Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:20, 08 Тамыз 2023

«Шал, кет!»-тің авторы босатылып жатқанда Назарбаевтар орала бастады

None
None

Апта Ақкенттегі өрт, Астанадағы тәліптер және Назарбаевтар «қайта оралып жатыр» деген үрдістің ықпалында өтті.

Ақкенттегі өртте қарапайым жұртшылық пен құрылысшы жігіттердің ерлігін ерекше айта кеткім келеді. Солар батыл араласпаса, қаза болғандардың саны арта түсер ме еді. Ал өрт сөндірушілер «жанталасып, балконнан секірмей, пәтерлерінде тыныш отыра берсе, біз асықпай келіп, құтқарып алар едік» дейді. Елдің бәрін ипотекалық қарызға батырып салынған үйдің тұрғындарының қауіпсіздігіне қатысты шаралардың кем түсіп жатқанын көрсетті. Бәлкім, Алматыны тығыздап, нығыздап «жамай» беруді тоқтату керек шығар?

Бірер жыл бұрын Астананың биік үйлерінде тәжірибе өткізген өрт сөндірушілер, апат кезінде тұрғындарды көшіруге септігін тигізетін Еуропада ойластырылған жаңа бір құрылғыны көрсетіп, көпқабатты үйлерде орналасқан әкімшілік мекемелерді сол құралмен жабдықтайтын болған. Тіпті ондай норма өрт қауіпсіздігі талаптарына да енгізілген болатын. Мен интернетті ақтара отырып, сол тұстары «Самұрық-Инвест» ЖШС-ның  еуропалықтармен бірлескен кәсіпорын құрғанын, жаңағы құтқарғыш құрылғының лицензиясы сол бірлескен кәсіпорынға берілгенін де білдім. Негізі, дұрыс шешім болған. Өйткені сол жылдары елде құрылыс қарқын алып, көпқабатты үйлер салу белең алып келе жатқан болатын. Өзімізде құрастырсақ, арзан шығып, сақтық үшін әркім де базардан сатып алуға болар еді. Алайда «Самұрық-Инвест» «әп-әдемі әнді қор қылды». Жаңағы лицензиясы бар компанияға қысым көрсете отырып, әйтеуір, біздің елден кетуге мәжбүрледі. Өйткені ондай құрылғыны орнатса, ол пәтер сатып пайда көріп отырған құрылыс компанияларының қалтасына тиер еді. Яғни мемлекеттік компания елдің емес, жеке біреулердің мүддесін көздеп кетті. Нәтижесін Ақкенттегі өрт көрсетіп берді. 

Кез келгені аяқастынан «терроршы» немесе «экстремист» болып шыға келуі ғажап емес қазақтар – биліктің өзі ресми түрде «терроршы күш» деп таныған тәліптермен әмпей-жәмпей болып жатқанын көрді. Былайша айтсақ, тура Кремльдің істегенін қайталады. Рас, ылғи да ұнға зәру, басқа да өндірісі дамымай қалған Ауғанстан Қазақстан үшін жақсы нарық. Үкімет екі арадағы сауда айналымының 1 миллиард доллардан асқанын айтып, ол көлемді үш миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырғандарын да мәлімдеді. Оның үстіне, Ауғанстанды, егер де бұл елде тыныштық сақталса, Орталық Азия мемлекеттері үшін әлемдік теңіз жолдарына шығар транзиттік дәліз ретінде қарастырған да жөн. Тек ол ғана емес, ауған жері арқылы Пәкістанға, одан әрі Үндістанға да жетуге болады. Сондықтан Ауған елінде қандай да бір биліктің тұрақтанып қалып, саяси тұрақтылықтың сақталғаны қажет. Оған ірі державалар да мүдделі.

Осы тұста, бірер ай бұрын Ресейдің Қазақстан мен Өзбекстан арқылы оңтүстік бағытта мұнай, газ құбырын тартпақшы жоспары еске түседі.  Бәлкім, бұл да әдеттегідей Кремльдің қамы шығар? Өйткені Еуропа нарығынан қуылған көрші Үндістан мен Қытай жеріне еркін жетуді көздейді. Қара теңіздің қақпасы түріктердің қолында, Балтық теңізі НАТО-ның ішкі «көліне» айналып шыға келді. Иран санкциялардың астында қалған. Ауған дәлізі құрылып болғанша, біздің ауыл шаруашылығымыз Ресей демпингінің кесірінен әбден тұралап, жөні түзу кен орындары мен өндіріс орталықтары солардың қолына өтіп кетпей ме? Сонда, Кеден Одағының тәртібіне сай, Ресей біздің территорияны өткел үшін тегін пайдаланады ғой? Түрікмендер мен өзбектерді де сол «тайга одағына» кіргізу үшін жанталасып жатқандарының астыртын сыры сонда жатқан сияқты.

Қалай десек те, Ауғанстанмен жақсы қарым-қатынас орнатқанымыз керек. Бірақ неге билік өз заңын өзі бұза береді? 2005 жылдың 15 наурызы күні Қазақстан Жоғарғы соты «Талибан қозғалысын» Қазақстанда тыйым салынғандар қатарына қосқан болатын. Былтыр, егер БҰҰ оң шешім қабылдап жатса, тәліптердің билігін мойындайтынымызды да мәлімдеген. Содан-ақ вице-премьер Жуманғарин Ауғанстанға сапар жасап, екі ел арасында қырым-қатынас орнай бастаған. Бір қызығы, баспасөз мәслихатында сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тұрмыш Қазақстанның емес, АҚШ заңдарына сүйене сөйледі. Сөйтсек, тәліптер ол елдегі санкциялық тізімге енбеген екен.

Арғы аптада әлеуметтік желілерде Ресей Қазақстан тұрғындарын әскерге тартып жатқаны туралы мәлімет тарады. Ал өткен аптада ол туралы Reuters жазды. Бұл ресми, таргеттелген жарнамада Ресей әскеріне өз еркімен қосылатын қазақстандықтарға бес мың доллар көлемінде төленетіні айтылған. Әрине, Украинада өткен ғасыр тәсілімен соғысып жатқан Ресей армиясы зор шығынға батып жатыр. Адам күші жетпейді. Олай болатыны – командирлер жауынгерлерін ашықтан ашық оққа айдау үстінде. Аяу деген жоқ. Кері қашқандарды өздері атып тастайды. Бұл жарнама Қазақстанның ресми ұстанымына да, шет елдердегі соғыс амалдарына қатысқандарға қатысты жаза қолданатын заңға да қайшы. Алайда оған қарап жатқан көрші жоқ. Көршінің ол ерсі қылығына ләм-мим деп жатқан билік те жоқ. Сонда бізді кім қорғайды? Өзіміз «терроршы» деп таныған тәліптерді қабылдаймыз, Украинаға террорлық шабуыл жасап жатқан мемлекетті астыртын қолдаймыз, ішкі ісімізге емін-еркін араласуына бар мүмкіндікті жасаймыз. Шындықты айтып, ауыз ашсақ, «терроршы» болып шыға келеміз.

«Шал, кет!» ұранының авторы Ермек Нарымбаев бостандыққа шықты. Оның да не үшін отырғаны түсініксіз. Біреудің басын жарған жоқ, жағасын жыртқан жоқ. Мұрат Телібеков деген, не молда екені, не жорға екені, қай органға қандай қатысы бары түсініксіз бір пысықтың жазған мақаласын көшіріп басқаны үшін жазаланған болатын. Ал Телібековке түк те болмаған. «Шал да кетпеген» сыңайлы. Ал өткен аптада «Назарбаевтар билікке қайтып жатыр» деген пікір күш алды. Оған себеп – мына бір ақпараттар.

Электр желілерін, яғни елдегі электр қуатының бөлінуін қамтамасыз етіп, бақылап отыратын KEGOC компаниясын басқаруға Сатыбалдының досы, Байбектің бизнес партнері, Дариғаға жақын, Нығматулиннің құдасы олигарх Дінмұхаммед Ыдырысовтың «қолбаласы» Нәби Айтжанов тағайындалды. Ал Назарбаевтың туған жиені, Дариғаның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев «Транстелеком» АҚ директорлар кеңесіне басшылық жасайтын болды. Ол – астаналықтардың мойнына LRT деген жазылмас коррупциялық «дертті»  іліп кеткен сабаз. Әлия сынды бұны да «шыбын шақпаған». Оның орнына да  үстерінен іс қозғап, көздеріне «шыбын үймелетуге» болатындар табыла кеткен. Ал Әлиев басшылығына келген «Транстелеком»  бірер жыл бұрын ғана мемлекеттің қолындағы компания болатын. Қазақстан темір жолдарындағы және басқа да коммуникация желілерінің толық қожайыны. Ол желілерден бөлек, қаншама ғимараты, қаншама гектар жері бар. Журналистердің сұрағанына жауап берген қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Әлиевті танымайтынын, ал «Транстелекомда» үкіметтің үлесі  жоқ екенін мәлімдеді. Ал шындығында, компания акцияларының 25% ҚТЖ арқылы әлі де үкіметтің қолында. Мұны Жамаубаев білмей ме, әлде, ол акциялардың таяуда бәрібір Нұрәлінің иелігіне өтіп кететінін меңзегені ме? Ал 210 млрд теңгеге бағаланатын және жылдық табысы 80-90 млрд теңге  шамасындағы бұл компанияны Назарбаевтың жиені бар-жоғы 18,45 млрд теңгеге, яғни су тегін алған болатын. Жиенге дивиденд ретінде 2015 жылдан бері 4 млрд теңгеден астам сома төленген. Заңсыз иемденген капитал, заңсыз иемденген мүлік емес пе? Ондай заңсыз мүлікті елге қайтару туралы заң Әлиевке қатысты қолданыла ма екен? Ыдырысов, Байбектерге қатысты ше? Әй, қайдам… Сол заңды өздері жазып берген сияқты.

Шынымен қайтып келген Есімовтің күйеу баласы Ғалымжан Есенов. Бір кездері әйелімен ажырасып, содан барып банкінен айырылып, шеттеп қалған еді. Енді ол тек өзінің бұрынғы «АТФ» банкіне, қазіргі Jusan Bank-ке ғана қайтып келген жоқ, Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметіне сай, мобильді байланыс операторы Kcell-дің ірі акционерлерінің бірі болып шыға келді. Ғалымжанды «қайтару операциясы» қалай, қайтіп жүргенін тәптіштеп айта берсем, ұзаққа кетеміз. Ал қысқа қайырсам, бұл тірлік Назарбаевтардың уысынан шығып кете жаздаған Jusan Bank-ті шаңырақ астына қайтарудың бір белесі ғана. Ғалымжан сол үшін керек. Ал ол банкті иемденіп кетпекші болған Кәрім Мәсімовтің сотталғанын білесіздер. Өткен аптада оны, оның інісін және өзімен бірге сотталған орынбасарларын Шығыс Қазақстан облысындағы колонияға аудару туралы мәлімет жарық көрді. Сонымен қатар, Назарбаевтың бұрынғы күзетшісі, тіпті Ұлттық Қауіпсіздік комитетін де басқарған Амангелді Шардарбаевтың да сұхбаты пайда бола кетті. Бекер емес сияқты. Шардарбаев талай нәрсенің басын шалғандай болып, Назарбаевты жағымды жағынан сипаттайды. Ал қаңтар қырғынының кінәсін Мәсімовке арта салады. Менің бұл жерде Мәсімовті ақтар ойым да жоқ.  Оған онсыз да арбалап арқалатып қояр айыптар жетерлік. Мәселе, нағыз шындықтың елден барынша жасырылғанында жатыр.

Назарбаевқа қатысты тағы бір жаңалық – үкімет Қазақстанның тұңғыш президенті күнін, яғни бірінші желтоқсан күнін мемлекеттік мейрамдар тізімінде қалдырды. Туған күні сияқты.

Мені елең еткізген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзінің ФБ парақшасында жазған бір ауыз мына жаңалық – ОБСЕ (Европа Кеңесі қауіпсіздігі ұйымы) Ақорданың келісімінсіз-ақ, қаңтар оқиғасын тексеруге кіріседі. Қалай, қашан, шынымен бе? Ол жағы белгісіз. Егер рас болса, онда, еуропалықтар Қазақстан билігінің бір бүйірінен ұстайды деген сөз. Айдаладағы Еуропа бізге «не істеп алар?» дерсіз. Бізге емес, біздің «бишікештерге» істейді. Жұтқан-тыққандары сол елдерде жатыр емес пе...

Вице-премьер Скляр Қазақстанда битум өндіруге кедергі  – Ресейден қажет көлемде гудронның жеткізілмей жатқаны дейді. Битум –  асфальт сапасы үшін керек қоспа. Ауылдың қазағы, біздің бала кезімізде,  оны «қара сағыз» деп, шайнап жүретін. Көрінген тұста шашылып жататын еді. Қазір Қазақстанда дефицит. Өйткені мұнай өңдейтін үш зауыттың бірде- бірі шығармайды. Ол үшін асқан технологияның да керегі жоқ. Оны мұнайдың ең соңғы қалдығы гудроннан жасайды. Соны да Ресейден сатып алып келеміз. Қымбат. Сол үшін де, ақша үнемдеген жол салушылар битумның орнына мазут араластырып, жолдың сапасы түкке тұрғысыз болып шығады. Жазда – мазуттың құрамындағы парафин ериді, қыста – қатады. Асфальттың шытынап, немесе ыстықтан иыр-қиыр болып жататыны содан. Битумды неге өзіміз өндірмейміз? Тоннасы екі мың доллардан кем түспейтін парафинді мазуттан бөліп сатып, неге пайда таппасқа? Ал істегені ылғи да отандық бизнеске, жалпы халыққа кері тиіп жататын, бірақ ешқашан да жауапқа тартылмайтын Склярлардың пайдасын көретін күн бола ма, жоқ па?

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов шенеуніктердің жеке басының материалдық жауапкершілігі туралы заң шығаруды жөнсіз санайды екен. Ол бұл ойын мәжілісте депутаттардың сауалына берген жауабында айтты. Сонда шенеуніктердің жауапсыздығы нарықтық экономикаға, бизнестің хал-ахуалына кері әсер етіп жатқанын түсінбей ме?

Қазақстан Ресейдің өтінішін қанағаттандырып, «Хакер» журналының экс-бас редакторы Ксилицынды АҚШ-қа өткізіп беруден бас тартты. Бұл «хакер» сол АҚШ-тың сұрауымен тұтқындалып, мәселеге Ресей араласып кеткен болатын. Америка асырудан қауіптенген Кремль оның үстінен іле-шала қылмыстық іс қозғап та үлгерген. Әрине, Ксилицынды АҚШ-қа бергізіп қойса, біраз құпиясы ашылып қала ма деп қорыққаннан туындаған әрекет.

Қарағандыда уланған балалардың бірі көз жұмып, алтауы жансақтау бөліміне түсті. Алматы облысындағы балалар лагерьлерінің жартысына жуығы рұқсатсыз жұмыс істеген. Полиция Орал қаласындағы түрмедегілерге қарсы күш қолданғанын мойындады. Семей орманында тағы да өрт шықты. Жамбыл облысы таулы аймақтарында шыққан өрт кең жайылып барады. Дәрі-дәрмек қымбаттайды. Міне, біз көрген өткен апта осындай болды.

Асхат АСАН

Тегтер: