Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:50, 14 Желтоқсан 2022

Шарықтаған шаршы метрлер

None
None

 «Баяғы жартас – сол жартас» демекші, елімізде баспана жайы қанша айтылып, көтеріліп келе жатқанымен, әлі шешімін таппай жатқан күрделі мәселелердің бірі.

Баспанасыздық салдарынан елімізде үй-күйі жоқ адамдардың жалпы саны төрт жарым миллионнан асқан көрінеді. Егер тиімді ипотека не баспана алуға арнайы жағдайлар жасалынбаса, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 10 миллионға жетуі бек мүмкін. Бұны сала мамандары әлемде болып жатқан геосаяси жағдайлар мен құрылыс материалдарының қымбаттауының салдарынан екенін айтады. Әрі өз елімізде әлі күнге құрылысқа қажетті материалдардың өндірілмейтіндігі де импортқа тәуелділіктен құтылмауымызға себеп болып отыр. Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев те халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету күн сайын қиындап бара жатқандығын айтып, үкіметке, халыққа жеңілдетілген ипотека берсек, бұл мәселеден құтыламыз деп есептейді.

Сондай-ақ Құрылысшылар одағының төрағасы құрылыс заттары бір жылдың ішінде 46-50 пайызға қымбаттап, еңбекақы небәрі 26 пайызға ғана өскенін айтады. Оның үстіне, баспанаға мұқтаж қазақстандықтардың 60 пайызы бірде-бір ипотекалық бағдарламамен үй ала алмайды. Өйткені үй алмайтындардың көбісінің басында несиелері жетіп артылады. Сонымен қатар үкіметтің ұсынып жатқан ипотека талаптары қай жағынан алып қарасақ та өте тиімсіз. Әрі елдегі жалақының төмендігінен, көбісінің ипотеканың алғашқы жарнасын жинауына мүмкіндіктері жоқ.

Оның үстіне, жылда жаңадан қосылып жатқан ипотекалық бағдарламалардың барлығы да жалпы халық үшін емес, тек арнайы әлеуметтік топтармен кейбір саладағы маман иелеріне ғана тиімді болып жатқандығы да қарапайым халықтың үйсіз жүруіне әкеліп соғуда. Яғни халықтың көпшілігі демей-ақ қояйық, белгілі бір сала мамандарының айлықтары өскен сайын азық-түлікпен қоса баспананың әрбір шаршы метрінің бағасы да өсіп жатыр. Осы қымбатшылықтың салдарынан халық бар тапқан нәпақасын не азық-түлікке, не баспанаға төлей алмай сандалып жүргендері ащы шындық. Бұдан бөлек, күн санап, жалға алатын үйлердің де бағасы тым қымбаттап кеткен. Еліміздегі осындай бей-берекет қымбатшылықтың салдарынан халықтың күнкөріс деңгейі де күн санап төмендеп барады. Осыған қатысты Қазақстан құрылысшылар одағының  төрағасы Талғат Ерғалиев: «Біз бұл мәселені мүмкін дұрыс түсінбей де жүрген шығармыз. Сол үшін үкімет мүшелері ашық әңгімелесуге келіп, бұл қымбатшылықтың нақты салдарын, үй бағасының қымбаттауына нақты не себеп екенін айтып берсін. Бір-бірімізбен ақылдасып, бір шешімге келейік. Әрі ашық әңгімелесудің арқасында өзіміздің мұқтаж азаматтарымызға көмектесеміз. Ауылдан келгендер, өндірісте істеп жатқандар, құрылыста істейтіндер бірде-бір бағдарламаға ілікпейді. Осының барлығының жауабын бірге ақылдаса отырып, шешейік», – деп халықтың әл-ауқаты төмендеп бара жатқандықтан, мемлекет нақты бағдарламалар қабылдап, халыққа жеңілдетілген ипотека беруді қолға алу керек деген ұсыныстарын да айтып, тіпті үкімет мүшелерін ашық диалогқа да шақырып жатыр. Бірақ халықтың жағдайынан бөлек, елдегі күріштің бағасынан бейхабар үкімет құрылыс төрағасының бұл сөзіне әлі де былқ етпеді. Ал елдегі жағдай болса, күн санап нашарлап келеді. Экономистер қымбатшылықтың салдары бітпей, әзірге елде баспана алу мүмкіндігі жоқ екендігін, баға өсуі баяуласа да, тұрғын үй бағасының өсуі тоқтамайтынын айтады.

Ал ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, соңғы жылдарда үйлердің бағасы 19,5 пайызға, қайталама нарықтағы үйлердің бағасы 26,8 пайызға, ал пәтер жалдау құны 21 пайызға қымбаттаған. Сол себептен де халыққа баспана мәселесі әзірге арман ғана болып отыр. Ал халықтың мәселесін шешу үшін жоғарыдағы мамандардың сөздеріне сәйкес, ипотекалық бағдарламалар мен жеңілдетілген ипотека беру шарттарын мемлекет тарапынан реттемесе, үй бағасының арзандауы екіталай.

Тегтер: