Шенеуніктер не демейді, не десе де, ел сенбейді

Нақ қазір халық үшін жаны ауырып, елдің жайын күйттеп жүрген шенділерді табу қиын.
Кейде шенеунік деген атағы дардай азаматтардың сөйлеген сөзін тыңдап отырып еріксіз қынжыласың. Біздің шенділер үнемі бастары дауға қалып, сөздері әжуаға айналып, заманның «хитмені» болып шыға келуін қояр емес. Бірінен-бірі өтеді дерсің.
Мысалы, былтыр ел шетіне қауіпті індет келіп, мәселенің қаншалықты салмақты екенін елге жеткізердегі бас санитар Жандарбек Бекшиннің «наконец-то вирус келеді» деген сөзі елдің есінен әлі кете қойған жоқ. Осы уақытқа дейін бұл сөзді ерінбегеннің бәрі әңгіме қылып, «вирусты құда келетіндей күтіп жүрген» Бекшиннің танымалдығы тіптен арта түсті. Вирусқа қатысты болжамдары дөп келгені сонша – қазірде жұртшылық Бекшинді және денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды бақсы, балгер деп атап кеткен. Бұл екі шенеуніктің былтырдан бері әр сөзі «хит». Ал биыл ше?! Әдеттегідей биыл да біраз шенеунік езуімізге күлкі үйірді.
Өткенде ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев азық-түлік сатып алуға күн сайын қанша теңге жұмсайтынын айтты. «Баға тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде өсіп жатқанын айтқан министр «әлемдік инфляция 33 пайызға жетсе, Қазақстанда оның деңгейі 8,9 пайыз шамасында» деп бір тоқтады. Ал журналистердің «Күніне азық-түлік сатып алуға қанша теңге жұмсайсыз?» деген сауалына жауап берген министр Ерғалиев әбден шатасты. «Отбасымызбен күніне тамаққа 50-60 мың теңге жұмсаймыз», – деген министр артынан «Бұл бір айға ма?» деп нақтылаған журналистің сауалына «иә» деп жауап берді. Сөйтіп, министрдің айтуынша, бір айға азық-түлікке 50-60 мың теңгені жеткізуге болады екен. Министрдің бұл сөзін естіген қазақстандықтардың біразы күлді, енді бірі ызаға булықты. Осыдан кейін ел арасында тіпті «айына 50-60 мың теңгені тамаққа жеткізетін сонша үнемшіл болса, онда 600 мыңнан 1,2 миллион теңгеге дейін жалақы алатын министрлердің жалақысын азайтып, мемлекеттік шығындарын қысқарту қажет» деген пікірлер де қаузалды.
Жалпы, соңғы кезде Әсет Ерғалиевтің бұл сөзі ғана емес, «2025 жылға қарай ауыл халқы 100 пайыз ауызсумен қамтылып, тұрғындар жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізеді» деген сөздері де елдің езуіне күлкі үйіріп жүр. Бұған қатысты Ерғалиевтің айтқандары рас болса, алдағы уақытта ауыл тұрғындары керемет өмір сүреді. Ол үшін елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесін шешуге бес жылдың ішінде 800 млрд теңге бөлінбек. Сөйтіп, 3,5 мың ауылдағы 7 млн тұрғынның өмір сүру сапасы жақсарады. Жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызы, ал ауыл ішіндегі 10 мың шақырым жол жөнделіп, салынбақ. 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 110 мың жер учаскесі жеке тұрғын үй құрылысы үшін қажет инфрақұрылыммен қамтылады. 12 мың шақырым инженерлік желі салынады. 500 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Алайда министр осылай дегенмен, қарапайым халықты қойып, сала мамандарының өзі мұндай есептерге аса сене қоймайды. Бұл реттеэкономист-ғалым Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, бюджеттен қомақты қаражат бөлінгенімен, ауылдық аумақты ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі сонау 2005 жылдан бері шешілмеді. «Ақбұлақ», «Таза су» мемлекеттік бағдарламалары қабылданды. Бірақ бұл бағдарламалардың аясында қаражатты толыққанды ұқсата алмадық. Енді келіп «айналасы үш жылдың ішінде ауылдық жерді 100 пайыз ауызсумен қамтимыз» деген Ерғалиевтің ертегісіне сену қиын.
– Жалпы, біздің шенеуніктер тым қиялшыл ма, әлде мәселенің мән-жайын ұқпай ма, әйтеуір, сөйлеген сөздерінен бөлек, нақты істеген істерінің нәтижесін көру қиын болып кетті, – дейді сарапшы.
Мамандардың пайымдауынша, қазір үкімет мүшелері, министрлер, жергілікті әкімдіктер ең алдымен инфляциямен, экономиканы сауықтыру шараларымен, нақты реформалармен айналысуы керек еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Қазақстандағы жылдық инфляция қазір 8,9 пайызға жетті. Ең қызығы, жоғары инфляция себебін Ұлттық банк үкіметтен, ал үкімет Ұлттық банктен көріп отыр.
