Шәкерімнің Саят қорасы: министр жауап бермейді, әкім мүлде көрмейді
Биыл Шәкерім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл. Ақынның мерейтойын дүбірлетіп тойлап бастағанымызға да біраз уақыт болды.
Әдетте мұндай даталы мерекелердің көбісі, бірсыдырғы жаттанды күйде өтеді. Жоғарыдан төменге дейін жыл бойы алаулатып, жалаулатамыз, түрлі конференциялар ұйымдастырылады, реті келсе ат шаптырып той жасаймыз, сәті түссе ақындарды айтыстырып, «әп, бәрекелді» деп бір жасап қаламыз. Арагідік ақпарат көздерінде мерейтой аясында істеліп жатқан игі істерді шолып өтеміз, әйтпесе, ескілі жаңалы кітаптарын қайта бастырып шығарамыз, сонымен бітті.
Ш.Құдайбердіұлының мерейтойы да дәл осы ескі сүрдек, көне сүрлеуден алыстай қойған жоқ. Аузымыздың дәмін алып айтқанымыз болмаса, нақты істеліп жатқан іс аз. Бұлай деп айтуымыздың да өз қисыны бар, басқасын жиып қойғанда Шәкерімнің Саят қорасы қараусыз жатыр. Иә, Кәдімгі Саят қора, қажы өмірінің соңғы жылдарын өткізген, қазақ руханиятына азық боларлық шығармаларын жазған, елден безіп, жұрттан түңілгенде жаны тыныштық тапқан Саят қора қазір құлаудың, жер бетінен жойылудың аз-ақ алдында тұр. Әрине, ұзақ уақыттан бері жөндеу көрмеген, қол тимеген. Жел мұжыған, жауын кемірген ең ақырында қабырғасы қақырап құлаған.
Бұл ақпаратты «Жас Алашқа» хабарласқан Абайдың Жидебай Бөрілі қорық мұражайының Жидебайдағы қорық меңгерушісі Айқын Ақболат айтты. Кейіннен бейнежазбадан да көрдік. Сырты темірмен қоршалған Саят қораның сұлбасы қалың шөп арасынан қалқияды. Қабырғаның дені құлаған, тек бұрыш бұрышы ғана сау, оның өзі мүжіліп, кеміріліп біткен. Жан шошырлық қиын жағдай. Мына бір жатаған тау арасындағы кетеуі кеткен, қалқиып, бұрышы қалған қыстау орнын Шәкерімнің Саят қорасы деуге аузыңыз бармайды. Бірақ ақиқаты – сол.
Әуелі бұл хабарды естігенде үстімізден біреу суық су құйып жібергендей күй кештік. Тіпті сенерімізді, не сенбесімізді біле алмай аңтарылдық. Содан істің мән-жайын білейік деп, 4 тамыз күні Мәдениет және Спорт министрлігінің баспасөз орталығына ресми сауал жолдадық. Онда Саят қораның құлағалы тұрған мүшкіл жағдайынан министр Ораловтың хабары бар-жоғын, не себепті жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін сұрадық. Біздің сауалымызды Ботагөз Жақиянова есімді министрліктің баспасөз қызметкері қабылдап алды. Тиісті комитеттерге жіберіп, сауалымызға жауап беретінін айтты. Көп кешікпей, ресми сауалда көрсетілген қалта телефонымызға қоңырау келді.
Сөйтсек, бізге репертуарлық саясат және өңірлік қызметті үйлестіру басқармасының басшысы Рига Талғатқызы хабарласыпты. О кісінің сөзі түйеден түскендей: «Сіз маған не сауал жібердіңіз?» деді. Осылай да осылай, Шәкерімнің Саят қорасы деп жұмсақтап түсіндіре бастап едік әлгі басқарма басшысы: «что такой Саят қора, сонда ол Шәкерімнің мал қорасы ма?» деді. Мәссаған! Міне, қызық! Не айтарымызды білмей, тілімізді тістеп қалдық. Манағы «қажының Саят қорасы құлағалы тұр» деген суық хабарды естігендегі төбемізден су құйылғандай болған күйіміз әншейін екен, енді у жұтқандай болдық. Бойымызды буған ашу мен ызаны тиып барынша түсіндіруге тырыстық. Саят қораның мал қора емес екенін, Ш.Құдайбердіұлының жаны тыныш тапқан, шығармашылықпен еркін айналысқан құтты қонысы екенін, қазір оның құлағалы тұрған қиын жағдайын айттық. Рига Талғатқызы құлықсыздау тыңдады да: «бұған біз жауап бермейміз.
Хатыңызды өзге басқармаға жіберемін» деді. Сөйтсек, біздің сауалымызға тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдәліқызы жауап беруі тиіс екен. Ал біздің Саят қораның түзелуіне, еңсесін қайта тіктеп, әуелгі қалпына келуіне септігі тисе екен деп жолдаған сауалымыз «адасып» Риганың алдына барып, «что такой мал қора» деген сөз естілді. Екі күн демалыстан соң министрлікке жолдаған сауалымызға қайта сұрау салдық. Алдымен Рига Талғатқызына хабарласып едік, ат бойын ала қашты. «Сауал бізге қатыссыз, әу баста жаңылысып жіберілген, бұған басқа комитет жауап береді. Мен оларға ескертем» деп құтылғандай болды.
Енді, хатымызды қабылдап алған Ботагөз Жақияноваға хабарластық. Естіген жауабымыз: «Дайындалып жатыр. Сауалды жергілікті әкімшілікке жібердік, жауап күтіп отырмыз» болды. Демек, біздің сұрағымыз Абай облысына, не Абай ауданына жіберілген болды. Солардың уәжін естігеннен соң министрлік нақты жауап беретін көрінеді. Сонда осы уақытқа шейін 165 жылдық мерейтойы аталып жатқан Шәкерімнің Саят қорасының жағдайынан облыс әкім Нұрлан Ұранхаев хабарсыз ба? Әлде, әрекет етуге құлықсыз ба? Оны министрліктің нақты жауабынан білеміз. Ал біз Саят қораға қайта оралайық.
Саят қораның қиын жағдайын, енді аз уақытта киелі қыстаудан сынық кірпіш қалмай жермен жексен болатынын айтып шырылдап жүргендердің бірі – Абайдың Жидебай Бөрілі қорық мұражайының Жидебайдағы қорық меңгерушісі Айқын Ақболат. О кісіге хабарласып, дайындап жатқан материалымыз туралы айтып бастап едік бірден сөйлеп ала жөнелді. Бізге көп сұрақ та қойдырған жоқ. Жіпке тізгендей етіп, рет-ретімен айтып шықты. Айқын сөзін: – Бұл өте күрделі мәселе – деп бастады да:
– Көз алдымызда тарихи дүние жоғалып барады. Біз көбінесе Абайды, Шәкерімді іздейміз, бірақ олардың жүрген жерлерін, шығармалары дүниеге келген жерлерін іздемейміз, көрмейміз. Соның бірі – жоғалып бара жатқан Шәкерімнің Саят қорасы. Қажы мұнда 1925 жылдан 1931 жылға дейін мекендеді. Көптеген құнды дүниелер жазды. Ең өкініштісі – осы уақытқа дейін Шәкерімнің Саят қорасына арнайы экспедиция ұйымдастырылып, археологиялық зерттеу жүргізілген де жоқ. Егер осындай ғылыми экспедиция ұйымдастырса, мүмкін қажыға қатысты көп дүниенің беті ашылар ма еді. Міне, биыл Шәкерімнің туғанына 165 жыл толып отыр. Бірақ оның Саят қорасы әлі қараусыз жатыр. Енді соның басын көтерейін, жоғалуға айналған қыстаудың орнын қайта түзейін деп бір азаматтың білек сыбанып шықпауы батырып айтқанда ұлт үшін ұят дүние.
Егер сіз Саят қораны көзбен көрсеңіз бәрін түйсініп, білер едіңіз. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бірақ қазіргі хәлі соншалықты аянышты. Құлаудың аз-ақ алдында тұр. Жандос Әубәкір дейтін азамат Саят қораға бірнеше рет арнайы барып, осы мәселені көтеріп жазып жүр. Қазір Саят қораның сыртын темір шарбақпен қоршаттық. Ендігі жұмыс Саят қораны қайта көтерсе, тиісті мамандармен кеңесе отырып әуелгі қалпына келтірсе. Мұны тіпті үлкен бір орталыққа да айналдыруға болады. Осында Абай облысына келген саяхатшылар Шыңғыстауды аралағысы, Саят қораны көргісі келеді. Бұған қызығушылар шынымен де көп. Мысалы, менің өзім биылдың өзінде саяхатшыларды ертіп Шыңғыстауды, Саят қораны 7 рет аралап қайттым, әр жолы кемінде 3-4 адамнан болды. Келген кісілердің бәрі осындағы тарихи орындарды көздерімен көріп, тебіреніп қайтады. Көрдіңіз бе, егер осыны жандандырса, тіпті керемет болар еді.
Саят қораның қазір қалқиған үш бұрышы ғана қалды. Оның өзі етек тұсынан бастап жеміріліп барады. Бұрындары, қоршаусыз кезінде онда мал кірген, бүлдірген.
Осы арада басын ашып айта кететін бір жағдай – Жидебайдағы қажының экспедициялық мұражайы. Ол тек Саят қораның көшірмесі ғана. 2018 жылы қажының 160 жылдық мерейтойына орай жасалған. Оның ішіне тек Саят қораға қатысты дүниелер жинақталған, онда да тұтас Шәкерімнің өмірін қамтымайды. Сондықтан мұны Шыңғыстаудың ішіндегі қажы мекендеген Саят қорамен шатастырмауымыз тиіс. Сондай-ақ осы экспедициялық мұражай Саят қораға қаншалықты ұқсады. Мұны да дәп басып айту қиын. Себебі Ахаттың естелігінде Саят қора сәл басқаша суреттелінеді. Саят қораның ортасы жатын бөлме болған. Онда астынан жылитын пеш орнатылған, қажы сонда жұмыс істеген әрі демалған. Алдында тастан жасалған үстелі бар дейді, мұның бәрі Шәкерімнің жұмыс істеуіне өте қолайлы етіп жасалыпты. Ал жатын бөлменің сырты жылы болуы үшін мал қорамен, отын қорамен қоршалыпты.
Қорыта айтқанда, заман өзгереді, әлі зейінді, білімді ұрпақ өседі, тым құрыса сол ұрпақ үшін болса да Саят қора сияқты тарихи орындарды сақтауымыз керек, – деп түйіндеді. Айқынның дауысынан, сөйлеген сөзінен көз алдында үгітіліп, тоз-тозы шығып бара жатқан Саят қораға қаншалықты жаны ашитыны анық білініп тұр.
Материал дайындау барысында біздің бір байқағанымыз – жергілікті халық Ш.Құдайбердіұлының атын атамайды екен. Көбінесе «қажы» дейді. Ал атай қалса «Шәкерім» дейді. О кісіге қатысты естеліктерде де, ел арасында да Шәкерімнің жастайынан сері, керім болғаны, құс ұстап, ит жүгірткені көп айтылады, содан да болар тұтас Абай елі, Шыңғыстау топырағы қажыны Шәкерім дейді. Біз «Жас Алаш» газеті де осы бір әуелгі есімді қайта жаңғыртып, Шәкерім деп атағанды жөн көрдік.
Ендігі бір үстеме ақпар – Саят қораның салынуы турасында. Бізге жеткен толық мағлұмат қажының ұлы Ахаттың көлемді естелігі. Онда Саят қора жайлы: «1925 жылы Кереймен жапсарлас, Шақпақтың күнгей бетінен, бұрынғы қорасынан он бес шақырымдай ары, жайлаудан әкейге жаңа қора салып бердік. Бір там, бір шошала, айналдыра салған пішен қора, ат қорасы болды. Өзі өлгенше сол қорасында болды. Жазда отынын, атқа беретін шөбін дайындап береміз. Соятын малын, соғымын 14-15 шақырымдай жердегі Байқошқар ауылындағыларға қойып кетеміз. Қыстай сол қорасында жазуын жазып, кітаптарын оқып жатады. Ауыл жайлауға шыққанда бірақ қосылады. Анда-санда ауылдан кісі барып, қал-жайын біліп тұрады. Ауыл қыстауға қайтарда әкей қорасында қалады. Не ауылмен келіп, қараша, желтоқсан айларында қорасына қайта барып жатады» дейді. Осының өзінен-ақ Саят қораның қазақ руханияты үшін қаншалық қадірлі, қастерлі һәм қасиетті екенін есті көңіл бағамдап білуі тиіс.
Түйін: Министрліктің жауабын күні бойы күттік. Бірақ олардан: «что такой Саят қора, сонда ол Шәкерімнің мал қорасы ма?» дегеннен өңге хабар келмеді. Біздің сауалымыздың Ораловтың есігін күзетіп тұрғаны, әлде Ұранхаевтың босағасын сығалап тұрғаны белгісіз. Министрдің баспасөз қызметі «міне, дайындап жатырмыз, тездетіп жібереміз» деді де, ұшты күйлі жоқ болды. Мұның бәрі де біз көндіккен, әбден етіміз үйренген әдепкі жағдай.
Ш.Құдайбердіұлы бір өлеңінде:
Жапанда жалғыз жаттым елден безіп.
Жалықсам аң қараймын тауды кезіп.
Оңашада жатқанды ұнатамын,
Елімді ел қылмасын ерте сезіп.
Жауға қатын, жақынға жалмауыздар,
Жалықпай көкмалтасын жүрсін езіп, – дейді. Бұдан асырып, бұдан жетесіне жеткізіп айту мүмкін де емес. Тек «жауға қатын, жақынға жалмауыз» атанып, «жалықпай көкмалтасын езгендердің» қатарына қосылмасақ болғаны – Оралов, Ұранхаев мырзалар!
Қанат Тілеухан, жазушы: "Қажының басында отырған қарапайым адамдардың жағдайы жасалса"
Абай мен Шәкерім аталарымыз жатқан Жидебайда оннан сәл асатын ғана үй бар. Онда музейдің қызметкерлері тұрады. Менің естуімше, былтыр Жидебайға жетпіс мыңдай адам келген. Саяхатшылар аяғы үзілмейді. Оны өз көзімізбен де көрдік. Ең әуелі осы Абай атамыздың қара шаңырағын, ұлы тұлғаларымыздың бейітіне қарап отырған адамдардың жағдайын қамтамасыз етсек. Қызметтік үйлерінің бәрі дерлік тозған, осыған қайта жөндеу жұмыстарын жасау керек. Егер осыны іске асырсақ, биылғы Шәкерім қажының 165 жылдығына бұл керемет сый болар еді. Сол баяғы конференция, айтыс сияқты шаралардан гөрі қажының басында отырған қарапайым адамдардың жағдайы жасалса. Бұл мекеме тікелей мәдениет министрлігіне қарайды. Айлықтары 70 мың теңге екен. Көбейту керек. Қазір ауылдағы тұрмыс та қиындап кеткен. Малдың шөп-жемінің өзі күн сайын қымбаттап жатыр.
Қажы өмірінің соңғы жылдары өткен Саят қорада болдым. Жойылып барады. Сыртын мал кіріп кетпесін деп қоршап қойған. Көріп, жүрегің ауырады. Аяулы ақынның ең ауыр күндері өткен мекені ғой. Совет кезінде қажының атын атаудың өзі қылмыс болды. Бірақ тәуелсіздік алғалы сол жердің ешкімге керексіз болғаны қалай? 2007 жылы Қазақстан Сирияның Дамаск қаласындағы Бейбарыс сұлтанның мазарын реставрациядан өткізді және әл-Фарабидің мәдени орталығын салу туралы шешім қабылдаған. Соған мемлекеттік бюджеттен 7-9 млн доллар арасында қыруар қаржы бөлген. Әл-Фараби атындағы орталық 20 мың шаршы метр. Бұл ақпарат сол кездері БАҚ беттерінде шыққан. Кейін Сирияда соғыс болып, соның бәрі қаңырап қалды. Ал енді өзіміздің Шәкерімге келгенде жағдай, міне, осындай. Қажының кіп кішкентай тошаласын тұрғызып беру ешкімнің ойында жоқ. Жыл өткен сайын жойып жатырмыз. Тіпті төбесін жапса деп ақсақалдар арман қылып жүр.
Шәкерім сияқты тұлғалар күнде туа бермейді. 165 жылдығын қазан көтеріп, жылқының майлы шегін жеумен атқармай, Саят қораны аман алып қалу жағы қолға алынса дейміз.
Жандос Әубәкір, «Абай академиясы» ҒЗИ директоры, ф.ғ.к., академик: "Саят қораны жауыннан, қардан сақтау үшін төбесін жабу керек"
Шәкерімнің өмірінің соңғы кезеңі өткен, қаншама құнды шығармалары дүниеге келген, ең негізгісі – ақын алақанының табы қалған аяулы мекен Саят қора. Данышпан ақынның елден жыраққа, Шыңғыстың қалың ішіне барып, шығармашылықпен айналысу үшін ұзақ жылдар ғұмыр кешкен тұрағы – Саят қораның жайы туралы мәселе көтеріп жүргенімізге біраз жылдар болды. Басты мақсатымыз – бүгінгі күні төрт қабырғасының бұрыштары ғана сақталған Саят қораны сақтап қалу.
Ең алдымен, болашақта Саят қораға қатысты қандай жұмыстар атқарылу керек деген сұрақ әркімнің көкейіне келіп, өз ойымен бөлісетіні анық. Қысқаша айтсақ, біздің ойымыз төмендегідей:
Біріншіден, Шәкерімнің өмір кезеңіндегі мекені болған жерлердің, Саят қораның ерекшелігін ақынның шығармашылық өмірбаянымен бірге қарастырып, яғни осы қасиетті мекенде дүниеге келген ақын мұрасын жан-жақты зерттеуіміз керек.
Шәкерім қажы 1912 жылдан 1925 жылға дейін «Кең қоныс» деген жерді мекен еткен. Осы алғашқы қорасы мен жері 1924 жылы крестиян болып орнаған шаруалардың теліміне тиіп кеткендіктен, 1925 жылы Шақпақтың күнгей бетінен жаңа қорасы «Саят қора» салынады. Ақын 1925 жылдан өмірінің соңына дейін қазіргі таңда «Шәкерімнің тошаласы», «Саят қора» деп аталып кеткен қорада өмір кешкен. Осы мекендерде ақынның негізгі мұралары дүниеге келді. Тарихи жерлердің ерекшелігін ақын мұрасынан да, Шәкерім туралы естелік әңгімелерден де көре аламыз.
Екіншіден, археолог мамандар Саят қораның өз басына да, төңірегіне де барлау жұмыстарын жасап, ақын дәуіріндегі қора-қоршаудың нақты орнын анықтау қажет. Ақынның үстелі іспеттес болған көк тасты тауып, тарихи мекенге барлау жұмыстарын жасаса.
Үшіншіден, ақын қолжазбаларын іздеп келе жатқанымызға қаншама уақыт өтті. Саят қораның төңірегінде ме, әлде Шыңғыстың басқа жерінде ме, бір жерге ақын шығармалары тығылғаны анық. Жекелеген адамдардың қолында Шәкерім мұрасы салынған чемодан тығылған жердің картасы бар деген де естіліп жатыр. Осы бағытта ауқымды жұмыстар жасалынуы қажет.
Төртіншіден, Саят қораға барғысы келген адамдарға Шәкерімге қатысты тарихи орындардың маршруттық картасы көрсетілген анықтамалық болса, олар арнайы сайттарға жүктелсе. Себебі жылдан-жылға Саят қораны көріп, отыз жыл бойы ақын денесі жатқан «Құр құдыққа» зиярат жасағысы келетін адамдардың көбейгенін, сұраныстың молайғанын байқап жүрміз. Елдің көбі Шыңғыс ішіндегі қара жолдарды білмегендіктен, кедергілерге ұшырап жатады.
Бесіншіден, ең негізгісі – Саят қораны жауыннан, қардан сақтау үшін төбесін жабу керек. Бүгінгі таңда Саят қораның мүжілген қабырғалары да жоғалып барады. Жауын мен қар астында қалған тарихи орынды қайта қалпына келтіру бүгінгі күннің басты міндеті. Бірақ бізде қайта жаңғыртамыз деп толығымен тарихи ғимаратты күреп тастап, жаңадан қалап, ескілік құнын жоғалтып жіберетін жайлар да кезігіп жатады. Біздің ұсыныс: бүгінгі күнге жеткен Шәкерім мен балаларының өздері қалаған кірпіштерді сақтай отырып, ары қарай қайта қалап шығып, төбесін жабу. Бұл елімізде де, әлемдік тәжірибеде де бар. Оның айқын көрінісі – Тараздағы Айша-бибі кесенесі.
Алтыншыдан, жаз кезінде «Абай жолындағы тарихи жерлерге саяхат» деп Шыңғыс ішіне арнайы туристік бағыт ашса да болады, яғни туристік маршрутқа айналдыру қажет. Саят қораға барар жолда Көкбай ақынның кесенесі, мешіт-медресесі, ал Саят қораның маңында Шәкерімнің Қарабұлағы, алғашқы қонысы Кеңқоныс, атылған жері Керегетас, 30 жыл денесі жатқан Құрқұдық, ұлы Абай дүниеден озған Бала Шақпақ деген тарихи мекендер бар. Сәл әрірек Байқошқарға қарай жүрсеңіз, Абай хәкімнің жаз жайлауы болған, «Жаздыгүн күн шілде болғанда» өлеңі дүниеге келген Көпбейіт тұр. Мұның бәрі «Абай жолында» суреттелетін жерлер. Шыңғыстаудың жазғы табиғатын көрем деген жандар осы жаққа келгені ләзім емес пе?! Қазіргі таңда «Абай-Жидебай» қоғамдық қоры көптеген тарихи жерлерге белгі қоюды бастады. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса беруі қажет.
Жетіншіден, осы жұмыстардың барлығы данышпан ақынның 165 жылдығына орай биыл басталуы шарт. Әйтпесе, мерейтойлық науқаншыл еліміз келер жылдары бұл мәселелерді ұмытып кетуі де ықтимал...
Бет қатталып жатқанда: Ақыры министрліктен сарыла күткен жауап-хат та келді. Онда: «Хатта баяндалған Абай облысының Қарауыл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан «Саят қора» нысаны, бүгінгі Шәкәрімнің аңшылық үйі (мемориалдық тақта), ХХ ғасырдың 20-30 жылдары) – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 12 қаңтардағы №4 қаулысымен енгізілген.
Бүгінгде нысанның меншік иесі болып Абай облысының Көкбай селолық округінің әкімдігі.
Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра нысанын қорғау және пайдалану туралы» Заңының 11-бабы 1) тармақшасына сәйкес тарихи-мәдени мұра нысанын анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және олардың жай-күйін мониторингтеуді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрі – әкімдіктер) қамтамасыз етеді.
Бұл ретте, Министрлікке қарасты «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы Абай облысы әкімдігімен бірлесе аталған нысанның мәртебесін көтеру мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізуді қолға алды.
Сонымен қатар аталған нысанның тарихи маңыздылығын ескере отырып, 2006 жылы «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Шәкәрімнің саят қорасы» музейі ашылды. Музей сол кездегі Саят қорадан мағлұмат беретін, ақынның мұрасын насихаттайтын экспозициядан құралған» делінген.
Біз бұдан нақты сұрағымызға мардымды жауап алмадық. Ең сорақысы – хат арнайы іс-қағазға салынбаған, кіріс-шығыс нөмірі көрсетілмеген, тіпті мекеменің аты, әлгі бізге жауап береді делінген жауапты мамандардың есімдері де көрсетілмеген. Осының өзінен-ақ бұл хаттың жүрдім-бардым, айттым-ақталдым деген сыңайда дайындалғаны көрініп тұрмай ма? Біз зиялы қауым дабыл қаққан, жергілікті халық ашына айтқан өзекті өткір сауалды министрге жолдадық. Жауабының сиқы, міне...