Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 21 Маусым 2024

Серікбол Хасан. Әжем айтқан ертегі

Серікбол Хасан
Фото: Серікбол Хасан

Жазу қашан да – қиын. Не жазсаңыз да, қай түренге салсаңыз да қалам машақаты дегенде әр қаламгер жеке бас азабын, қиындығын, қалай толғанып, қалай еңбектенгенін ұзақ-ұзақ әңгіме ғып айтып беруге бар.

Оған еш күмәніңіз болмасын. Бірақ осы барлық жазудың ішіндегі ең қиыны, солай бола тұра ең қарапайымы – балаларға арнап жазу.

Баланың болмысындай таза, кіршіксіз әлемге тура сондай саф, адал, таза дүние керек. Бала оқып, оны қабылдап, жаттауы тиіс. Біздің әдебиетімізде балаларға арнап шығармалар жазған үлкендер көп. Жастар сирек. Бірақ тұрақты жазып, машықтанған авторлар бар. Бүгін біздің «Шамшырақ» балалар әдебиетіне арналған айдарымыз арқылы Серікбол Хасанның өлеңдерін оқи аласыздар.

ӘЖЕМ АЙТҚАН ЕРТЕГІ

Әжем әйбат, себебі,

Ертегі оқып береді.

Айтқан кезде ертегі,

Мені еріксіз ертеді.

«Ерте, ерте, ертеде,

Алыс-алыс өлкеде.

Өзі сондай көрікті,

Бір ерке қыз болыпты».

Тыңдап қана жатамын,

Тәтті ұйқыға батамын.

Жалғап кетем түсімде,

Жүрем ертек ішінде.

Күлбикемен мұңдасып,

Күнекеймен сырласып.

Желаяқпен жарысып,

Таусоғармен алысып.

Шыдамдылық, сабырлық,

Жомарттық пен әділдік.

Жігер, қайрат, намыс, ар,

Ертегіде бәрі бар.

Ертегі де – сынақ бір,

Тереңіне құлақ түр!

Әжем айтқан ертегі,

Талай сырды шертеді.

АЮ МЕН ТЫШҚАН

Айнымаған дос екен,

Қара аю мен ақ тышқан.

Келе жатып көшемен,

Кездесті олар бір тұстан.

Жолда жатқан еменді,

Байқады олар кәрі ағаш.

«Басқаларға кедергі,

Болғандығы жарамас».

Деді де аю сыбанып,

Жолдан алып тастады.

Ісін оның құп алып,

Көрген аңдар қоштады.

Тышқан үнсіз қалсын ба,

Мойнын созып қайтпады.

Барлық аңның алдында,

Сондағы оның айтқаны:

«Біз не деген күшті едік,

Ғажап нәрсе істедік.

Екеуіміз бірігіп,

Жасадық бір ірілік!»

ХАЙУАНАТТАР БАҒЫ

Қалыппыз ғой сағына,

Келдік міне тағы да.

Аң-құстардың тұрағы –

Хайуанаттар бағына.

Мекені – ну қарағай,

Қорбаңдаған қомағай.

Болса да зор қайраты,

Балға құмар – баладай.

Ол не?

Аю.

Аю қалай дыбыстайды?

Өкіреді.

Аң ішінде ерегі,

Қоян – оған керегі.

Кездескенді жолында,

Жеп қойғысы келеді.

Ол не?

Қасқыр.

Қасқыр қалай дыбыстайды?

Ұлиды.

Маңғаз, бірақ мысы бар,

Адам қорқар сұсы бар.

Бұрқыраған жалы мен,

Бойында нар күші бар.

Ол не?

Арыстан.

Арыстан қалай дыбыстайды?

Ақырады.

Джунгли – оның мекені,

Секең-секең етеді.

Банан көрсе лезде,

Есі шығып кетеді.

Ол не?

Маймыл.

Маймыл қалай дыбыстайды?

Шыңғырады.

Тілінде улы залалы,

Сай сағалап барады.

Байқамасақ тісімен,

Дереу шағып алады.

Ол не?

Жылан.

Жылан қалай дыбыстайды?

Ысылдайды.

Хайуанаттың ірісі,

Балпаң-балпаң жүрісі.

Су шашқаны тұмсықпен –

Бізге ұнайтын бір ісі.

Ол не?

Піл.

Піл қалай дыбыстайды?

Күркірейді.

Сүтқоректі жануар,

Аң да, құс та табылар,

Міне, осындай біздерде,

Хайуанаттар бағы бар.

СЕЛФИ

Таңғаламын Гүлзатқа,

Селфилету – білері.

Барса болды бір жаққа,

Шырт еткізіп жүреді.

Селфи сондай күшті ме,

Түрлі əдіске салады.

Биік үйдің үстінен,

Бір түсуді қалады.

Əдетінше баяғы,

Телефонын қолға алды.

Тайып кетіп аяғы,

Құлдилауға сəл қалды.

Үзілерін білген бе,

Ажал құшқан армандар.

Селфилетіп жүргенде,

Жаза басып қалмаңдар!

ДӘРІ

Балаларды жинап ап,

Бастады ойын Инабат.

Іші «ауырған» Батырды,

Бөлмесіне шақырды.

– Ауыра ма ішіңіз?

Міне, дәрі ішіңіз.

Басы «ауырған» Дана да,

Мәз боп шықты далаға.

Атап тұрып атымды,

Мені де ішке шақырды.

– Белгілі екен хәліңіз,

Міне, дәрі алыңыз!

Дәрісі оның қатты екен,

Дәмі бірақ тәтті екен.

Бізге дәрі дегені,

Кәмпит екен себебі.

ӘЙБАТ ЖІГІТ

Үлкенге де, кішіге,

Тұрады əр кез иіліп.

Ұқыпты əрбір ісіне,

Қарайды жұрт сүйініп.

Бекер қарап жатпайды,

Қолқанат боп жүреді.

Көрген адам мақтайды,

Əлиханды үнемі.

Құманы бар бүгін де,

Иығында орамал...

Осы Əлихан түбінде,

Әйбат жігіт болады-ау!

ЖЕТІ ШЕЛПЕК

Жұма күні ақ мамам,

Жеті шелпек пісірді.

Енді тыным жоқ маған,

Бəрін маған ұсынды.

Жеті шелпек қолымда,

Көршілерге асықтым.

Міндетімді орындап,

Мерейімді тасыттым.

Қанаттанып есейдім,

Болдым нағыз қолқанат,

Жеттім үйге жеті үйдің,

Ақ тілегін арқалап...

БІЛІМ АЛАМ

Əжем мені Данам дейді,

Айтқан тілін жиі аламын.

«Сенеміз біз саған» дейді,

Ондай кезде ұяламын.

Атам мені Ерім дейді,

Ол үшін мен сүйікті өрен.

«Жігерің мол сенің» дейді,

Еркелікті тыйып келем.

Əкем мені Нұрым дейді,

Ең құрметті жанға балап.

«Білімді бол, күнім!» дейді,

Бітіреді жанға қанат.

Анам мені Жаным дейді,

Əлемдегі көрікті адам.

«Жана берсін бағың» дейді,

Бар мейірін төгіп маған.

Атам, əжем, əкем, анам,

Барлығы да қымбат маған.

Үміттерін ақтау үшін,

Үзбей-талмай білім алам!

ЖҰМЫСЫМ БАР

Жұмысым бар менің де,

Бекер қарап жатпаймын.

Кітап оқып ерінбей,

Жақсы өлеңдер жаттаймын.

Сабақтан тыс уақытта,

Үйірмеге барамын.

Акварельмен ұқыптап,

Көркем сурет саламын.

Жаттығамын күнде ептеп,

Қатысамын күреске.

Тартыламын турникке,

Жасай алам пресс те.

Домбыра да тартамын,

Əннен де бар талабым.

Есептен де алдамын,

Диктанттан да дарамын.

Жұмысым көп менің де,

Текке өтпейді уақытым.

Ісің болсын сенің де,

Сол болашақ бақытың!

МЕН ЖАЗУШЫ БОЛАМЫН

Таза дəптер, қаламым,

Кілең бестік сабағым.

Ата-əжемді қуантқан,

Мен зейінді баламын.

Жұмсағанға барамын,

Айтқан тілді аламын.

Бұзықтыққа бармайтын,

Мен тəртіпті баламын.

Əке менен ананың,

Түсірмеймін қабағын.

Ойнатамын бөпемді,

Мен үлгілі баламын.

Серік етіп қаламын,

Жұлдыз болып жанамын.

Мұхтар ата секілді,

Мен жазушы боламын!

ҚАНАТЫМ БОЛСА...

Екі қолым құралым,

Жиі жұмсап тұрамын.

Алыстағы дауысты,

Естиді екі құлағым.

Иісшіл екен бір мұрын,

Ұнатады қыр гүлін.

Ауыз аңдып тұрады,

Тəттілердің түр-түрін.

Ғажабына даланың,

Тоймайды қос жанарым.

Көргім келген жеріме,

Екі аяқпен барамын.

Баста шырақ – білім бар,

Ауызда орақ – тілім бар.

Əжем қойған желкемде,

Желбіреген тұлым бар.

Бағытыма баратын,

Тез жеткізіп салатын.

Жетіспей тұр өзіме,

Тек ұшатын қанатым!

ҚИЯЛ

Көк теңізде жалықпай,

Жүзсем шіркін балықтай.

Қанат қақсам биікке,

Қыран құстай қалықтай.

Ұшсам сонау алысқа,

Шықсам шіркін ғарышқа.

Жүгіргенде шаңыма,

Жете алмаса барыс та.

Бөлмеме әрең сиямын,

Өзімді әрең тиямын.

Шынашақтай болсам да,

Шыңдай менің қиялым.

ТУҒАН ЖЕРІН ҚИЯ МА?

Құстар қайтып барады,

Жылы жаққа асығып.

Сезімдерін жаралы

Өзгелерден жасырып.

Осында олар жетілді,

Қанат қақты қарманып.

Олар да адам секілді

Жылауға тұр сәл қалып.

Қайтарында құс тағы

Туған жерін қия ма?

Қарайламай ұш тағы,

Күліп орал ұяңа!

ӨМІРІҢДЕ БАРМЫН БА?

Береке жоқ ісімде,

Сырласам тек түсімде.

Күндіз-түні анашым,

Интернеттің ішінде.

Не боп жатыр далада,

Не боп жатыр балаға?

Бар қызығы анамның,

Қолындағы қарада.

Соған уақыт арнайды,

Содан басын алмайды.

Ақыл айтып әлемге,

Дүниені шарлайды.

Шын жанашыр жан мұнда,

Отырмын ғой алдыңда.

Өміріңде жан анам,

Мен негізі бармын ба?

Бар әлемде бала үшін,

Сен қымбатсың анашым!

Бүйте берсең бір күні,

Мені таппай қаласың...

БӘСІРЕ

Бәсіремді суарып,

Қайттан едім жағадан.

Қу ағаштай қуарып,

Келе жатты кәрі адам.

Тізгін тартып үлгердім,

Қардай аппақ пейілмен.

Аттан түсіп, жол бердім,

«Апа, өтіңіз» дедім мен.

Деді апам: «Қарама,

Жол сенікі, жорт балам.

Бәсірелі балаға,

Қария да тоқтаған.

Жолың ашық, қарағым,

Қайталама мұндайды.

Бәсірелі баланы,

Тоқтатуға болмайды».

Естен кетпес ол сезім,

Қандай ғажап жөн білген.

Қарияның сол ссзін,

Ұмыта алмай жүрмін мен.

Бүкіл әлем мақтаған,

Дәстүрі де әдемі.

Ата салтын сақтаған,

Қазақ қандай дана еді!

ЖАМБЫ АТУ

Сəт басқадан өзгеше,

Құрметтейді қатары.

Нысананы көздесе,

Дəл тигізіп атады.

Садағы əлде дара ма,

Сиқырлы ма жебесі.

Дəл өзіндей балалар,

Қиыс атад неге осы?

Құдай өзі қолдай ма,

Атқан оғы дəл тиіп...

Біз қараймыз ондайда,

Ауызымыз аңқиып.

ҚЫМЫЗ

«Сабадағы сары бал,

Әрі қуат, әрі нәр.

Дәрумен бе, дәрі ме,

Бұл қымызда бәрі бар.

Дастарханның ажары,

Сусындардың ғажабы.

Қымыз маған күш берер,

Шөлімді де басады».

Дейді құйттай Жанәділ,

Қымыз құйсаң, тартады.

Қымыз ішкен баланың,

Күш-қуаты артады.

