саясатына да мән бересіз бе? Яғни, Қазақстандағы жастар саясатына қатысты ойыңыз қандай?
— Жастар саясаты бойынша жұмыстар Қазақстанда жүйелі түрде енгізілген. Бірақ мен жастар саясатына қатысты оң және теріс деп екіге бөліп, баға бере аламын. Яғни, жастар саясатының кемшілігі – цензура, нақтырақ айтқанда, білім сапасының төмендігі. Атап айтсам, қазір мектептердегі білім сапасы сын көтермейтін секілді. Бір сөзбен айтқанда, білім сапасы әлемдік университеттерге түсуге жағдай жасайтындай болуы қажет.
Ал артықшылығын айтатын болсақ, Қазақстанда көптеген жаңа университеттер ашылып жатыр. Әрі ІТ саласы жақсы дамыған. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуға мол мүмкіндіктер қарастырылған.
— Қазақ тілінде сабақ беріп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?
— Пандемия кезінде бос уақытым көп болғандықтан қазақ тілін үйрене бастадым. Өйткені ол кездері күнделікті жалға беру кәсібімнен айырылып, шұғыл түрде жаңа жұмыс іздеуге тура келді. Бірақ ол уақытта қазақ тілін әжептәуір үйреніп қалғанмын. Содан тәуекел етіп, бірінші көршінің балаларын 2 апта бойы қазақ тілінде оқыта бастадым. Нәтижесі өзім күткеннен де керемет болды. Осылайша, қазақ тілінде білім беруді жалғастырып, алғашқы айда-ақ шәкірттерімнің саны 50-ден асты.
— Жастардың тіл білуге деген ынтасы қалай? Яғни, тілге сұраныс қай деңгейде?
— Қазір қазақ тіліне сұраныс жоғары деп айта аламын. Сол себепті, YouTube, TikTok-тарда көптеген контенттер де жасалынуда. Әрі кейбір блогерлер шетелдік фильмдерді өз беттерінше қазақ тіліне аудару жиі байқалады.
— Қазақ тілінен бөлек тағы қандай тілдерде сабақ бересіз?
— Қазақ тілінен бөлек ағылшын тілдерінде сабақ беремін. Яғни, біз қазақ және ағылшын тілдерін көбіне орыс тілінде оқытамыз. Бірақ бір өкініштісі, ағылшын тілін қазақ тілінде оқытқымыз келген еді. Бірақ оған сұраныс болмады. Нақты айтқанда, көбісі ағылшын тілін орыс тілінде үйренгісі келеді.
— Әңгімені ауыстырсақ, жалпы жастар саясаты қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
— Соңғы уақытта көптеген қызықты сериалдар, фильмдер қазақ тілінде көптеп түсіріліп жатыр. Сонымен қатар әйгілі Гарри Поттерді қазақ тіліне аударып, телеарналардан да көрсетіліп жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Тағы да көп аудармалар мен мультфильмдер қажет. Мысалы, «Маша мен аюдың» YouTube-те миллиард қаралымы бар. әрі әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Тағы да өкініштісі, бұл мультфильм де қазақ тіліне аударылмады. Сол себепті, ата-аналар аталған мультфилбмде орыс тілінде қосып беруге мәжбүр. Сол үшін қазір Қазақстанда арнайы жастар саясаты құрылып, жастарға көптеген мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Соны неге жастар пайдаланып, осындай қаралымы жоғары, сұранысқа ие мультфильмдер мен фильмдерді қазақ тіліне аударуға болар еді ғой. Осы секілді тағы басқа мүмкіндіктерді жастар жіберіп алмасы үшін Жастар саясаты әрқашанда маңызды деп ойлаймын.
— Жалпы сізге қазақ тілінде сабақ берген ұнайды ма?
— Әрине, мен қазақ тілінде сабақ беріп, үйреткенді ұнатамын. Үйретіп қана қоймай, бір ғана етістік арқылы қазақ тілінің бүкіл құрылымын қалай түсінуге болатындығы жайлы арнайы оқулық та жаздым. Сондай-ақ қазақ тілінде күлкілі бейнероликтер де түсіреміз. Кейде жаңалықтарға да қазақ тілінде пародия жасаймыз.
— Сонда қазақ тілін қайдан, қалай үйрендіңіз? Әрі тіл үйретуде қандай методикаларға сүйенесіз?
— Маған қазақ тілін Владислав Тен есімді ұстазым үйретті. Ол да мен секілді Өзбекстаннан келген азамат.
Ал тіл үйретуге қатысты методикаларыма келетін болсам, мен адамдарға бір етістікті барлық шақта талдап үйретемін. Содан кейін сол жалғауларды қолдану арқылы басқа сөздерге ауыстырып, шәкірттерімді өз бетінше сөйлем құрастыруға үйретемін. Тағы бір айтатыным, осы уақытқа дейін 3 кітап шығардым. Олар орысша-қазақша, ағылшынша-қазақша және қазақша – ағылшынша тілдерде сөздікке ұқсас кітаптар болып келеді. Осы кітаптар арқылы тіл білмегендердің өзге тілдерді білуіне көптеген жеңілдік жасайды.
— Сіздің ойыңызша, Қазақстанда жастарға мүмкіндіктер бар ма?
— Әрине, Қазақстанда жастарға үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар жастардың жұмыс жасауына жағдайлар көп жасалынған. Қысқаша айтқанда, жұмыс көп. Бірақ өкініштісі, жастардың көбісі сол мүмкіндіктерді қарастырмай, ерініп жүр. яғни, жалқау десем болады.
— Мәселен, тағы қандай мүмкіндіктерді айта аласыз?
— Мысалы, Қазақстанда ғаламтор желілері өте арзан әрі үйден шықпай-ақ ІТ саласында жұмыс жасауға болады. Соның ішінде түрлі сайттар, қолданбалар, бағдарламалар жасауға, графикамен бейнелерді өңдеумен айналысуға болады. Яғни, сыртқа шығып жүрмеген соң, уақытыңыз да үнемделеді.
Сонымен қатар Kaspi мобильді жүйесі де жұмыс жасауға үлкен мүмкіндіктер береді. Яғни, бір қолданба арқылы тауарлар мен қызметтерді онлайн түрде сата аласыз.
— Шәкірттеріңіздің көбісі қай ұлттан? Оның ішінде қазақтар бар ма?
— Бізде әр ұлттың студенттері бар. Әсіресе, қазақ тілін үйренгісі келетін жастар көп. Яғни, қазақтар да, орыс та, кәріс те – барлығы қазақша үйренгісі келеді.
— Сіз әңгіме барысында «Біз» деп көп айттыңыз. «Біз» дегендеріңіз кімдер сонда?
— «Біз» деп отырғаным менің шәкірттерім. Барлығы да меің дәрісіме қатысып, тіл үйреніп жүрген жасөспірім балалар. Негізі мен Іqanat бағдарламасының волонтерімін. Бағдарлама Қазақстандағы ауылдық мектеп оқушыларына олардың таланттарын ашуға және лайықты білім алу мүмкіндіктерін табуға көмектеседі. Сонда волонтер ретінде тегін сабақ беремін. Онда мен балаларға ақшаны қалай табу керектігі жөнінде үйретемін. Нәтижесі де жақсы. Яғни, мен үйреткен, дайындаған 6 жасөспірім балалар бір жылдың ішінде 1,8 миллион теңге табыс тапты. Әрі олар маған кітаптар, бейнесабақтар жасауға, онлайн сабақ беруге көмектеседі. Қазір олардың көбісі биыл 11-сыныпты аяқтап жатыр.
— Әңгімеңізге рақмет!