Серік Шайман. Ақайнаш (әңгіме)

– Әй, албасты көңіл қосып жүрген қатыныңды көрдім. Пішту, оның менен несі артық!
Іш тастаған байталдай, не ет жоқ, не бөксе жоқ, қу сүйек. Бейшара-ау, төсекке жатқанда тақымыңнан не қалады!..
Әйтеуір аяғы түзу екен. Соған есің кеткен ғой сүмелек. Жас кезіңде көйлегі қысқа, аяғы түзу қыз көрсең әукең салбырап, орныңда отыра алмаушы едің. Енді қырыққа жақындағанда қылмаңдауыңа не жорық?! Саған ерегескенде Қорғандағы Елизаровтың клиникасына жатып, мынау қисық аяғымды түзетіп әкелсем, талай еркекті қаратып алар жәйім бар. Көрем сонда, сенің әуселеңді!..
Мынадай тоғыз балды теңіз дауылынан кейін Бонапарт шындығында да есін жия алмай мәңгіріп қалды.
«Астапыралла, бұл пәлекет анау әйелді қайдан көріп жүр? Кім кездестірді екен? Сақтық жасап, жымын білдірмей-ақ жүруші еді. Әй, біздің қазақ ортаға от тастауға келгенде шебер-ақ қой! Басқа біреулер болса, көрсе де көрмегенсіп жүре берер еді. Енді Ақайнаш тыным берер ме екен. Безбүйрек, сазарған неме, алған бетінен қайтпайды ол».
Бонапарт тып-тыныш жәйлі өміріне жәй түскендей басы әңкі-тәңкі болды. Жайшылықта ұядай үйінің іші ызғар тартып тұрғандай. Балалары үрпиіп, әлдебір сұмдықты күткендей. Жанынан екі елі қалмайтын кішкентай қызы бұған жоламай, шешесінің артына тығылып, көзі жыпылықтап отыр. Келіп, бұрынғыдай әкесінің мойнына неге асылмайды, неге еркелемейді?
Бұл ұрысты үйде, төсек үстінде балалардың көзінше бастағаны оған бәрінен де ауыр тиді. Ақайнаш қайбір бала бар ғой деп аңдап сөйлейтін әйел. Небір былапыт сөздерді үстін-үстін боратып жатыр...
Сау басқа сақина деген – осы. Ақайнашқа қайтаратын жауабы жоқ, Бонапарт сүйретіліп жүріп төсектен тұрды. Өзіне де обал жоқ. Кеше өлгенше ішкенімен қоймай, үйге де, таң ата зорға келді ғой. Анау әйел де бір сойқан, сүліктей жабысып, жібереді ме? «Күйдім, жандым» деп өліп бара жатыр, отызға дейін еркек көрмеген бейшара...
Бонапарттың азан шақырып қойған аты Боранбай. Оны туу куәлігін жазғанда орыс қатын Бонапарт қылып жіберген. Әкесі Торғайдың кең даласында қой бағып жүріп кеңес әрпімен оқымаған адам. Арабтың төтеншесімен шала сауаты бар. Бірақ ол кеңес өкіметі құлағанша кәдеге жараған жоқ.
Шал байғұс баланың аты теріс жазылғанын мектепке барарда бір-ақ білді. Содан Бонапарт деген не сөз, не мағына береді деп ауыл-аймақтағы біледі-ау дегендерге сауын салып жүргенде әлгі қойдың басын кесетін доқтыр бала:
– Ойбай, отағасы, бұл үлкен адамның есімі. Әскербасы болған, тарихта аты қалған француз деген халықтың патшасы. Кезінде орысты шауып, Мәскеуді алған, – деп біраз мағлұмат беріп тастады.
– Қойшы-ей, – деген сонда шалың, – мынау өзіміздің орысты шауып жүр ме? Баяғы Тоқтамыс батыр сияқты екен ғой!
– Бірақ көп ұстап тұра алмады. Орыс даласының суығына шыдай алмай, кері қайтты, – деді баскесер доқтыр.
– Ә, бәсе, – деді қойшы шал, – бұл орыс итті кім жеңсін. Жаужүрек қой бұлар! Кешегі қысылтаяң шақта бізге пана болған жоқ па? Алла жар болып, дін аман жүре берсін шырағым. «Кәпір тыныш болса – мұсылман тоқ» деген сөз бар халқымызда деп, шалың осы баланың аты жөніндегі ұзақ-сонар әңгімені бір секті сойып, бір жәшік арақ құйып, тойлап аяқтаған.
Сөйткен Бонапарт қой бұл. Мектепте оқып жүргенде де осы есімнен көресіні көрді. «Бородин шайқасын» кинодан көріп алған кластастары мұны мазақтап, әбден зықысын шығаратын. Ал Ақайнашпен танысқандағы масқарасы тағы бар.
Ақайнаш негізі ауылдың қызы демесең, жанып тұрған от: сөзі түйеден түскендей, бетің бар, жүзің бар демейді. Ойындағысын ақтара салады. Бонапарт әуелі оның көзіне ғашық болды. Тұнық қара су сияқты, адамды шым-шымдап тартып әкететін бір сыйқыры бар. Анау қара тұңғиықтың ар жағында не күтіп тұрғанын өмір бақи аңғара алмайсың. Кеуделі, бөкселі, сарық қойдың арты сияқты салпылдақ емес, піскен қауындай дөп-дөңгелек бөксе. Әттең аяғы...
Танысқанда «Бонапарт» деп бұл қолын ұсынған. Ақайнаш сылқ-сылқ етіп, ал келіп күлсін. Мойыншалғысымен аузын жауып алып, қалай айтқанын өзі де байқамағын шығар, «жаман иттің атын бөрібасар қояды» деп теріс айналды.
Мұны Бонапарт та, Ақайнаштың құрбылары да естіді. Дегенмен аяғын күлкіге жеңдіріп құтылды. Мүләйімсіген тұңғиық қара көз заматта соның бәрін жуып-шайып жіберді. Бонапарт кеседегі шайға түскен масадай болып, сол көздің ішінде тұтқындалды да қалды.
Дегенмен бір жыл соңында салпақтап жүріп Ақайнашты өзіне тұрмысқа шығуға көндірді. Енді әкесі шала шабылмағанда қайтеді. Жан дегенде жалғыз ұлдан не аяйды. Сандық түбіндегі пәлен жылдан бері жиған-тергенді шашып, қалада дүркіретіп той өткізді. Ауылда құдайы беріп, үлкендердің батасын алды. Бір серкені бүріп тастап ауыл жігіттеріне көкпар берді.
Беу, дүние-ай, олда бір мұңсыз-қамсыз, арқа-жарқа заман екен. Ауыл жігіттері оны әлі күнге дейін аузының суы құрып әңгіме қылады. Әңгіме, «баяғыда біздің Ақмырзада Бонапарт үйленгенде» деп басталады ғой...
Ақайнаш үйді де, түзді де тасқайрақтай қағыстыратын пысық әйел болып шықты. Бонапартқа сүйріктей-сүйріктей бір ұл, бір қыз тауып берді. Бонапарт та жолы болып кеңшардың бас прорабтығынан аудандық құрылыс мекемесінің бастығына дейін жоғарылады. Айлығы жақсы, астында машина, жайма-шуақ өмір сүріп жатқан. Экономист болып осы бір қыз келді де, Бонапарт бұзылды.
Ол жасында арық, ұзын бойлы қарасұрлау жігіт болатын. Қызмет істегелі сәл ет алып, денесі әжептәуір жұмырланып қалды. Беті ағарып, жалт-жұлт етіп тұратын ұзын қара шашы өзіне керемет көрік беретін болды. Содан ба, кім білсін, жаңа келген экономист қыз Бонапартқа бірден құлап түсті. Көздегі мұңды күлкімен көміп үйренген отыздағы қыз жарасымды жағдайда жеңіл әзіл-қалжыңмен отырып, «менің ешкім еншілемеген адал қылтамды қый» дегенді тұспалдап жеткізді.
– Сенің отбасың, балаларың бар екенін білем. Олардан айырып алайын деген ой менде жоқ. Қатарым өмірден өз орнын тауып кеткен, бәрі өзің сияқты үйленген. Бірлі-жарым қалғандары өмірде жолы болмаған бос кеуде, маскүнем, нашақор. Менің мақсатым – өзім ұнатқан дені сау адамнан ұрпақ сүю. Бұл жалғанда артыңда қалатын із – бала екенін, қалғандарының бәрі өткінші екенін біз әлдеқашан түсінген адамдармыз, – деді.
Экономист қыздан тап мынадай сөз күтпеген Бонапарт табан астында тосылды да қалды.
– Қарағым-ай, қалай айттың, қайтып айттың, осынша ауыр сөзді, – деп дауысына болымсыз діріл араласқандай болды.
– Ағай, – деді қыз тағы да нығарлай сөйлеп, – мынау өмір сыны ащы, адамдардың дені тасбауыр, дүниеқоңыз болып кеткен. Баяғы біздің ата-бабаларымыздың мейірім шуағының ізі де қалмаған. Сол ортада жүріп менің басқаша сөйлеуім мүмкін бе, өзіңіз ойлаңызшы?! Қолыңыз ашық, ақкөңіл, мейірбан болсаңыз қазір қалай атайтынын білесіз бе:
– Жоқ, – деді Бонапарт.
– Білмейсіз әне, есіңізде болсын, «лох» дейді.
«Әй, заман-ай, заман-ай» депті ғой баяғыда біздің ақылман ақсақалдарымыздың бірі. Сол айтқандай-ақ заман өзгерді ғой. Бұрын құдайына қараған, ақкөңіл адамды үлгі тұтушы еді. Енді істеп қойғандарын қарашы, «лох» дейтін болыпты. Баласы әкесінің, әкесі баласының үйінің босағасын телефон соғып, рұқсат сұрап барып аттайтын, имандылық пен ізгілікті ақымақ көретін әлгі пысықай, жылдым еуропалық тәрбиенің түрі осы ма? Керемет болса өзіне керемет шығар. Ал қазақ үшін түкке тұрғысыз нәрсе.
Осыны ойлап іштей өзімен-өзі арпалысқан Бонапарт бұл ойын сыртқа шығарып, мынау шүйкедей қызға айта алмады. Айтар еді, бірақ айтқаннан не пайда, қоғам солай ыңғайланып бара жатса. Телевизорың анау, газетің мынау, тіпті бастықтардың өзі «еуропалық сапа, еуропалық нұсқа» деп қақсайды да жатады. Көрерміз содан мүйіз шықса..., – деп ойлады да қойды.
Бонапарт үйіндегі ұрыс-керіс аса ушығып кетпесе де біржола тыйылмады. Ақайнаш оны айтарлықтай себебі болмаса да өзі үрлеп тұтатып, ауық-ауық балаларын алып төркініне кетіп қалатын болды. Соңғысында тым ұзаққа, алты айға кетті. Бонапарт соңынан іздеп барса Ақайнаш үйде жоқ болып шығады.
– Қайда? – десе қайын енесі:
– Ресей жаққа кетті, сауда жасап жүр, – деп шығарып салады. Бонапарт балаларын сүйіп, мауқын басып қайтады.
Бір жағынан алғанда мұның өзі Бонапартқа экономист қызбен жиі-жиі кездесуге себеп болды. Қыз да бұған бауыр басып, кейбір мәселелерді ашық айтатынды шығарды.
– Айтқаным, айтқан, – деді бір жолы ол, – сені әйеліңнен айырып алмаймын. Сенен бала көтерсем болды. Біздің ара-қатынасымыз сол күні тыйылады. Егер ұл тапсам, сенің атыңа жазам. Жолдыбаев Бонапартұлы… Тоқа, тоқта есімін кім қойсам екен? Дәурен, Мақсат, Жұман. Жоқ бұлардың бәрі кешегі совет заманындағы әбден ығыр болған есімдер. Ешкім ойламаған жаңа ат қою керек. Мәселен, Манап, Марсел, Мегре, Жошы. Дұрыс, Жошы ханның атын қоям. Алтын Орданың хозяйны!
– Ал, қыз тусаңшы, – деді Бонапарт та қиялға беріліп.
– Қызды өзімінің атыма жаздырам. Саған оның керегі не, өскен соң бәрібір байға тиіп кетеді. Сенің есімің далада қалады.
Сөйтіп жүргенде бір күні сарт етіп Ақайнаш мұның жұмыс кабинетіне кіріп келді. Қасы-көзді сүрмелеп, бетті опалап, шашты қиып тастаған. Жүзіктің көзінен өткендей жұтынып тұр. Қара санын әзер жасыратын шоп-шолақ юбка киіпті. Масқара, аяғы!.. Түп түзу. Бонапарт көзі жыпылықтап аузын ашты да қалды.
«Сайтанның сапалағы, ақыры барған екенсің ғой...»
– А… а… Аяғың, – деді Бонапарт кекештеніп.
– Не, немене, аяғым аяқ-ақ, сауығып шықтым. Доп тебуге де, секіруге де жарайды. Қарашы, дүп-дүзу. Енді қылы етіп көр!.. Жарты жылдан бері үйдің ішін темекі сасытып бітірген шығарсың. Мен барып үйді жинаймын. Сен жұмыстан ертерек босап, балаларды алып кел, – деп Ақайнаш шығып кетті.
Өңім бе, түсім бе дегендей Бонапарт аң-таң. Кабинетінің төрінде тұрған телевизор қосулы қалған екен. Бір депутат сұңқылдап сөйлеп жатыр. «Елбасы, тұңғыш президентіміздің арқасында...» дейді. Осы бізде не болып жатыр. Отыз жыл бойы бұрынғы президенттің көлеңкесінде жүріп кейбір депутаттардың көзін шел басқан болар. Жаңа президентіміз қайда? Әлде бізде қос үкімет пе? Өткенде бір өкілеттігі біткен депутат «Сендер болмағанда біз отыра берер едік» деп жаңа депутаттардың алдында масқара болды емес пе? Бұл не өзі? Қандай заманға тап болғанбыз» деп күбірледі ол...
Екінші бір ойы: «Әй, Бонапарт, саясатта не ақың бар. Әуелі өз басыңның проблемасын шешіп алсайшы» дегендей болады...
***
Бонапарт ата-енесінен балаларын алып қайтқанша ымырт үйіріліп, даланы қараңғылық басты. Машинасын әдеттегідей гаражға апармай, есік алдына қоя салып үйге кірді. Балалары шешесін көріп мәз-мейрам. Ал Бонапарт болса аң-таң, өз үйін өзі танымайтындай. Жайнап, жарқырап кеткен, ұядай ерекше жылылық сезіледі. Әдетте шаң басып күңгірттеніп тұратын люстралары жап-жарық. Еден жуылып, төсеніштердің шаңы сорылған. Ас үйде былқып піскен жылқы етінің иісі мұрынды жарады. Ақайнаштың жүрген жері береке ғой. Өзінің ісі де, сөзі де сойқан. Өткенде мұны мұқатпақшы болып көрші қатындар:
– Ибай-ау, байың біреумен жүретін көрінеді ғой, – деп өсектегенде:
– Ие, немене, жүрмек түгіл менің үстіме үш қатын алса да сенің не қимаң қышиды. Қайта қолым ұзарады, тоқалдарды жұмысқа салып қоямын, – деп сарт еткізген ғой.
Бұл жатар бөлмесіне барып киімдерін шешіп жатқан, Ақайнаш кіріп келіп:
– Түу, иісіңді сағындым ғой, – деп, айқара құшақтап, бетінен шөп еткізіп сүйіп алды. Бонапарттың жүзі бал-бұл жанып, көзі күлімдеп қоя берді.