– Бұл ретте үкімет «Ұлттық банк ақша-несие саясатын реттей алмай отыр» десе, Ұлттық банк, керісінше, «Қазақстандағы тұтынушылық инфляцияның өсуіне халықтың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарынан алған жинақтары әсер етті» деген уәж айтады. Ал нақты жанама әсерлері бар екенін, соның арасында халыққа ауыртпалық түсірмейтіндей тәсілдерді қолдану керектігі сауатты түрде жүзеге асырылып отырған жоқ, – дейді Жаңабай Алдабергенов.
Ең қызығы, өткен аптада инфляцияға қатысты бас банкир Ерболат Досаев та сөзінен жаңылды. Досаевтың пайымдауынша, елімізде жалақының өсуі де инфляцияға жол беріп жатыр. Бұған қатысты бас банкир: «Жалақының өсуі аясында қызметтердің өзіндік құны индексі 2020 жылдың шілдесінен бастап 49-дан 67-ге дейін өсті. Іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және еңбекақы төлеудің жоғары үлесін (50 пайыз) ескере отырып, жалақының өсуі инфляцияға қосымша қысым жасайды», – дейді.
Ал сарапшылар бұған қатысты «Досаевтың бұл қай сасқаны?» деп отыр. Мамандардың пайымдауынша, қазіргі инфляцияға жалақының өсуі әсер еткен жоқ. Себебі елдің жалақысы шын мәнінде әлі өскен де жоқ. Бұл ретте мамандар: «Инфляцияға әсер еткен – импорттық фактор. Сырттан келетін тауарлар қымбат. Ал енді ішкі жағдайда азық-түліктің қымбаттауына әсер етіп жатқан факторлар көп. Дизель отынының қымбаттауы, тапшылық қолдан жасалуы инфляцияға қатты әсер етіп отыр. Ал жалақы биыл өскен жоқ», – дейді.
Мамандардың айтуынша, бұл арада жергілікті әкімдерден бастап, министрлер, Ұлттық банк – барлығы бірлесіп, үкіметке экономиканы сауықтыруға қатысты қызықты механизмдер ұсынуы керек еді. Бұған қатысты экономист-ғалым Атамұрат Шәменов:
– Мәселен, бізде ауыл шаруашылығы мәселесімен тек қана ауыл шаруашылығы министрлігі айналысып жүр. Меніңше, ауыл-аймақты дамытуды тек қана бір министрліктің мойнына артып қою дұрыс емес. Бұл істе жергілікті әкімдіктерге де өзіндік міндеттеме жүктеу керек. Жергілікті әкімдер өз ауыл-аймағының жай-жапсарын жақсы білетіндіктен, әрбір реформаны әкімдіктер арқылы жүргізсек жөн болар еді, – дейді.
Рас, маман айтса айтқандай, қазір өзге елдердің әкімдері ауқаттыларды ауылдарына инвестор болуға шақырып, оларға белгілі бір қызықты ұсыныстар айтып, халыққа тиімді жолдарын ұсынады. Ал біздегі жергілікті әкімдер үкіметке нарыққа қатысты қызықты ұсыныстар айтуға келгенде жұмған аузын ашпай отыр. Қызықты механизмдер ұсынбақ түгіл, өз аймағында нан бағасының қанша екенін білмейтін, ел арасында жұт болып, мал қырылып жатқанда «бұл төтенше жағдай емес» деуге дейін баратын, тіпті «мен азық-түліктің бағасын білмеймін, себебі үйден тамақ ішпеймін» деп, сөзінен жаңылатын әкімқаралар да бізде жетерлік. Мұндайда «әр әкім өз ауданында әлеуметтік жеңілдікпен тауар сататын кішігірім дүкендер желісін құруға неге қаражат қарастырмайды? Өнім өндірушілердің тікелей өзімен кездесіп, сол дүкендерге арзан тауарларды делдалдарсыз тікелей зауыттан арзан бағаға әкеліп самсатып қойса, өнім арзан болмағанда қайтеді?» деген сауалдар жұрттың көкейінде еріксіз туындайды.
Турасын айтқанда, бізде «аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен» шенеуніктер өте көп. Ал олардың халықты жарытып, экономиканы дамытуы тағы екіталай. Қазір халық «біздің шенеуніктер не демейді» деп, тіпті олардың шын сөзіне сенуден қалған.
Сөйтіп, елімізде «қызмет қылар жорғалап, маңдай тері сорғалап» деп, ел сүйсінетін шенеуніктердің санаулы ғана екенін амалсыз мойындауға тура келіп тұр. Бүгінде атқарушы биліктегілердің жұрттың әжуасына қалмай, әділ әрі адал жұмыс істеуін айта-айта, армандай-армандай біз қажыдық десе де болады...