Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 12 Желтоқсан 2022

Шетелдік жігіттің барлығы – ханзада емес

None
None

Соңғы жылдары шетелдік жігіттерге қызығатын қаракөздеріміздің саны едәуір артқан.

Ондағы ой «қалтасында бес тиыны жоқ жігіттен, бес мың теңгесі бар өзге ұлттың жігіттерімен өмір сүрсем, бақытты боламын» деген ой. Бірақ дәл осы жерде қазақ қыздарымыз қатты шатасқан секілді.

Қазіргі таңда шетелдік жігіттерге тұрмысқа шыққысы келетін қыздардың қатары күн санап артып келеді. Алайда шетелдік ақбозатты ханзаданы аңсаған қыздар алаяқтардың торына түсіп, сан соғып қалуда. Бұған дәлел ретінде былтыр ғана алаяқтардың құрығына түскен әнші Ұлжан Айнақұлованың қызы Әсем Айнақұлова виртуалды алаяқтарға алданып, жиған-терген 100 мың АҚШ доллары, ақшасынан, екі үйі мен көлігінен айырылып қалғанын айтып, шырылдаған болатын. Бұндай жағдайлар тек Әсемнің ғана емес, шетелдік жігіттерді аңсаған әрбір қазақ қыздарының басынан өтіп жатқан жағдай.

Ал шетелдік алаяқтар «шалғайда жүріп, қыздарды қалай алдайды?» деген сұраққа келсек, олардың қолданып жатқан алаяқтық тәсілдерінде шек жоқ. соның бір тәсілі, әлгі шетелдік алаяқтар келбетті бір жігіттің суретін аваға қойып, әлеуметтік желі арқылы қыздарға хат жіберіп, танысып, қыздың әбден сеніміне кіреді де, кейіннен «саған сыйлық жіберемін, не болмаса, кел, екеуміз бір кәсіпке бірлесіп, инвестиция салайық. Содан кейін екеуіміз міндетті түрде үйленеміз» деген секілді ұсыныстар тастайды.  Бақыттан басы (айналған қаракөздер алаяққа алданып, қалай ақшасынан айрылғанын білмей де қалады. Жақында ғана бір келіншек шетелдік жігіттің арбауына қалай түскені туралы оқиғасын айтып берді. Ол жолдаған хатында «Мен Өскемен қаласының тұрғынымын. Шетелдік Джеймс Чан есімді алаяққа алданып қалдым. Ол өзін басынд Польшаның азаматымын деп таныстырды. Басында екеуміз инстаграм желісі арқылы жазысып  жүріп, кейіннен вацап арқылы сөйлесе бастадық. Жақын араласа келе, ол маған сыйлық жібергенін айтты. 3 қазанда « сыйлығыңыз Туркияның кеденінде тұр, бері қарай жеткізуге 750 доллар жіберіңіз» деп кеден қызметкері хабарласты. Мен несие алып, 750 долларды сол кісінің берген реквизитіне жібердім. Артынша сол жолдаманың ішінен 100 мың доллар тауып алдық, сол ақшаны алуыңыз үшін құжат дайындап береміз деп, тағы да 300доллар сұрады. Сұраған ақшасын жібердім. Екі күннен соң затыңыз Қазақстанда тұр, үйіңізге жеткізу үшін тағы да 750 доллар жіберіңіз деп айтты. Ол ақшасын да микрнесие алып жібердім. Артынша тағы 350 доллар сұрады. Соңында 10 доллар жібермесеңіз, затыңыз тәркіленеді деді.  ақша сұрай берген соң, қолымды бір сілтедім. Сөйтсем, мен алданған екенмін» дейді. Міне, осы сарындас оқиғаларды тізбектей берсек, өте көп.

«Жалпы есі кірген адамның жас балаша алданғаны әрине біртүрлі. Бірақ бұл гипноздың әресінен болуы да мүмкін» дейді психолог Серікгүл Әлменова. Бұл туралы психолог мынадай пікірмен бөлісті. «Шетелдік жігіттерге тұрмысқа шығуды армандап жүрген қыздардың көбеюіне әлеуметтік желілер себеп болып отыр. Әлеуметтік желілердің барлығын ашып қалсақ, түрікпен, неміспен, нигериялық жігіттермен тұрмыс құрған қыздар өздерінің бақытты өмірлерін салып, «кезінде қазақ жігіті бағаламап еді, енді міне, өзге ұлттың жігітімен уайым-қайғысыз бақытты ғұмыр сүріп жатырмын» деген секілді суреттерін жарыса жариялап жатады. Жат елге кеткен қыздың өмірін сүргісі келетін қыздар әлеуметтік желіден шетелдік жігіттерді іздей бастайды. Іздегенге сұраған дегендей, ғаламторда қазақ қызымен танысқысы келетін жігіттер де аз емес. Шетелдік жігіттер сұраныста екенін білген алаяқтардың торына әрине осындай қыздар тап болады. менің қабылдауыма келіп, «шетелдік жігітке ұнау үшін қандай болуым керек?» деп сұрайтындар да бар.  Бұл әрине, мүмкін емес нәрсе. Ол әркімнің өз тағдырына байланысты.  Сол үшін қыздар құр қиялдап, жеңіл өмірді аңсамай, қандай істі де ақылмен, байыппен шешуге дағдылануы қажет» дейді психолог.

«Өткен іске не шара?». Бірақ мұндай алаяқтыққа тап болмауы үшін қаракөздеріміззаңды тұрғыда нені білуі қажет? әрі осындай оқиғаға кезіккенде қалай заңмен шешуі керек? деген сұраққа қатысты «Tarbagatai» заң кеңесшілер палатасының мүшесі, тәжірибелі заңгер Бағдат Амандосұлы төмендегі кеңесін берді.

Өкінішке орай, қазіргі кезде елімізде шетел элементімен шиелесіскен киберқылмыстылық, оның ішінде онлайн сауда түріндегі немесе фишингтік сілтемелерді пайдалану арқылы азаматтардың банктік шоттарынан қаражаттар алаяқтық жолмен ұрлану фактілері жиелеп кеткені рас. Дегенмен, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сеніміне қиянат жасау арқылы жасалған іс-әрекет ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы бойынша алаяқтық қылмысы ретінде танылып, 4000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға немесе мүлкін тәркілеумен төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көрсетілген. Ал егер бұл қылмыстық әрекетті қылмыстық топ құрып жасаса немесе аса ірі мөлшерде жасайтын болса, онда 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Киберқылстылықпен күресу халықаралық аренадағы күрделі проблемалардың бірі болғандықтан алаяқтық жолмен шетелдік шоттарға кеткен қаражаттың ізіне түсіп, оны тауып тиісті қаражатты кейін қайтару өте қиынға соғады, себебі қылмыскердің отырған жерін анықтау екі мемлекет үшін ұзақ уақытты талап етеді. Дегенмен, егер алаяқтық фактісі орын алса, сол мемлкететтің құқыққорғау органдарымен байланысып тиісті дәлелдерді арызға тіркеп ресми түрде жүгінген абзал. Сондықтан онлайн сауда, фишингтік сілтемелерді жан-жақты мұқият зерттеген жөн.

Бұл проблеманың алдын алу үшін Қазақстанда ұялы телефон нөмірлерін адамның жеке куәлік нөмерімен байланыстыру қажет яғни бір адамда бір ғана ұялы телефон нөмірі болуы керек, және тек қана ресми сайттар арқылы ғана қатынасқа түскен абзал деп ойлаймын.

Сонымен оңай олжа табамын деп, опық жеу әрине, өкінішті. Өзгенің қаңсығы әрқашанда біз үшін таңсық нәрсе күйінде қалуы қажет.  Яғни, шетелдік жігіттің барлығы – ханзада емес.

Тегтер: