Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:16

Сергей Кан "Қызылжар" футбол клубының иесі атанды

Сергей Кан
Фото: ашық дереккөз

QYZYLJAR футбол клубы мемлекеттік меншіктен жеке қолға өтті.

 Енді Петропавлдың басты командасының иесі — белгілі кәсіпкер әрі олигарх Сергей Кан, деп хабарлады Orda.kz.

Келісім шарттары

Тараптар қол жеткізген уағдаластыққа сәйкес, клуб өз атауын, тауарлық белгілерін, интеллектуалдық меншігін және қызыл-қара түсті реңкін сақтап қалады. Петропавл жанкүйерлерінің сүйікті командасы бұдан былай да бұрынғы формада алаңға шығады.

Мемлекеттік тарап клубқа қатысты барлық құқықтық дауларды өз мойнына алуға келіскен. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі 2028 жылға дейін клубқа бюджет есебінен қаржылай қолдау көрсетуді жалғастырады. Осы уақыт аралығында қаражат инвестор мен жергілікті бюджеттен қатар түсіп отырады.

Жаңа база және стадион

Жаңа келісім аясында футболшыларға заманауи оқу-жаттығу базасы салынады. Ал Петропавлдағы «Қарасай» стадионы клубтың сенімгерлік басқаруына беріледі.

Команданың жаңа бас менеджері болып Алишер Апсалямов тағайындалды. Ол бұған дейін Sarajevo, Cardiff City, сондай-ақ қазақстандық Қайрат, Каспий, Атырау, Тобыл клубтарында тәжірибе жинаған.

Сергей Кан мен оның серіктесі Александр Клебанов Қазақстанда бірнеше энергетикалық нысандардың иесі болған. Олардың иелігіндегі ЖЭО-лардың жағдайы ел ішінде бірнеше рет қатты сынға ұшыраған.

  • Екібастұз ЖЭО:
    2022 жылғы қарашада болған апат кезінде қала тұрғындары бірнеше апта жылусыз қалған. Сол кезде орталықтың тозу деңгейі 80-90% деп бағаланған. Кейін нысан мемлекет меншігіне өтті, ал оның қайта жөндеуден өтуіне 13 млрд теңге бюджет қаржысы бөлінді.

  • Петропавл ЖЭО:
    2025 жылы бұл нысан да жергілікті әкімдік балансына өтті. 2024 жылғы есепке сәйкес, Клебанов пен Канның «Севказэнерго» компаниясы 3,9 млрд теңге шығынға ұшыраған. Сол жылы кәсіпорын 16,5 млрд теңге қаржы жұмсағанымен, инфрақұрылым әлі де ескі. 2022 жылы зауыттағы құбырдың құлауы салдарынан бір қызметкер қаза тапқан.

Мәскеудегі қымбат пәтер

Кандарға тиесілі Мәскеуде де жылжымайтын мүлік бар. Олар Большой Головин үйінен 150 м² пәтер және бір тұрақ орнын иеленген. Бұл нысанның құны 800 млн теңгеге жуық. Көршілері арасында – “Сбербанк Страхование” бас директоры Михаил Волков, Ресей депутаты Виктор Казаков, сондай-ақ бұрынғы шенеуніктер мен ірі кәсіпкерлер бар.

Жанна Канның Путинді мадақтаған форумы

Кәсіпкердің жұбайы Жанна Кан да соңғы айларда жұрттың назарына ілікті. Ол ұйымдастырған BeWoman форумында ресейлік коуч Алексей Ситников Владимир Путинді мақтап сөйлеп, қоғамның сынына ұшырады. Кан ханым ұйымдастырған іс-шара геосаяси ахуал мен этикаға қайшы келетін дауға айналды.

Клебанов пен Канның даулары

2018 жылы Еркін Әмірханов есімді кәсіпкер өз әріптестері Кан мен Клебановты рейдерлік жолмен бизнесін тартып алды деп айыптап, сотқа жүгінген. Еркін Әмірхановтың айтуынша, Сергей Кан мен Александр Клебановтың серіктестігі 1997 жылы басталған. Сол кезде америкалық CCL Oil Ltd компаниясы Павлодар мұнай өңдеу зауытының (ПМӨЗ) 87 пайыз үлесін бес жылдық концессия негізінде басқаруға алған. Алайда шетелдік компания тек «қабық» рөлін атқарған, ал нақты инвестицияны қазақстандық «Қазкоммерцбанк» қаржыландырған. Жоба барысында Кан мен Клебанов Павлодардағы ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3 станцияларын, бірқатар мұнай базалары мен ұн комбинаттарын өз бақылауына алған. Кейін бұл активтер «ЦАТЭК» атты ірі энергетикалық холдингке біріктірілген. Әмірхановтың сөзіне қарағанда, бұл компаниялардың активтері жеке пайда үшін пайдаланылған, ал «мемлекет меншігі» деген ұғым тек қағаз жүзінде қалған.

Әмірханов Клебанов пен Канды банк қаражатын жеке мақсаттарына жұмсады деп айыптайды. Оның айтуынша, «Эксимбанк Қазақстан» Клебановтың жеке кассасына айналған. Ондаған миллион доллар яхталарға, ұшақтарға, француз жағалауындағы үйлер мен Монакодағы пәтерлерге жұмсалған. Кан да бұл процестен шет қалмаған – оның KazAirJet атты жеке бизнес-джет жобасына шамамен 20 млн доллар кеткен. Кейін ұшақтардың бірі төлем кешіктіргені үшін тәркіленген.

Әмірханов Клебанов пен Канның 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде банк қаражатын шетелге шығарғанын да айтады. Нәтижесінде банк өнімділігін жоғалтып, ал Екібастұздағы ЖЭО бірнеше рет апатқа ұшыраған.

Ол, одан бөлек, Клебанов пен Канды ҰҚК-мен байланыс арқылы бизнес тартып алуға барған деп айыптайды. 2018 жылы Әмірхановқа қарсы «коммерциялық пара алу» бабы бойынша іс қозғалып, ол үш ай қамауда отырған. Кейін іс тоқтатылып, сол аралықта Клебанов пен Кан оның «ЦАТЭК» акцияларын тартып алған, келісім ҰҚК ғимаратының ішінде түнде нотариустың қатысуымен жасалған. Бұл дерек кейін оның АҚШ Федералдық сотына берген шағымында тіркелген.

Кан мен Клебановтың кейінгі серіктестігі Rixos Almaty қонақүйі мен Esentai Mall сынды нысандарға ұласқан. Әмірханов бұл жобалар да банктен бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылғанын, ал Канның девелоперлік белсенділігі банктің айналым капиталына ауыр соққы болғанын айтады. Ол сондай-ақ Клебановтың ұзақ жылдар бойы Назарбаев отбасының «сенімді серігі» болғанын, оның аты Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыбалды, Дариға Назарбаева сияқты тұлғалармен байланыста жиі аталғанын мәлімдеген.

 

Тегтер: