Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:10

Шымкент Конституция күнін қалай атап өтті?

0
Фото: ашық дереккөз

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Осы тарихи мерекеге орай Шымкент қаласында салтанатты іс-шара өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен ұйымдастырылған кеш «Қызғалдақ» сарайында өтіп, ел азаматтарының құқықтық мәдениетін арттыруды, Ата заңның қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттауды және ұлттық бірлікті нығайтуды мақсат етті.

Мерекелік жиын Мемлекеттік Ту мен Конституцияны сахнаға алып шығу рәсімінен басталып, мемлекеттік Әнұран шырқалды. Сахна төрінде сөз сөйлеген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Конституцияның мемлекет пен қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, барша тұрғындарды мерейлі мерекемен құттықтады.

«Ата заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің берік діңгегі. Оның әрбір бабы халық игілігіне, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға арналған. Отыз жылда Қазақстан түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, қуатты мемлекетке айналды. Бұл жетістіктердің барлығы Конституция қағидаттарын бұлжытпай орындаудың, ел бірлігі мен ынтымағының жемісі. Біз Ата заңымызды әрдайым қастерлеп, болашақ ұрпаққа аманат етуіміз керек, – деді қала басшысы.

Конституция – халықтың еркін білдіретін әрі елдіктің алтын арқауы. 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған бұл құжат Қазақстанның құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуына жол ашты. Ата заңымыздың негізінде билік тармақтары айқындалып, азаматтардың құқығы мен бостандығына кепілдік берілді. Осы уақыт ішінде елімізде саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жүзеге асып, Қазақстан халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды.

Салтанатты кеш барысында ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік медальдар мен құрмет грамоталары табысталды. Олардың арасында білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласының өкілдері, сондай-ақ қоғам белсенділері бар. Бұл марапаттар – елге адал қызмет етіп жүрген жандарға көрсетілген құрметтің белгісі.

Іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты. Шымкенттің өнер ұжымдары мен әншілері сахнаға шығып, ел бірлігін, достық пен ынтымақты жырлаған әсем әндер орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Конституция күні – ел тарихындағы маңызды белес. Ол Қазақстан халқының бірлігін, мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының кепілі екенін тағы бір мәрте айқындап берді.

Сондай-ақ Шымкент қаласының прокуратурасы Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырды. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, қала әкімдігінің басқарма басшылары, жоғары оқу орындарының студенттері мен қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов жиналғандарды Конституцияның 30 жылдық мерекесімен құттықтап, заң мен тәртіп саласындағы үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Ата заң – елдегі тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің кепілі, мемлекетіміздің демократиялық дамуының берік іргетасы. Сонымен қатар қала прокуроры бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.

Жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те құттықтау сөз сөйлеп, Конституцияның ел дамуы үшін маңызын ерекше атап өтті.

«Ата заң – әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріміздің, қоғамдық реформалардың берік тірегі. Оны қастерлеу – әр азаматтың қасиетті парызы. Мәңгілік елдің тұғырын нығайтуға әрқайсымыз үлес қосуымыз қажет», – деді ол.

Мерекелік кеште патриоттық әндер шырқалып, ел дамуына еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Конституция күні ел тәуелсіздігі мен тұтастығының, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің басты негізі екені атап өтілді.

Еламан Өмірхан

Шымкент қаласы

Тегтер: