Шарасыз Шардара үкіметтен көмек сұрады
2020 жылы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасында апат болып, соның салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылды топан су басты.
Мамандардың айтуынша, Сардобадағы судың көлемі 900 миллион текше метрді құраған. Ал Сырдарияда жатқан Шардара су қоймасының көлемі одан 5-6 есе үлкен. Егер құдай бетін аулақ қылсын, Шардарада апатты жағдай туындай қалса, оның салдары қандай болмақ?
Шардара су қоймасында апаттық жағдай орын алған жағдайда су қоймасының төменгі бөлігіндегі 34 мың халқы бар 22 елді мекенді су басу қаупі бар. Сондықтан мамандар Шардараның жанынан шұғыл түрде апатты су қашыртқысы салынуы қажет дегенді алға тартып отыр. Жуырда осы мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды.
Жалпы, Шардара су қоймасында қауіпті жағдайлардың қалыптасуы екі мыңыншы жылдардың басында болды. Өзбекстанмен шекараны шегендеген соң артық суды тастайтын аумақтар көрші елде қалды. Сол жолы ала тақиялы ағайындар «кісідегінің кілті аспанда» екендігін мықтап тұрып дәлелдеді. Шардара шарасына асып кетпеу үшін енді қыс, көктемде Сырдарияға суды көбірек жіберуге мәжбүр болдық. Нәтижесінде Түркістан мен Қызылорда облыстарының көптеген елдімекендері су тасқынына ұшырады. Үкімет алғашқыда бұл проблеманы көрші елдермен келісім арқылы шешпек болған. Бірақ судың соңында отырған Қазақстанмен ешкім санасқысы келмеді. Ақыр аяғында 2010 жылы Шардарадағы шарасыздықтан артық суды қабылдайтын Көксарай су қоймасын салып құтылғанбыз.
Биыл Сырдария өзенінің жоғарғы ағысының артуынан Шардара су қоймасына тасталған су мөлшері көбейіп келеді. Жиында айтылған мәліметтерге қарағанда, соңғы күндері су қоймасына орташа есеппен 1500 текше метр немесе тәулігіне 42 миллион текше метр су келуде. Төменге 1011 текше метр су босатылуда. Бұл су қоймасының мерзімінен бұрын толуына әкеп соғып, апаттық жағдайды туындатуы мүмкін. Су шаруашылығы саласының мамандары стратегиялық маңызы бар Шардара су қоймасындағы қауіпке Үкіметтің назар аударуы қажеттігін айтып, дабыл қақты. Ал облыс әкімі маңызды мәселеге қатысты сараптау жүргізуді тапсырды.Сырдария өзенінің бойында орналасқан Шардара су қоймасы жарты ғасырдан асам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Су қойманың жалпы көлемі – 5 200 миллион текше метр. Қазіргі таңда жиналған судың көлемі 4 миллиард текше метрден астам. Көксарай су реттегішіндегі су көлемі де артқан.
Осыған байланысты «Қазсушар» кәсіпорны Түркістан филиалының басшылығы бірнеше ұсыныс көтеріп отыр. Олар Түркістан облысында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіп-қатерлерінің алдын алу үшін наурыз айына дейін Шардара су қоймасының толуын 70 пайыздан асырмаған жөн деп санайды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәселені мемлекетаралық келіссөздер арқылы шешуге ықпал жасауы қажет. Тіпті мамандар су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апаттық жағдайдың алдын алу жөнінде Үкімет деңгейінде штаб құрудың маңыздылығын да көтерді.
Біз осыған байланысты кешегі күні «Қазсушар» кәсіпорны Шардара өндірістік бөлімшесінің басшысы Абай Мүтәлиевпен хабарласқан болатынбыз. Оның айтуынша, дәл қазіргі уақытта Шардарада қауіпті дейтіндей ештеңе жоқ.
— Су қоймасында 4 миллиард текше метр су бар. Жылдағыдан аздап көптеу екендігі рас. Бірақ қауіп қылатындай ештеңе жоқ. Облыс әкімімен өткен жиында алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізу жөнінде мәселе қаралды. Су қоймасы әлі 1 миллиард 200 миллион текше метр су жинай алады. Көксарай су қоймасы 2 миллиард текше метрге есептелген. Оның 500 миллионы ғана толған. Қалған 1,5 миллиарды бос тұр. Суды уақытында жинап алу да қажет. Өйткені жаз бойы Қызылорда облысының диқандары осы суды пайдаланады,-деді басшы.
Осыдан кейін кімге сенеміз? Жоғарыда отырған басшыларға ма әлде жергілікті жердегі мамандарға ма?