ВЕЛОШАБАНДОЗ

Жүнісбектің Берігі –

Кластағы ең ірі.

Қашан, қайдан көрсең де,

Велосипед – серігі.

Қырдан, белден асады,

Тау да, тас та басады.

Мінсе болды великке,

Жын қуғандай қашады.

Жарысқанда желдей-ді,

Ешкімге жол бермейді.

Осы біздің бапкерлер,

Неге оны көрмейді?

ФУТБОЛШЫ

Әсет допқа құмар-ақ,

Әдеті осы күндегі.

Теңбіл допты қуалап,

Терлеп-тепшіп жүргені.

Футбол ойнап күні-түн,

Жаны рақат табады.

Ақтап елдің үмітін,

Ол футболшы болады.

Әсет жас қой әлі де,

Қуантты оның талабы.

Талаптының бәрі де

Өз бақытын табады.

АМАНАТ

– Жүр, барайық мектепке,–

Деді әжем – қарт ана.

Өз қолымен жетектеп,

Отырғызды партама.

– Білім тоқы, бала, сен,

Көріне бер алдан тек.

Аманаттап ақ әжем,

Еркелетті:

– Қарғам, – деп.

Сабағымды күндегі

Қарайтын да сол еді.

Кеше күліп жүрген-ді,

Бүгінде әжем жоқ енді.

Жолында арман аялы

Жүрмін күліп, жылап та.

Ақ әжемнің баяғы

Аманаты құлақта.

Елдің болам тірегі,

Текке қарап жатпаймын.

Ақ әжемнің тілегін –

Аманатын ақтаймын.

ҰҚЫПСЫЗ

Бүгін Бейсен кеш тұрды,

Тәтті ұйқыға басыпты.

Тыңдамастан ешкімді,

Сабағына асықты.

Шала-пұла жуынып,

Киімдерін іздеді.

Тұр әлі де жұмулы

Былшық басқан көздері.

Көйлегі мен шалбарын

Тез-тез киіп, жиналды.

Бәтеңке іздеп ол тағы,

Жаны әбден қиналды.

Тапты бірін ол, әне,

Сабағынан кешікті.

Бәтеңкенің сыңарын

Күшігі алып кетіпті.

ҚАРЛЫҒАШ

Киелі құс – қарлығаш,

Шатырға ұя салыпты.

Ұрпағына қарыны аш

Тасиды өзі азықты.

Балапанын баптайды,

Шыр-пыр болған ол да ана.

Ешбір тыным таппайды,

Шаршамайды сонда да.

Қанаттанды құстарым,

Аңсады олар аспанды.

Аяқтарын нықтанып,

Қалықтауға шақ қалды.

Балапанын ұшырып,

Ақталғанда арманы,

Айыр құйрық досымның

Қайта оралмай қалғаны.

Шошытты деп ал мұны,

Кінәласам мысықты,

Құс біткеннің барлығы

Жылы жаққа ұшыпты.

ДОС КЕРЕК

Сатып алған жаңадан,

Самокаты самғайды.

Алып шықса далаға,

Балаларды баурайды.

Құрбысы оны көрді де:

«Тебейінші, бер» деді.

Өзімшілдік жеңді ме,

Сәл ойнауға бермеді.

Қапаланып тұр Айша:

«Құлап қалса, оңбайды».

Деді әкесі: «Бұлайша

Қызғануға болмайды.

Жабыққанда дос керек,

Өмір әлі алдыңда.

Қалмасын ол өкпелеп,

Дос көңілін қалдырма».

Айша – ақылы бар бала,

Қателігін түсінді.

Құрбысына жап-жаңа,

Самокатын ұсынды.

ТАЗАЛЫҚТЫ СҮЙЕМІН

Үлкен болдым мен енді,

Үйден шаңды қуамын.

Шүберекпен еденді

Жалтыратып жуамын.

Шкаф, диван, үстелді

Сүрттім бәрін жақсылап.

Бойыма бір күш келді,

Одан сайын қамшылап.

Сүрттім тағы бүгін де,

Терезе мен айнаны.

Күннің көзі күлімдеп,

Үйдің іші жайнады.

Бір ерекше күйге еніп,

Бөлме кетті жанданып.

Босағаға сүйеніп,

Әкешім тұр таңғалып.