Шавкат Рахмонов UFC 296 жекпе-жегінде қанша гонорар алғаны белгілі болды
Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (18-0) Лас-Вегаста (АҚШ) UFC 296 турнирінде америкалық Стивен Томпсонды (17-7-1) жеңгені үшін қанша алғаны белгілі болды.
MMA Salaries мәліметтері бойынша, бұл жекпе-жек үшін «Nomad» мансабындағы ең үлкен гонорар – 306 мың доллар (150 мың жекпе-жек үшін, 150 мың доллар – жеңіс, тағы 6 демеушілік бонус) алған.
Алайда оның қарсыласы бұдан да көбірек гонорар алған. Томпсон аталмыш турнирде біраздан бері жекпе-жек өткізеді. Тіпті чемпиондық белбеу үшін де кездескен. Сондықтан Рахмановпен жекпе-жегі үшін ол 416 мың доллар (кездесу үшін 400 мың доллар және демеушілер тарапынан 16 мың) табыс тапқан.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов UFC турнирінде Стивен Томпсонды екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңген болатын. Бұл оның мансабындағы 18-жеңісі. Жеңістен соң ол чемпиондық атақ үшін жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді.