Серік Сағынтай, жазушы: Мемлекет инвесторларды қадағалау керек
Қарағандыдағы қасіретті оқиғадан соң ес жиып пікір айту да қиын. Мұны бір адамға емес, бірнеше отбасыға емес, тұтас қазаққа келген қайғы десек артық емес. «Бір адам өлтірген қылмыс – мың адам өлтірген статистика» деген сөз бар ғой.
Ал бұл жағдайды қылмыстың үлкені деп айтуға болады. Баяғыда да талай апат болды. Сол кездерде байқағаным, Қарағандыдағы Митталға қарайтын шахталардың дені кеңестік дәуірден мұра болып қалған. Олардың технологиясы жаңарғанымен, шахтерлардың өтетін жолы ескі. Әдістер жаңартылғанымен, басқа талаптар орындалмайтын жағдайлар да жиі ұшырасады. Демек, қауіп-қатер бұрыннан болған, бірақ олқылықтар түзетілмеген. Міне, енді қара жамылып, аза тұтып, туымызды түсірдік. Шыны керек, хабарды естіп, анық-қанығын білгенде іштей қатты қиналдым. Бойымда ауыр әсер қалып қойды. Қаза болғандардың ішінде біліс-таныс кісілер де бар. Менің немере ағам да сонда жұмыс істейтін. Олар кешкі ауысымнан шығып, жуынып, қайтқалы жатқанда апат болған. Сонда бір топ жұмысшы 20 минут ерте шығып, жаны аман қалып отыр. Ойласаң, жаның тітіркенеді, жүрегің ауырады.
Қаза тапқандардың отбасына беріледі деген 5 миллион теңгеге келсек, бір үйдің асыраушысын, асқар тауын, орны толмас қазасын ақшамен өтеу мүмкін емес. Қаралы үйдің көңілін солай табам деу – өрескел қателік. Мұны салдармен күрес дейміз бе? Белгісіз. Ал расында бұл дегенің – қылышыңды соғыс біткен соң тасқа шапқанмен бірдей. Алайда себептермен жұмыс істемей жатып, мәселені шешемін деу бос әурешілік. Сондықтан да мемлекеттің берген 5 миллионын қайта-қайта айтуы жекеленген адамдардың мен ананы жарылқадым, былай көмектестім дегені секілді мәдениетсіздік. Сорақысы сол, бұл біздің санамызға сіңіп кеткен нәрсе. Тіпті әдетіміз болып кеткен. Ал шын мәнінде мұндай жағдайда зардап шеккендерге қандай да бір көмек көрсету мемлекеттің де, халықтың да, қоғамның да парызы. Өтеп жатқан парызымызды, істеу керек нәрсені мақтаныш қылып айту әбестік. Ал аза тұтуға келер болсақ, ол керек дүние. Мына жақта халық қайғырып, ана жақта сауық-сайран болып жатса дұрыс емес. Ұжымдық сана болу керек. Алайда оның мән-мағынасын ұғыну әр адамның өзіне байланысты.
Ал мұндай оқиға қайталанбас үшін, себептермен күресіп, апаттың алдын алу үшін жұмысты ұйымдастыру процесін өзгерту керек пе? Әлемдік тәжірибе қалай? Біздің билік пен жауаптылар соның бәрін саралап, сабақтастырып, бір қорытындыға келуі керек. Өйткені мұндай апаттардың қайталанбайтынына, қайтадан қара жамылып, зар еңіреп қалмайтынымызға ешкім де кепілдік бере алмайды. Шын мәнінде, тәуелсіздік алғалы түрлі саладағы жемқорлық, жүйелік қателіктер деген нәрсе халықтың да жетер жеріне жетіп болды. Сондықтан қоғам бұл оқиғаны қызу талқылап, үлкен реакция туындап отыр. Ал мұндай оқиғаға жол берген – мемлекеттің инвесторларды қадағаламауы. Мемлекеттік стандарттар, қауіпсіздік ережелері сақтала ма, ол да бізге беймәлім. Сондықтан жекеменшік болсын, бір адамға тиесілі болсын, биліктің оны тексеріп, қарауға құзыреті мен құлқы болу керек.