Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:15, 03 Қараша 2021

Шенеуніктер шаруаларды шығынға ұшыратты

None
None

Павлодар облысында картоп мен мал шаруашылығын дамытамыз деген кәсіпкерлер шенеуніктердің салғырттығы салдарынан берешекке белшесінен батты.

Бірнеше жылдар бойы мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып, амалы таусылған олар енді халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінбек.

Германия мен Нидерландыдан элиталық картоп тұқымын әкелген қазақстандық шаруалардың діттегені болмай қалды. Табыс табамыз деп ойлаған олар керісінше қарыздың шырмауына оралды. Отандық фитосанитария қызметі шетелден жеткізілген өнімде аса қауіпті «зебра чип» бактериясы бар екенін алға тартып, кәсіпкерлерге қомақты сомадағы айыппұл салған. Ол аздай, шекараның арғы жағынан жеткізілген тұқымды салуға тыйым салды.

Шығынға батқан бизнесмендердің бірі – павлодарлық Тимур Қабдоллов. Ол қолында тиісті құжаттардың барлығы болса да, мемлекет өтемақы төлеуден бас тартып отырғанын айтады.

– Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Алматыдағы аймақтық карантин зертханасы зерттеу жасап, картоп тұқымында «зебра чип» деп аталатын ауру бар деген қорытынды шығарады. Осы қағаз бен соттың өтемақы төленуі тиіс деген шешімін құзырлы органдарға жібердік. Бірақ мемлекеттік мекемелер шығынды төлемейміз деп отыр. Ал мен осы уақыт аралығында 25 млн теңгені жоғалттым, – дейді кәсіпкер.

Бір қызығы сол – картоп өсірумен айналыспақ болғандар шетелден жеткізілген тұқымдарды сараптамадан өткізу үшін Ресейге жөнелткен. Бірақ көршілес елдегі зертхананың қорытындысы тұқымда ешқандай ауру белгілері жоқ деген байламға келген. Сол сияқты тұқымды сатқан Германия мен Нидерландыдағы, Франциядағы зерттеу орындары да Алматыда анықталған бактерияларды таппаған. Мәселені реттеп, анық-қанығын анықтау үшін президентке жазылған ашық хат әлі де жауапсыз көрінеді. Сондықтан шаруалар БҰҰ-ға шағымдануға бекініп отыр. Себебі Қазақстан – фитокарантиндік өсімдіктер бойынша халықаралық келісімге қол қойған мемлекеттердің бірі.

Шетелден әкелінген картоптан ғана емес, ірі қарадан да ши шықты. Осыдан екі жыл бұрын Ресейдің Кемерово облысынан «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы сатып алынған 200 сиыр әлі күнге дейін ешқандай есепте жоқ. Оны алуға үкімет 75 млн теңге бөлген болатын. Енді бұл мал санын өзі тіркеуге алмай отырған мемлекеттік мекеме бюджеттік қаражатты қайтаруды талап етіп отыр. Миға қонымсыз дүние!

– 2019 жылдың тамыз айында асылтұқымды ірі қараны алуға ақша бөлініп, 2020 жылдың қаңтар айында 200 бас мал Қазақстанға жеткізілді. Шарбақты аудандық ауыл шаруашылығы, ветеринария бөлімдеріне бірден хабар берілді. Ірі қараларды карантинге қою туралы өтініш те жолданды. Алайда бұл сан әлі күнге дейін ақпараттық жүйелерде жоқ. Сондықтан оларды не соя, не сата алмай отырмыз, – дейді «Кәкімбаев» шаруа қожалығының өкілі Серік Ілиясов.

Мемлекеттік мекемелер не бюджеттік қаржыны кері беруді, не ірі қараларды Ресейге қайтаруды талап етіп отырғанға ұқсайды. Бірақ шаруашылық «Сыбағаның» ақшасын мал сатып алуға жұмсап қойды. Іс жүзінде оның барлығы қорада тұр. Ресейге қайтарайын десе, Қазақстанда есепте жоқ малды ол жақ алмайды. Соның салдарынан шаруаның шақшадай басы шарадай болды. Енді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегімен шекара қызметіне ірі қаралардың шекарадан өткенін дәлелдейтін қандай да бір құжатты беру туралы сұраныс хат жолданды. Егер қандай да бір айғақтар табылса, атқамінерлер сиырларды есепке алудың амалын қарастыруы мүмкін.

Шаруашылықты дамытуға кіріскен кәсіпкерлерге осындай кедергілер жасалған тұста Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы неғайбыл.

Тегтер: