«Шаңдатып, шерулетіп біз де өтерміз...» – Несіпбек Айтұлы
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ поэзиясының ақбозы, біртуар ақын Несіпбек Айтұлы 73 жасында өмірден озды.
Өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар ақынның шығармашылығын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Бір жұмбақ балықшы бар
Тіріге жайған торы көрінбейтін,
Бір жұмбақ балықшы бар өлім дейтін.
Өлуге жаралған соң өкінбейсің,
Көр қазып, жұртың болса кебіндейтін.
Түспесе ықыласы пендесіне,
Тәңірдің кім таласар бермесіне?
Бақидың бас бұйдасын тартып кеткен,
Көз жетті бұрынғының келмесіне.
Сыйлаған біреуге сор, біреуге бақ,
Тағдырдың түсі суық күрең қабақ.
Шаңдатып, шерулетіп біз де өтерміз,
Қаларын қай қуыста кім аңдамақ?
Ер жігіт еңбек етсе ел мен жерге,
Кедейі қайыр сұрап телмеңдер ме?
Байдың да балпаңдаған күні бітер,
Тыққанмен қазынасын көрден-көрге.
Қу болсаң қиянатты көп жасаған,
Қашсаң да шыбын жаның қалмас аман.
Шын сүйсең, сені сүйіп сенен де артық,
Құлыңдай қызмет қылар ел де саған!
Су жұқпас қу болсаң да, сұм болсаң да,
Түбінде бір түсесің құрған торға.
Халқыңды зар қақсатып, зәтте қылсаң,
Топырақ салатұғын кім бар сонда?
ИМАН ҒАНА
Құтылып құлан-таза бұл індеттен,
Ит тірлік түзелер ме қырын кеткен?
Ілінсең иірімі тартып кетер,
Тағдырдың түбі терең жылым неткен?!
Ағайын, алыс-жақын жұрағаттар,
Өмірде күлу бар да, жыламақ бар.
Адымын алшаң басып жүйрік уақыт,
Біздің де басымыздан бір-ақ аттар.
Соңынан қуғанменен құлғанадай*,
Артына кете барар бір қарамай.
Бұлдырап көзді алдаған келешектен,
Кім білсін дәм бұйырар кімге қалай?
Дүние көшіп жүрген сары алтындай,
Көрінер мың құбылып саған тынбай.
Құдайым қалғанына сабыр берсін,
Жоғалттық көп нәрсені жоғалтудай.
Алсаң да жеті атаңды көрден қазып,
Дертіңді қай құдірет берген жазып?
Бөктеріп қу дүниені кім әкеткен,
Емес пе иман ғана — өлгенге азық?!.
КӨК ТҮТІН БОП…
Мен тұрамын шулы қала ішінде,
Түк көрмеген, түк сезбеген пішінде.
Жасырғаным – таңдайымның астында,
Талшық қылған тарамысым – тісімде.
Жел тимеген тағысы едім даланың,
Қамауына тез көндіктім қаланың.
Күн қабағын көкжиектен танушы ем,
Енді бағам терезенің қабағын
Бұған-дағы шүкіршілік етемін,
Елден асып, енді қайда кетемін?
Осы болса – менің Мекке, Мәдинам,
Осы болса – ұя салған мекенім!
Шулы ортаға келген жоқпын бекерге,
Қуғанменен арманға адам жетер ме?
Тар қалаға тағдырымды байлағам,
Кең даланың құшағынан кетерде.
Мұны өзімнен басқа, сірә, кім ұғар,
Жөнім де бар жәрмеңкеге құнығар.
Бұл қалада жер-жаһанның жыны бар,
Бұл қалада жеті атамның құны бар.
Бұл қалада өмір сүрер оңай кім?
Бұл қалада тоналамын, тонаймын:
Сылдырына зар боп жүріп бұлақтың,
Сыбдырына зар боп жүріп тоғайдың.
Бұл қалыппен жүре берсем, жаным-ай,
Түбінде бір өзімді-өзім танымай,
Көк түтін боп көкке қарай ұшармын,
Жер бетінің тынысына жарымай.
Көлеңкемнен басқа сонда нем қалар,
Өз білгенін оқи берсін молдалар.
Қаралы бір қара сызық тартылып,
Аспан менен жер ортасы жалғанар.
Сонда менің біткен жаным тоналып,
Кең аспанның аясында демалып,
Кешкі бұлттай күреңітіп жатармын,
Батқан күннің шапағына оранып…