Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Шалқардағы қанды төбелес: қаза тапқан жасөспірімнің туыстары әділ тергеуді талап етті

Әлихан
Фото: Азаттық радиосы

Ақтөбе облысы Шалқар қаласында болған жастар арасындағы төбелесте 17 жастағы Әлихан Жәнібекұлының қаза табуына байланысты оның жақындары билікке үндеу жасады. 

Олар облыс әкімі Асхат Шахаровқа, облыс прокуроры Марат Әбішевке және полиция департаментінің басшысы Қайыркен Әлиевке жүгініп, істің әділ әрі толық тергелуін талап етті. Бұл туралы Азаттық Радиосы жазды.

Оқиға 20 наурызға қараған түні болған. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, жастар арасындағы жанжал жаппай төбелеске ұласқан. Төбелес салдарынан бір жасөспірім көз жұмды.

Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлап, жанжалға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып жатқанын мәлімдеді. Ведомство тергеу барысы бақылауда екенін айтқан.

Ал жасөспірімнің туыстары бұл қайғылы оқиға кездейсоқ емес, Шалқарда бұрыннан келе жатқан жастар арасындағы жікшілдіктің салдары екенін алға тартады. Олардың айтуынша, аудандарға бөлініп, топтасып төбелесу – өңірде жылдар бойы шешілмей келе жатқан күрделі мәселе.

Үндеуде келтірілген деректерге сәйкес, жасөспірімдер арасында жанжал оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын басталған. Ал қайғылы түні бір топ жас жиналып келіп, олардың бірі Әлиханның жүрек тұсына пышақ сұққан. Оқиғадан кейін қатысушылар жан-жаққа қашып, ауыр жараланған жасөспірім көшеде жалғыз қалған. Кейін оны кездейсоқ адам байқап, ауруханаға жеткізбек болғанымен, ол жолда көз жұмған.

Туыстарының айтуынша, төбелеске кемінде 14–15 жас қатысқан. Алайда қазіргі уақытта тек бір күдікті ұсталып, қалғандарының әрекетіне тиісті құқықтық баға берілмей отыр.

Марқұмның жақындары:

істің дұрыс саралануын,

оқиғаға қатысқан барлық тұлғаларды жауапқа тартуды,

тергеудің толық әрі объективті жүргізілуін,

және отбасыға ресми ақпараттың ашық берілуін талап етті.

Сондай-ақ олар бұл істі ауыр немесе аса ауыр қылмыс бабы бойынша қарауды сұрап отыр.

Әлихан Жәнібекұлы – үш баланың ортаншысы болған. Анасы мұғалім, әкесі теміржол саласында еңбек етеді. Жақындарының айтуынша, ол алдағы уақытта әскерге баруды жоспарлап жүрген.

Әзірге Ақтөбе облысының әкімдігі бұл үндеуге қатысты ресми пікір білдірген жоқ.