Шахтинскідегі ЖЭО-ның 75 пайыз тозығы жеткен
Бүгінде Шахтинскідегі ЖЭО -ның жағдай алаңдатарлық. Бұл арада 10 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
Мамандардың айтуынша, соның кесірінен энергетикалық нысанның 75 % тозығы жеткен.
Әйткенмен, биыл басталған күрделі жөндеуде кедергілерге килігіп отыр. Басты түйткіл- жұмысшы мамандар жетіспей жатыр. Проблемалық кешенде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев болып қайтты.
Жылыту маусымы басталғанша мұндағы үш қазандық пен екі турбина жаңартылмақ. Екі мердігер компания өкілдері әкімге № 1 және 4 қазандықтағы міндеттер мерзімге сай жүріп жатыр деп сендірді. Қажетті құрылыс материалдар жеткілікті көрінеді. Бірақ, № 3 қазандықты жаңартуға жауапты мердігер ұйым жұмысшы күшінің аздығынан кестеден артта қалып келеді. Аймақ жетекшісі жауаптыларға бригада құрамын 10 адамға дейін ұлғайтуды және жергілікті әкімдікке күнбе-күн жұмысты бақылауға алып отыруды тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы жылыту маусымына дайындық үшін әркім дербес жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
«Жұмысшы жетпесе, сырттан адамдар жалдаңыздар! Қажет болса, тәулік бойы жұмыс істеңіздер! Энергияны қадағалаушы мамандар салғырттыққа салынбай, істі жіті бақылауға алуы керек», – деп атап өтті өңір басшысы.
Сапар барысында Е. Бөлекпаев байқаған тағы бір кемшілік, ЖЭО-ның түтін соратын құрылғының үстіндегі шатыр апаттық жағдайда тұр. Мердігерлердің айтуынша, қыркүйек айына дейін ол олқылық орнына келеді.