Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:08, 03 Қазан 2023

Шәкерімнің халыққа оралуы

Шәкәрім Құдайбердіұлы
Фото: из открытых источников

Бүгін Шәкерім Құдайбердіұлының жазықсыз оққа ұшқан күні.

1931 жылы 3 қазан күні Бердеш Құнанбаев, Зият Шәкерімұлы бастаған Шұбартау көтерілісшілері Саятқорада жатқан Шәкерімге барады. Ондағы ойлары Қытайға өтпек еді. Ақын өзі бармайтынын айт­қанымен, қауіпсіз, тез жететін жолды түсіндіріп береді. Шекара аспақ ниет­ті көтерілісшілерді шығарып салу үшін Шәкерім қырға шығады. Ойы айналада аңдып жүрген ОГПУ отрядының бар-жоғын тексеру болатын. Бұл уақыт­та Абзал Қарасартов бастаған чекистер тобы қажының соңына мықтап түскен еді. Әлбет­те, Шәкерім үйі ОГПУ-дың қатаң аңдуында-тұғын. Шәкерім көрінгенде Қарасартов отряды оқ атады. Оқ екі рет атылған. Ақын ат­тан құлайды. Мылтық даусын естіген көтерілісшілер қаша бастайды.

Шәкерім сүйегі Бақанас маңындағы Құрқұдыққа тасталып, отыз жыл жатады. 1961 жылы ұлы Ахат жасырын барып, қазып алып, арулап, Жидебайға жерлейді. Жазықсыз оққа ұшып, нақақ қараланған ақынның аты ақталу үшін алпыс жылға жуық уақыт керек еді.

* * *

Қажы ұрпақтарының бәрі қудалауға ұшырады. Шәкерім ақынның халыққа оралуына қисапсыз еңбек сіңірген Ахат­ты сот шақырып, ет, жүн өткізуде норманы орындамағаны үшін 1930 жылы 29 мамырда тұтқындайды. Екі жылдан соң босап шығып, оңтүстікке айдалды, сонда мұғалім болды. 1937 жыл халық жауының ұлы ретінде тұтқындалып, Сібірге жер аударылады. 1939 жылы Бурлактан босап шығады.

Ахат­тың қуғын-сүргіннен аман қалуы халқымыз үшін үлкен олжа болды. Әке мұрасының жоқтау­шысы, адал есімін тарих алдында ақтап алушы да осы ұлы еді. Әкенің тәрбиесімен өскен Ахат­тың жан жүрегі, тұла бойы тұнған адамгершілік сезімі мен ақындық еді. Оның өлеңдері әдебиетімізде кең қолданысқа енбей қалды. Әрине, айтулы шайыр әкесінің де жанында өзі өңмеңдей ұмтылған жоқ. Оның алдында жеке шығармашылығынан гөрі әкесінің мұрасын жинақтап, атын ақтау тұрды. Сол үшін Бурлактан босап шыққаннан, қайтыс болғанға дейінгі бар ғұмырын аямай арнады.

Ахат Шәкерімұлы айдаудан келгеннен кейін әкесінің мұрасын іздей бастайды. Ғылым академиясының қорында жатқанын Әуезовтен естігенімен, оған қол жеткізу оңай емес еді. Өзі үш мәрте әкесінің қолжазбасын Ғылым академиясының қолжазба қорына, Ұлт­тық кітапханаға өткізеді. Бүгінде Шәкерім мұрасының түпнұсқа орнына жүретін осы Ахат өткізген қолжазбалар.

«Дәтке қуат – жаңа біз айт­қан, бүгінде Алматыдағы Ұлт­тық кітапхананың қолжазбалар қорында сақталып тұрған, Ахат­тың өз қолымен шыққан екі томдық.

Алдағы уақыт­та Абайдың Мүрсейіт көшірмесі сияқты, Шәкерім мұраларының ең негізгі түпнұсқасы есепті қабылдануы тиіс» деп жазады Мұхтар Мағауин. Расында қажының өз қолжазбалары сақталмауына байланысты Ахат­тың қолжазбалары ендігі шығатын Шәкерім жинақтарының негізгі сүйенер асыл нұсқасы болып қалмақ.

1951 жылы Қайым Мұхамед­хан­ұлы «Абайдың әдеби мектебі» ат­ты кандидат­тық диссертациясын қорғайды. Әуезовтің жетекшілігімен жазылған жұмыс үлкен шу тудырады. Ол туралы Қайым Мұхамед­хан­ұлының өміріне тоқталғанда арнайы айтамыз. Бұл ғылыми жұмыс Абайдың ақындық мектебінде шәкірт­терінің шығармашылығын, оларға Абайдың ықпалын талдаған еді. Оның ішінде Шәкерім де бар еді.

Осы жылдың маусым айында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты мен Қазақ­стан Жазушылар одағы бірігіп, «Абайдың әдеби мәселесін талқылау­ға арналған ғылыми айтыс» деген жиналыс өткізеді. Сол жиында негізгі төрт баяндаманың бірін Сәбит
Мұқанов жасайды. Мұқановтың баян­дамасы «Абайдың әдебиет мектебі және оның шәкірт­тері» деп аталған. Баяндама «Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы 7-санында жарық көрді.

Сәбит Мұқанов бұл ғылыми еңбектегі Көкбай, Турағұл, Шәкерім мұраларына қарсы шығады. Алдыңғы екеуі алашордашыл жандар болса, Шәкерім Шұбартаудағы көтерілісті ұйымдастырған банды деп танылды. «Бандит­тің өлеңдерін насихат­тай алмаймыз» деген Сәбит­тің жау­лығының артында Мұхтар Әуезовке деген қарсылығы да жат­ты. Турағұл, Көкбай, Шәкерім аты аталып, алаш­ордашыл ақындарды дәріптегені үшін Қайым қамауға алынады. Сот­талып кет­ті.

Сталин қайтыс болғаннан ке­йін билікке келген Хрущев кезінде жылымық кезең орнады. Хрущев
Сталиннің жеке басына табы­нушылықты айыптап, үлкен баяндама жасайды. Осыдан кейін ел ішінде алақұйын мінез пайда болады. Реп­рессия ұйымдастырып, қолы қанға малынған биліктің енді өзі ішінен қудалау басталады.

Осы тұста қуғын түсіп, атылып кеткен арыстардың артынан жоқтаушылар қайта бас көтеріп, арыстарын іздей бастаған. Бұл кезеңде түрмеден босып келген Қайым Мұхамедханұлының еңбегін ерекше атауымыз керек. Себебі Қайым өзі де сол арыстардың жолымен, ажал құша жаздады. Қуғындалды, түрмеде азап шекті. Бірақ шегінген жоқ. Алған бетінен қайтпады.

Қайым Семей облыстық партия комитетіне ақынды ақтау туралы өтініш білдіріп хат жолдайды. Облыстық партия атынан А.Рахманов сол кез­дегі Жазушылар Одағының төрағасы Ғабит Мүсіреповке Шәкерім туралы сұрау салып, хат жолдайды. Ғабең де тартынбай жауап береді. Бір жағы сол уақыт­тағы саясат желінің қайдан соғып тұрғанын сезетін аңғарымпаз Мүсірепов:«...Әрине де, ақынның басынан кешірген қиын соқпақты кезеңі оның дүниетанымына әсер етпей қоймады. Онда қайшылықтар мен шектеулер кез­деседі. Бұл осалдықтар оның философиялық және публицистикалық жұмыстарынан айқын көрінеді. Ш.Құдайбердиев ағартушылық және гуманизм ұстанымдарына берік болды, олар өз кезегінде оның шығармашылығында көрініс тапты. Біздің ойымызша, Қазақ Совет­тік Социалистік Республикасының Ғылым академиясының әдебиет секторы Ш.Құдайбердиев шығармашылығын бар ықыласпен, зейін қойып зерт­теп, оның ең үздік шығармаларын басылымға дайындап, оған қоса оның шығармашылығын жоғары оқу орындары мен мектептердің әдебиет тарихына енгізудің амалын қарастыру керек.

Ш. Құдайбердиевтің үздік шығармалары оқырман қауымның игілігіне айналуға тұрарлық» деп жауап жазады.

Шәкерім атына қатысты табанды сұраудан, талмай іздеуден кейін Семей облысының прокуратурасы қайта тексеріс жүргізіп, Шәкерімнің Совет үкіметіне қарсы қызметін анықтайтын айғақ таппайды. Ондай айғақтың болуы да мүмкін емес еді. Осылайша, 1958 жылдың 19 ақпанында облыс прокурорының орынбасары Гришков: «Шәкерім
Құдайбердиевтің контр­рево­лю­циялық ереуілге қатысқаны дәлелденбегініне байланысты оның есімі ақталды деп есептелсін» деген бұйрық шығарады. Бұл ақын атының халыққа алғаш оралуы еді.

Бұл қорытынды шешімді КСРО Прокуратурасы 1958 жылы 28 қарашадағы қаулысымен бекітеді. «...Құдайбердиев Шәкерімге қатысты тергеу ісі оған тағылған айыптың дәлелденбеуіне байланысты толығымен тоқтатылды» делініпті прокуратура шешімінде.

Бірақ мәселе бұнымен бітпей тұрған-ды. Билік басшысы өзгергенімен, жүйе өзгермеген соң, «халық жауы» деп өлім құшқандардың атын атау қауіпті болып тұр. Шәкерімнің аты ақталғанмен, шығармалары халыққа жетпей жат­ты. Насихат­тауға жол берілмеді. Қайым мен Ахат­ты енді осы үлкен жұмыс күтіп тұрған.

Аты ресми ақталған ақынның шығармашылығы алғаш 1959 жылы жарияланды. «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы нөмірлерінің біріне ақынның сегіз өлеңі басылды. Оған қоса, Шәукен сақтап қалған суреті қоса шықты. Бұл сурет­тің ерекше тарихы бар.

Шәукен деген Ырғызбай тұқымы. Өзі мылқау болған. Қарасартов Шәкәрім қағаздарын тәркілеп, оны пеш жағушы Шәукенге өрте деп береді. Бір жағы мылқау адам ешқандай ақпарат тарата алмайды деп жұмысқа алған. Бірақ Шәукен сурет­ті көріп, оны алып қалады.

Семейлік қарт журналист Қадірбек Қарашолақов: «Шәукен сурет­ті көзінің қарашығындай сақтап, Ахат келгенде беремін деп отырады екен. Шәукен кемтар демесеңіз, аңшылық қасиеті бар, түз тағыларының сырын білетін, тазы ит­терімен адамша сөйлесетін аң құмар жан болған. Мұхтар Әуезов Шәукенді ерекше бағалап, сағынып тұратын болыпты. 1955 жылы Әуезов Алматыдағы жаңа үйіне кірген соң Абай еліндегі Әрхам Ысқақовты, Исрайыл Ақылбайұлын, Шәукенді, Балтақай Толғанбаевты арнайы шақырып, мейман қылады. Сол жолы Мұхтар Шәукенді екі ай үйінде жатқызып, өзінің жазушы, әнші жолдастарына таныстырады. Сондай ортадағы отырыстың бірінде Ахат Шәкерімұлын бауырымен жолығудың сәтін күткен Шәукен жеке алып шығып, «Мынау кім?», деп сурет­ті көрсеткен. Сонда Ахат еңіреп жылап жіберіп, Шәукенді бетінен сүйе беріпті. Мойнындағы қарызынан, аманатынан құтылғандай, ол масайрап, қуанып, сурет­ті табыстайды. Шәкерімнің қазіргі әйгілі суреті Ахат­тың қолына осылай түскен екен» дейді.

Бұл сурет­тің түсіру тарихын Ерлан Сыдықов: «1927 жылы ғылым академиясы экспедициясының құрамында жұмыс істеген орыс ғалым-этнографы Федор Фиель­струп қазақтардың этнографиялық өмірін зерт­теу үшін Семей өңіріне келеді. Сонда Шәкеріммен жолығып, біраз мәлімет жазып алады. Бүркіт ұстап тұрған ақынды суретке түсіреді. Бұл сапарында қажыны екі мәрте суретке түсірген. Біреуі табылмады. Біреуі атақты бүркіт ұстап тұрған суреті. Бұл сурет­ті тауып, айналымға енгізген Жидебайдағы Абай мұражайында қызмет еткен Марат Әбдешов болатын», – деп жазады.

Ал «Қазақ әдебиеті» газетіне Шәкерім өлеңдерінің жариялануы да дауға ұласады. Бұл уақыт­та ақынның өліміне себеп болған Абзал Қарасартов тірі еді.

Абзал Қарасартов Шәкерімнің өлеңдерін басқан «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Әбділдә Тәжібаевқа телефон шалып, алашордашының өлеңдерін басуға болмайтынын айтады. Партия басшылығына шағымданып, өзін тыңдамаған Тәжібаевты бас редакторлықтан түсіреді. «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып тұрған Жұбан Молдағалиев «Еңлік-Кебек» поэмасын баспақ болғанымен, осындай шудан кейін жарияланбай қалады. Ақынның аты ақталғаны Қарасартовқа тиімсіз еді.

Шәкерімнің аты ақталғанымен, шығармалары ақталмауға айналды. Осы кезеңдерді ақын шығармашылығына қатысты жиын болады, бірақ шешім шықпай қалып жатады. Әуезов атындағы Әдебиет институтында бірнеше жиын болып, бірақ қаулы шықпай қойған. Сол кез­дегі идеология тізгінін ұстап тұрған Сат­тар Имашев Шәкерім туралы сұрақ көтере беруге болмайды деп, құжат­тарды мұрағатқа тапсыртып тастайды.

Шәкерім ақталғалы 3-4 жыл өтсе де өмірі мен шығармашылығын зерт­теуге мүмкіндік болған жоқ. 1962 жылы Семей облысы Абай ауданында Кәрім Нұрбаев басқарған комиссия құрылады. Комиссия мүшелері Шәкерімді көрген отыз адамның түсініктемесін алып, бандыға ешқандай қатысы болмаған деп қорытынды шығарып, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жібереді. Ал бір жылдан кейін Қазақ­стан Жазушылар одағында Хамит
Ерғалиев төрағалық еткен тағы бір комиссия құрылады. Бұл комиссиялардың құрылу себебі түсінікті еді.

Бұл комиссия жұмыстары Шәкерімді жазықсыз, ақ деп таныға­нымен, шығармалары оқылмай, оқытылмай жат­ты. Комиссияның күші Қарасартовқа жетпей жат­ты.

1964 жылдың тамыз айында Ахат Қайым Мұхамедханұлының ақылымен КПСС Орталық комитетінің бірінші хатшысы Хрущевтің атына хат жазады. Хат­та Шәкерім аты ақталғанымен, шығармаларын зерт­теуге тыйым болып отырғанын, ешкім ашық қарсы болмаса да, аты аталмай қалуына мүдделі адамдардың бары айтылады.

Қайым, Ахат­тар Шәкерімді жарыққа шығара алмай, хат жазып жүргенде, Қарасартов та қарап жатпады. Өзінің жақтастарына арыз жаздырды. Олар Қонаевтың атына домалық арыз ұйымдастырып, Алаштың тұңғыш құрбаны Қази Нұрмағамбетовтің қазасында митинг ұйымдастырып, «Алашты қолдаған, Олжабаев пен Рамазан Әбдешті өлтірген, банк, кооператив тонаған» деп айыптайды. 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне Евней Букетов пен Қарасартовтың 1978 жылы магнитафонға жазып алған әңгімесі жарияланды. Онда қарт чекист бұлтаңға салып, әртүрлі жауап береді. Бұл сұхбат­тан үзінді келтірейік. Сонда
Қарасартовтың нақты жауап бере алмай отырғанын байқайсыз.

«А. Қ. Енді Қарасартов ат­ты деп айта аласың ба? – дейді ғой. Енді Қарасартов тегін бе. Следствия отделінің бастығы. «Айта алмаймын. Білмеймін» – деді. Енді одан басқа не дейді.

Е. Б. Сонда олар Шәкерімнің жазығы жоқ еді ғой, жай атып тастады дей ме екен?

А. Қ. Жазығы жоқ еді, аң аулап, тауда жалғыз жүр еді, Қарасартовқа кез­десіп, Қарасартов намаз оқып отырған жерінде атып тастапты деген.

Е. Б. Осылай деп естідік қой, бәріміз де?

А. Қ. Иә, міне, осылай деген. Қай жерде мен жалғыз жүріппін? Мен өзім бір көруге құмар болып жүргем.

Е. Б. Ойпыр-ай, ай!

А. Қ. Иә, осындай хайуандық бола ма?

Е. Б. Масқара-ай. Ал енді осы сөзді барлығы айтып жүрген.

А. Қ. Сол менің өзімнің еңбе­гімнің күні бүгінге дейін іске аспай келе жатқаны.

Е. Б. Міне, жиырма жыл бойы осы әңгіме сізге ілесіп келе жатқан.

А. Қ. Кейінгі жазған еңбегім де жатыр. Екі чемодан. Архивім, сонсоң кейінгі жазған өлеңдерім қандай болады деп жіберсем, оған жауап келеді, сіз ақын емессіз деп жазыпты біреуі.

Е. Б. Енді сізді білмейтін әдебиетшілер жоқ, қазір есіме түспей отыр, кейінгі варианты бар ғой, намаз оқып отырған жерде атқан деп. Дәл солай дейді.

А. Қ. Солай деп шығарған ғой.

Е. Б. Анау әлгі алты ақынның таратқан лақаптары ғой, сол бойымен қалған.

А. Қ. Сол бойымен қалып отыр. Документ­ті мықтап жіберген ғой.

Е. Б. Енді кейін мына кейінгіні ешкімге жариялаған жоқ, жұртқа сол бойымен дақпырт­тап отыр. Мынау әлгі Абдырайым мен Зейнолла бар ма екен, әлде өлген шығар.

А. Қ. Кім біледі, Абдырайым өлді деп естідім ғой. Тауда аң аулап жүргенде, далада өліп қалыпты дейді. Ал, Зейнолласын білмеймін.

Е. Б. Ал үшеуіңіз де сол арадан тарасып кет­тіңдер ме? Шығып былай кез­деспедіңіздер ме?

А. Қ. Жоқ, кез­дескеніміз жоқ.

Е. Б. Тарасып кет­тіңіздер ме?

А. Қ. Сол жерден олар тарап кет­ті. Мен өзім бір кабинет архивті тексеріп, барлығын қарап, сонсоң енді онда менің жазып бергенім де жоқ. Енді бет­тестірді ғой. Солай деп, Арыстанбеков пен Жанділдинге ЦК-ға баруға, жол қаражатын бер, ренжітпе, қайтар деді».

Қарасартовтың бұл жан дәрмен әрекеті тал қармауға ұқсайтын. Біріншіден, Шәкерім шығармалары ақталып, халыққа жетсе, Қарасартовтың отызыншы жылдардағы әрекетінің айыпталатыны анық еді. Екінші жағынан, ақын шығармаларының қолжазбалары да қарт чекист қолында деген әңгіме тарайды. Бұл шындыққа жанаса ма, жоқ па – білмедік. Әйтеуір Шәкерімді банды деп көрсеткен Қарасартовтың аты тарих алдында айыпты болуға жақындайды.

Бірақ Ахат­тың тоқтамай, әкесін ақтау үшін жүгіріп жүрген еңбегі де ізсіз болмады. 1936, 1959, 1960-жылдары әкесінің әдеби мұраларын жинақтап, институтқа өткізген. 1968-69-жылдары Мүсілім Базарбаев докторлық диссертациясында Шәкерім шығармаларын талдайды. 1975 жылы Қысқаша әдеби энциклопедияға Ысқақ Дүйсенбаевтың Шәкерім туралы мақаласы кіреді.

1978 жылы «Советский писатель» баспасының Ленинград бөлімшесінен «Қазақ­стан ақындары» деген орыс тіліндегі кітап шығады. Оған Шәкерімнің орыс тіліне аударылған 14 өлеңі енеді. Бұл еңбекке жазушы Мұхтар Мағауин кіріспе сөз жазады. Бұл қайта құру кезеңі болатын. Жариялылық қоғамдық өмірдің басым факторына айналды. Абзал Қарасартов енді Шәкерімнің халыққа оралуын тоқтата алмайтын.

1978 жылы 20 сәуір күні Халық атынан сот, айыптаушы болып академик Евней Букетов қарт чекист, айыпкер, тарих алдында жазаға тартылушы Абзал Қарасартовтан алған сұхбатында тайғанақтап, нақты жауап бермейді.

Бұл сұхбатқа жауап ретінде 1962 жылы Жзаушылар одағының комис­сиясын басқарған Хамит Ерғалиев «Білеміз, Шәкерімді кім атқанын» деп жауап жазады. Сол мақаласында 1962 жылы шыңғыстаулық адамдар алған түсініктемелерді қосып жариялайды. Жоғарыда келтірген түсініктемелер осы комиссия алған түсініктемелер еді.

1987 жылы Қайым Мұхамедхан­ұлы Шәкерімнің еңбектерін басуға көмек сұрап, КСРО жазушылар одағының бірінші хатшысы Владимир Карповке хат жазған. Оған қоса «Огонек» журналына ақынның шығармашылығы мен тағдыры жайлы «Из мрака забвения» ат­ты мақала жазып ұсынады. Осы жылы қазақтың көрнекті қайраткерлерін ақтау комиссиясы Шәкерімнің ісін қайта қарайды. 1988 жылы сәуір айында комиссия «Шәкерім Құдайбердиев кінәлі емес және ақталуы тиіс» деген шешім шығарады.

Осымен Шәкерім екінші рет ақталады. Бұл жолы біржола қараланбастай ақталады. 1988 жылы «Жалын», «Жазушы» баспалары ақынның екі кітабын қатар шығарады. Бұны бірақ Ахат Құдайбердиев көре алмады.

Бағашар Тұрсынбайұлы