Шенеуніктермен желіде танысып, ақша бопсалаған қызылордалық үш әйел сотталды
![ақша](/static/img/image.jpg)
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының үш тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Белгілі болғандай, нәзік жандылар әлеуметтік желілер арқылы шенеуніктермен танысып, олармен сексуальды сипатта әңгімелескен. Кейін жазбаны жариялап, лауазымды тұлғалардың абыройына нұқсан келтірмеу үшін ақша бопсалаған, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Сотталушылар өздерінің қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру үшін жалған аккаунттарды пайдаланған. Нәзік жандылардың құрығына барлығы 12 шенеунік іліккен. Олардың қатарында өзге өңірлердің де мемлекеттік қызметкерлері бар. Сезіміне ерік берік, сексуальды сипатта ағынан жарылған, интимді суреттерін ойланбай жіберген шенеуніктер ақыр соңында 500 мың теңгеге дейін қаражат беруге мәжбүр болған. Сот процесі кезінде, ақшаларын кері қайтарған 11 зардап шегуші сотталушыларға кешірім берген.
"Үш азаматшаға қатысты соттың үкімі шығып, қазіргі уақытта оларға 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, осы жазаны өтеу мерзімінде әр жыл сайын 100 сағаттық еңбекке тартылып отыр. Соттың үкімі заңды күшіне енді", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.
Айта кету керек, сот процесі жәбірленушілердің қатысуынсыз өткен. Тұзы жеңіл шенеуніктердің нақты кім екендігі белгісіз. Олардың қатарында Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының белді азаматтары бар екендігі айтылуда.