Шенеуніктің қамқорлығы 1 миллион теңге
Шымкентте сыбайластық Сыздықбековтің кезінде де жалғасып жатыр
Шымкент қаласының әкімі лауазымына кіріскеніне бір жарым ай болған Ғабит Сыздықбеков қайбір жолы өңір журналистерімен өткен кездесуде қаланың тарихын жаңа парақтан бастайтынын, жемқорлықтың бәрі артта қалатынын айтып еді. Айтып ауыз жиғанша, шымкенттік атқамінерлер Сыздықбековтің дәуіріндегі жемқорлықтың жаңа парағын ашып қойды. Әбден дендеген дертті сылып тастау жаңа әкімге оңай болмайтын сияқты.
Өткен аптада Шымкентте тағы бір «акула» ауға түсті. Бұл жолы мегаполисте мәдениет басқармасының басшысы ұсталды.
«Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы басшысының заңсыз әрекетінің жолын кесті. Ол өзінің қарамағындағыдан еңбек шартын ұзартқаны және қызметтегі жалпы қамқорлығы үшін 1 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің таратқан мәліметінде.
Күдікке іліккен Сәкен Шәкеев басқарма басшысы қызметіне биыл наурызда тағайындалған болатын. Мамандығы бойынша заңгер. Еңбек жолында ол мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазақ әуендері» мекемесінде вице-президент лауазымын атқарған. Былтыр қазанда Шымкент қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары болды. Кейін басқарманың тізгінін қолға алды. Жалпы Шәкеев туралы елдің пікірі жаман емес болатын. Жас жігітке соңғы кездері түрлі келеңсіздіктерден, сыбайлас жемқорлықтан көз ашпай келе жатқан мәдениет саласын жөнге салады деген сенім артылып еді. Үмітіміз ақталмаған сияқты.
Әрине, сот үкімі шықпай жатып Шәкеев туралы пәлен-түген деуден аулақпыз. Дегенмен Шымкент қалалық мәдениет басқармасының соңғы екі жылда даудан арылмай тұрғаны рас. Наурыз тойына бөлінген 500 миллион теңгенің жыры ұзаққа созылды. Былтыр қаладағы мәдениет мекемелерінің басшылары, өнер қайраткерлері басқарма басшысы Ханзада Есенованың заңсыз тірліктеріне қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. Ұзаққа созылған дау-дамайлардан, келеңсіз әңгімелерден кейін Есенова қызметінен кетті. Былтыр осы уақытта мегаполистегі мәдени іс-шараларға бөлінген қаржыларды талан-таражға салғаны үшін бір топ бухгалтер сотталды. Тергеу барысында анықталғандай, қаржылар алдымен мәдениет басқармасынан мәдениет үйлеріне аударылған. Бұдан кейін ақша қайтадан мәдениет басқармасына келген. Осы аралықта шенеуніктер жеке компаниялар арқылы ақшаны талан-таражға салған. Нақтырақ айтар болсақ, 2018-2021 жылдар аралығында мәдени шараларға қаралған бас-аяғы 600 миллион теңгені жеп қойған. Сот барысында бухгалтерлер бұл ақшадан әр басшының алатын үлесі болғанын мәлім етті. Сот үкімімен мәдениет басқармасы мен мәдениет үйлерінде есепші қызметтерін атқарған үш әйел азамат және оларға сыбайлас болған бір жеке кәсіпкер әртүрлі жазаларға кесілді. Ал басшылардың бәрі «судан таза, сүттен ақ» болып шықты.
Байқағандарыңыздай, осылайша Шымкентте басшының қарамағындағы қызметкеріне көрсететін қамқорлығы 1 миллион теңгені құрайды. Бұл шенеуніктің шенеунікке көрсететін қамқорлығы. Ал егер шенеунік мұндай қамқорлықты кәсіпкерге көрсететін болса, онда ставка еселеп өсе береді.
Осыдан екі-үш ай бұрын Шымкентте бір аудан әкімінің орынбасары мемлекеттік сатып алу келісімшартын орындау кезінде кәсіпкерге көрсететін қамқорлығы үшін 60 миллион теңге мөлшерінде пара алды деген күдікпен ұсталды. Яғни Шымкентте қарапайым аудан әкімі орынбасарының қамқорлығы 60 миллион тұрады деген сөз. Ал сонда қалалық әкімдіктегі миллиардтаған тендерлерге көрсетілетін қамқорлықтың құны қанша? Шымкентте бұдан кейін жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы ұсталды. Ол жекеменшік көлік компаниясының басшысына көрсеткен қамқорлығы үшін 13 миллион теңге пара алды деп айыпталуда. Қазір аудан әкімінің орынбасары мен басқарма басшысының ісі сотта қаралып жатыр.
P.S. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, биыл Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған шенеуніктердің саны жағынан өңірлер арасында бірінші орында тұр. Ал қала әкімі Сыздықбеков бір жарым айда бірқатар кадрлық ауыс-түйістер жасап тастады. Бір кездері үкімет аппаратында бірге жұмыс істеген Айдын Кәрімовті Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымынан Шымкентке алып келіп, өзіне орынбасар етіп алды. Бұдан кейін Алматы қаласында аудан әкімі болып жүрген Ержан Сейтеновты Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы етіп тағайындады.
Бақытжан Әбдірашұлы
Шымкент қаласы