Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 24 Қыркүйек 2024

Шахаровқа қыздар мектебі не үшін керек?

Асхат Шахаров
Фото: ашық дереккөз

ҚР Конституциясының 30-бабына сай ел азаматтары орта білім алуға міндетті. Сондай-ақ кез келген оқу орнының қызметі мемлекет белгілеген жалпыға ортақ стандартқа сәйкес келуі керек.

 Конституцияда жазылған осы екі талап білім саласы қалай жұмыс істеуі керек екенін соқырға таяқ ұстатқандай анық көрсетіп отыр.

Бірақ кейінгі кезде буынсыз жерден пышақ ұрып, орынсыз талап қоятындар көбейіп кетті. Бірі – мектепте хиджаб киіп жүргісі келеді, енді бірі – тек қыздар оқитын мектепке барғысы келеді. Тағы біреулер діни оқу орнын ашып, өзі белгілеген тәртіппен шәкірт тәрбиелеуге ниетті. Мұндай бас-басына би болған топтар елдің білім саласын былыққа батырып, жасөспірімдердің алаңсыз білім алу құқығына қол сұғады.

Жақында Ақтөбе облысында тек қыз балалар оқитын «Атамекен» атты жекеменшік мектептің ашылғаны жайлы ақпарат тарады. Мектепте 400-ден аса қаракөз білім алып жатқан көрінеді. Көпшілік ХХІ ғасырда, зайырлы елде қыздарды бөліп оқытудың астарында не жатыр деген сұраққа бас қатырып жатыр.

Қыздар мектебін ашуға діни сенім себеп болғанға ұқсайды. Мұны «Атамекен» мектебінің басшылары растаған. Олардың айтуынша, мектепке хиджаб таққан қыздар келеді, олар сабаққа кірерде діни киімін шешіп қояды. Бірақ бұл уәжге сену қиын. Әлеуметтік желіде тараған видеодан мектеп ауласында кіл хиджаб киген өрімдей қыздардың жүргені анық көрінеді. Оның үстіне мектеп директоры орамал тағатын мұғалімдер де бар екенін айтып отыр.

Оқушылары мен оқытушылары діни киім кисе, тек қыздар оқитын болса, бұл мектепте оқу процесі оқу-ағарту министрлігінің талабына сай жүре ме? Бұл сұрақты мектеп басшылығының өзіне қоюға тырыстық. Бірақ директор Венера Жолдыбаева телефон тұтқасын көтермеді, жазған хатымызға газет беттелгенше жауап бермеді. Ал облыстық білім басқармасы біздің сауалға тіке жауап бермей, сырғытпа сөзбен құтылды.

Білім басқармасының хабарлауынша, «Атамекен» мектебі 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап жұмыс істеп тұр. Мектепке жалпы білім беру саласында білім беру қызметін жүргізу құқығы берілген, бастауыш білім, негізгі орта білім, жалпы орта білім бойынша мемлекеттік лицензиясы бар. 2 ауысымда жұмыс істейді, мемлеттік және орыс тілінде оқытады.

«Мектеп «Қаржы орталығы» АҚ тарапынан мемлекеттік тапсырыс алады. Оқушы контингенті – 441. Олар ҚР білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығының талаптарын орындап отыр. Мектептегі оқу-тәрбие процесі ҚР оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Мектепте 29 педагог, 2 кіші қызметкер қызмет етеді», – деді білім басқармасының ресми өкілі.

Мекеме өкілдері мектеп ауласында неге хиджаб киген қыздар жүргенін түсіндірген жоқ. Бізді жекеменшік мектеп пен облыстық білім басқармасының неге мұнша жабық саясат ұстанып отырғаны таңғалдырды. Егер бәрі заңды, бәрі талапқа сай болса, неге жасырынбақ ойнап жүр. «Атамекен» мектебі тіпті әлеуметтік желідегі жеке парақшасын өшіріп тастапты. Қазір барлық мекеме, ұйымдардың әлеуметтік желіде парақшасы бар. Табыс табудан үміті бар кәсіпкерлер үшін бұл өте керек құрал. Бірақ ақылы жекеменшік мектептің бұл мүмкіндіктен неге бас тартқаны белгісіз. Әлде мектеп ішінде жұртқа жариялауға болмайтын жасырын түйін бар ма?

Діни киім кигісі келетін оқушыларға арналған жеке мектептің ашылуы қуанатын жаңалық емес. Біз сөйлескен мамандар бұл қадам бұдан да терең діни талаптарға жол ашуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Мысалы, бүгін қыз баланың бөлек оқуын талап еткендер ертең олардың білім алуына тосқауыл қоймайтынына кім кепіл? Мұның соңы әйелдер қауымын оқытпайтын, жұмыс істетпейтін жабық қоғамға бастауы ғажап емес. Мұндай қауіп жоқ дей алмаймыз, өйткені географиялық тұрғыда бізге жақын орналасқан Ауғанстан елінде қазір осындай жағдай болып жатыр.

Атамекен мектебі
Ақтөбедегі қыздар мектебі. Фото:ашық дереккөз

Даудың басы – Ермекбаев пен Бейсембаевта жатыр

Ақтөбедегі қыздар мектебі аяқ астынан ашыла қалған жоқ. Бұл мәселенің тамыры тереңде жатыр. 2018-2019 жылдары өңірде бір топ ата-ана «хиджаб кигізбесеңдер, баламды оқытпаймын» деп, 10 жастан енді асқан қыздарын мектепке жібермей қойған. Сол кезде олар діни сенімге сай келетін мектеп-медресе ашып беріңдер деп талап қойғаны есімізде.

Жағдай осылай ушығып тұрғанда сол кездегі дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «қыздары орамал тағып, хиджаб киетін ата-аналар бірігіп демеуші тауып, жеке мектеп ашып алса болады» деп айды аспанға шығарған. Министрдің сөзінен күш алғаны шығар, 2018 жылы Ақтөбеде мектепке хиджаб тағып келетін оқушылар саны 340-қа жетті.

Ермекбаевтың «батасын» алған ата-аналар ақыры хиджаб тағып баруға болатын мектепке қол жеткізіп отыр. Дін істерін басқарып тұрғанда осындай оғаш ойларымен сынға қалған Ермекбаев кейін қорғаныс министрі болды. Ол саланы да ұшпаққа шығарған жоқ. Керісінше, Арыстағы әскери қойма жарылғанда «бұл табиғи апат» деп күлкіге қалған. Не айтып, не қойғанын өзі де анық білмейтін осындай министрлер әр саланы бүлдіріп, өзінен кейінгілерге бітпейтін дау мен проблема қалдырып кетеді. Ермекбаевтан қалған мұра – хиджаб киген қыздарға арналған жекеменшік мектеп болды.

Бұл мектептің ашылуына қазіргі оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың да үлесі бар. Былтыр ол «мектепке хиджаб киіп келгісі келетіндердің тізімін жасауды» ұсынып, жалтақойлық танытқан. Онымен қоймай, оқушы қыздардың хиджаб кию-кимеу мәселесін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасымен ақылдасатынын айтқан. Оқу-ағарту министрінің осы сөздері діни мектепті аңсаушыларға үлкен мотивация берді. Олар әлеуметтік желіде «Бейсембаев біз жақта» деп сүйіншілеп жатты.

Сөйткен Бейсембаев биыл «мектепте хиджаб мәселесі жоқ» деп түлкі бұлаңға салып жүр. Бір сөзі екінші сөзіне қайшы келіп жүретін министр Ақтөбедегі «Атамекен» мектебі жайлы жұмған аузын ашпай отыр. Әлде белсенді ұстаздарды заңмен қорқытып, қалғанын әлем-жәлем сөлкебаймен алдап соғатын министр мұндай мәселеге бас қатырмай ма екен?

Жекеменшік мектепке министрлік те, қоғам да бақылау жасай алмайды

Шымкент қаласында тұратын танымал мұғалім Өмір Шыныбекұлына хабарласып, тек қыз балалар оқитын мектеп туралы ойын сұрадық. Тәжірибелі ұстаз білім саласын бір ізге салу неге қиын екенін айтты.

«Ұзақ жыл педагогика саласында жүрмін. Бірақ ұл мен қызды бөлек оқытудың білім сапасына қандай пайда-зияны бар екенін айта алмаймын. Дегенмен дәл қазір біздің елде қыздар мектебін ашып, бөліп-жарғандардың ойында білім емес, діни түсінік тұр ма деп қауіптенемін. Мұның соңы неге соғар екен деген алаң бар. Ақтөбедегі мектептің ауласында орамалды қыздар жүргені рас болса, ертең ерлер отырған жерге әйелдер, әйелдер отырған жерге ерлер кіруге болмайды деген діни қағида орнамасына кім кепіл?

Менің ұстаздық тәжірибеме сүйенсек, балалар аралас оқыса, қыздар қандай болатынын, ұлдар қандай болатынын көріп, бір-бірінен қымсынып, аяқ тартып жүреді. Бұл балаларға психологиялық тұрғыда пайдалы. Ал бөлек оқыса, қалай болатынын айта алмаймын. Мектеп басшыларының қыздар сырттан хиджаб киіп келіп, сабаққа кірерде оны шешіп, мектеп формасымен жүреді дегені – таза көзбояушылық. Менің ойымша, бұл мүмкін емес.

Конституцияда білім беру стандарты белгіленгенмен, әркім әртүрлі мектеп ашуға неге әуес? Мұның басты себебі – оқу-ағарту министрінің қолында барлық мектепке сөзін өткізе алатын билік жоқ. Тіпті министрліктің мектептер мен балабақшаларға жақындығы өгей әкедей ғана деуге болады. Себебі өңірлік білім басқармасының басшысын облыс әкімі тағайындайды, облыс әкімі тағайындаған басқарма басшысы мектеп директорларын өзі таңдайды. Бұл тағайындауларға министрдің «келісті» деген формалды ғана қатысы бар. Елдегі білім саласын бір ізге саламыз десек, мәселені осы жерден бастаған дұрыс. Министрге қосымша вице-премьер дәрежесін беру керек дегенді көптен бері айтып жүрмін, сонда оның әкімдерге сөзі өтер еді.

Неге оқу стандартына, Конституцияға сүйеніп, бағыты бұлыңғыр жекеменшік мектептерді ашуға тосқауыл қоя алмаймыз? Бұған заңдағы кемшілік себеп болып отыр. Қазір жекеменшік балабақшалар мен мектептер шағын бизнес субъектісі саналады. Оларға ешкім тексеріс жүргізе алмайды. Мен өзім Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшесімін, бірақ жекеменшік оқу орындарына кіре алмаймын. Қатты мазаласаң, бірден прокуратураға арыз жазады. Яғни мұндай мектептерге оқу-ағарту министрлігі де, қоғам да бақылау жасай алмайды. Содан да болар, олар білгенін істеп жүр. Білім нысандары неге шағын бизнес болып отыр, олар идеология ошағы емес пе?!» – дейді оқытушы.

Ақтөбе облысы еліміздегі діни ахуал ең күрделі өңірлердің бірі. 2016 жылы қалада лаңкестік болып, 25 адам қаза тапқан. Оның ішінде 4 қарапайым тұрғын мен 3 әскери қызметкер бар. Осыдан кейін облыста терроризмге қарсы күрес күшейгендей көрінгенмен, жат ағымның жетегінде кеткендер азаймай тұр. «Жусан» операциясы арқылы Сириядан қайтарылған отандастарымыздың арасында да бұл өңірдің тумалары аз болған жоқ. 2019 жылы баласының хиджабын шешпей, мектепке жіберуден бас тартқан ата-аналар да осы облыстан шыққан.

Демек, діни атмосфера күрделі облыс ретінде жағдай жіті бақылауда болуы керек еді. Жасөспірім баласының мемлекет белгілеген мектеп формасын киюіне қарсы, діни атрибутқа аса әуес ата-ананың айтқанына көне беру жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Облысты былтыр қыркүйектен бері басқарып отырған Асхат Шахаровтың бұл мәселеден хабары жоқ сияқты. Шахаров мырзаға қыздар мектебі не үшін керек болғанын сұрап, әкімдікке хабарласқан едік, ондағылар бар мәселені білім басқармасына сілтеп, бастарын ала қашты.

Министрдің сөзі жүрмесе, әкім назар салмаса, өңірдегі білім саласы, оның ішінде ата-анасының айтқанына еріп, шақшадай басы шарадай болып жүрген қаршадай қыздардың жағдайы не болады? Сол үшін Бейсембаев пен Шахаров бір-біріне сеніп отыра бермей, «Атамекен» мектебіне қатысты міндетті сөздерін айтуға тиіс.

Қуаныш Қаппас