Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:12, 14 Желтоқсан 2023

Шайбалы хоккейге 200-ден астам ауыл баласы өтініш берді

хоккей
Фото: из открытых источников

XXI ғасыр білімділер ғасыры болғандықтан бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі, ой-өрісі жоғары, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру кез келген мемлекеттің алға қойған аса маңызды міндеті. Себебі тәні де, санасы да сау ұрпақ – сапалы мемлекеттің тірегі. Ағзаның қорғаныс қабілеті нашар қалыптасқан кішкентай бала сыртқы ортаның қолайсыз әсерлеріне тез ұшырайды. 

Ал сау ұрпақты тәрбиелеу үшін спорттың тигізер септігі көп. Осы тұста Астана қаласының балалары бос уақытында жүзу, дзюдо, хоккей сынды спорт түрлерімен айналысады. Желтоқсанның он екінші жұлдызы Астанада шайбалы хоккейден балалар арасында SAMRUK BALA CUP 2023 турнирі басталды. Республикалық турнирдің ашылу рәсіміне Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, еліміздегі алғашқы әйелдер хоккей академиясының негізін қалаушы, ұлттық әйелдер хоккей лигасының тұңғыш қазақстандық ойыншысы Бұлбұл Қартанбай және атақты қара күш иесі, Гиннестің рекордтар кітабының рекордшысы Сергей Цырульников қатысты. Ашылу салтанатында сөз алған қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Сәбитұлы турнирдің басталуымен құттықтап, қатысушыларға жоғары спорттық жетістіктер мен жеңістер тіледі.

Спорт – дене тәрбиесін ұйымдастырудың негізгі формасы. Шайбалы хоккей додасына Қазақстанның 8 өңірінен бөлек Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан барлығы 24 командадан құралған 300 бала қатысып жатыр. Олардың қатарында қалалық спорт басқармасына қарасты №10 шайбалы хоккей спорт мектебінің тәрбиеленушілері де бар. Турнирді ұйымдастырушылар басты мақсат хоккей спортын насихаттап, халық арасында кеңінен таралып дамуына серпін беру дейді. Балалар арасындағы турнир Cross Ice форматында өтпекші. Қатысушы командалар жеребе арқылы 4 командаға бөлініп, айналмалы жүйе бойынша өтетін топтық кезеңнің соңында топтардағы иеленген орындарға сәйкес плей-офф матчтары өтеді. Плей-офф және финалдық кездесулер жарыстың соңғы күні өтіп, турнирдің барлық қатысушылары медальдарымен марапатталады. Ал жеңімпаз команда мен жүлдегерлер кубоктарға ие болады. 14 желтоқсанға дейін жалғасатын турнир «Барыс» спорт кешенінде өтпекші. Бұл дода «Самұрық-Қазына» АҚ қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы – Samruk-Kazyna-Trust қорының қаржылай қолдауымен Altyn shaibaly жобасы аясында ұйымдастырылған алғашқы жарыс. Келесі жылы осы жоба аясында ауыл балаларының арасында да бірнеше турнир өткізу жоспарланып отыр. Оған қатысуға қазірдің өзінде 200-ден астам ауылдың баласынан өтінім келген.

 

    С. Бақтыбек

       Астана