Шымкентте «Дін және әйел» форумы өтті
Қоғам дамуы үшін әйелдердің алатын орны ерекше. Қазақ қоғамында да «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін» әйелдің ықпалы мен рөлін мойындаған, қашанда әйелдің рөлін ерекше бағалаған. Осы ретте діндегі әйел орнының да маңыздылығын атап өту керек.
Исламдағы және қазіргі қоғамдағы әйелдің мәртебесі туралы мәселе соңғы уақытта ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл ерекше назар аударатын тақырыптардың бірі. Әйелдердің денсаулығы мен амандығы – кез келген елдің өркендеуінің негізі болса, діннің мәнін түсіну – татулық пен өзара түсіністіктің кепілі. Бірақ кейінгі уақытта теріс ағымдағы дінге әйелдеріміздің кіріп кететінін мойындау керек. Бұған бірнеше оқиғалар мен істер дәлел бола алады. Мемлекет басшысы жастарымыздың дәстүрлі емес діндер мен ағымдарға қызығушылық танытып отырғанына алаңдаушылық білдірген болатын. Сондықтан жастардың, оның ішінде қыздардың діндегі сауатын ашу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды.
Осы орайда Шымкентте «Дін және әйел» форумы өтті. Бұл шараға елімізге белгілі дінтанушылар, саяси және қоғам қайраткерлері, дін өкілдері қыз балалардың діни сауатын ашу мәселесін талқылауға қатысты. Олар зайырлы өмір салтын жүргізу үшін күмәнді ағымдарға алданып қалмау керек екенін айтты. Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, ОҚО әкімдіктері, Білім және ғылым министрлігі бірлесе өткізді.
Форумда әйелдердің қоғамдағы орны, исламдағы ананың рөлі, қоғамның өркениетті дамуындағы әйелдің рөлі сынды мәселелер көтеріледі. Дәстүрлі емес киім – хиджаб киюді түсіндіруге ерекше көңіл бөлінді.
Аталмыш шарада ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының консультанты Камал Әлпейісова дін ұстануда жастар абайлау керегін, теріс ағымдағы діннің шырмауына шырмалып, алданып қалмау қажетін айтты.
«Біздің Конституция, әрине, діни сенім бостандығына кепілдік береді, бірақ сіз өз дініңізді таңдауда саналы болуыңыз керек», - дейді ол.
Мұндай ауқымда қыздарды тәрбиелеу мәселесі Шымкентте бірінші рет көтеріліп отыр. Әйелдер өз құқықтарын, қоғамдағы орнын және отбасы алдындағы міндеттерін білуі керек дейді форумға қатысушылар. Жас ұрпақты тәрбиелеуде де діннің алатын орны зор. Сарапшылар діннің рухани-адамгершілік құрамдас бөлігі, қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі мен әлеуметтік мәртебесін арттыру мәселелеріне, сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың ықпалына қарсы тұру шараларына ерекше назар аударды.
Тағы бір айта кететін жайт экстремистік ағым өкілдері дінді әйелдердің рөлін кемсіту үшін пайдаланады. Көбінесе бұл әйелдердің құқықтарын шектеуде көрінеді - киімінде, мінез-құлқында, білім алу мүмкіндіктерін шектейді. Бүгінгі біздің міндетіміз – жастарға әйелдердің қоғам өміріне ерлермен тең дәрежеде қатысуы керегін жеткізу. Олар барлық салада белсенді болып, білім алулары да маңызды.
Мысалы, радикалды, экстремистік діни ұйымдардың мүшелері өздерінің азғындығын белгілі бір діни идеялармен негіздеп, немесе өз әрекеттерін ешбір жолмен түсіндірмей, көп әйел алады. Және олардың құқығын барлық жерде шектейді. Хиджаб, никаб киюге міндеттейді. Балаларын мектепке берген кезде де хиджаб киіп баруы шарт деп санайды. Ал Қазақстан зайырлы мемлекет. Мектепте белгілі бір форма, киім үлгісі заңмен енгізілген. Хиджаб киіп баруға тиым салынған. Соның салдарынан теріс ағымдағы дін өкілдері балаларын мектепке жібермей қалып жатқан жайы бар. Бұл мәселе өткен айда бірнеше рет БАҚ беттерінде жарияланды. Оларға әр өңірде түсіндіру жұмысы жүргізілді. Теріс ағымдағы дін өкілдері көп әйел алуды «ислам заңдары бойынша ер адамдарға төрт әйел алуға рұқсат етілген» дегенмен түсіндіреді. Қазақстанда көп әйел алуға ресми түрде тыйым салынған. Заң бойынша әрбір қазақстандықтың бір ғана жұбайы болуы керек. Өз кезегінде, Қазақстанда діни неке заңмен мойындалмайды және мұндай некеге тұрған ерлі-зайыптылар ресми неке беретін құқықтардың ешқайсысына ие болмайды. Мысалы, радикалдар мен экстремистер арасында бір ер адамның бірнеше әйел алып, кейін оны үш рет талақ ету арқылы ажырасып жатады. Мұндай дін өкілдерінің әйелдері балаларымен бірге мүліксіз қалады және Қазақстандағы діни неке жарамсыз болғандықтан мемлекет оларға көмектесе алмайды.
Сондықтан мұндай діни талаптар, мысалы, жоғарыда аталғандар, қазіргі әйелдердің елемеуге толық құқығы бар. Жас қыздар емделуге, демалуға, білім алуға, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға толық құқығы бар, егер ондай құқығы ер адам тарапынан бұзылса бірден полицияға немесе сотқа жүгіну қажет екенін білуі керек. Қазақстанда әйел қандай да бір дініне қарамастан қоғамның толыққанды мүшесі. Қоғамның кез келген мүшесі сияқты оның да құқықтары бар. Соның ішінде еңбек пен білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан қазақ әйелдері өмірінде маңызды бар шешім қабылдарда шариғат негіздерін емес, олардың құқықтарын қорғайтын мемлекеттік заңнамаларды басшылыққа алуы қажет. Олардың денсаулыққа, демалуға, білім алуға және т.б., ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға құқықтары бұзылған жағдайда, діни дәстүр бойынша емес, тек заң аясында шешіледі. Қазақстан зайырлы мемлекет. Демек, басымдық шариғат заңдарына емес, еліміздің Конституциясына сәйкес қабылданған заңнама берілетін ұмытпау керек. Мұндай мәселелер діни дәстүр бойынша емес, тек Қазақстан Республикасының заңнамалық шеңберінде шешілетін болады.
Белгілі теолог Ерзат Төлешұлының айтуынша қазақ қоғамындағы кейбір адамдардың жат ағымға еріп кетуі діни сауатсыздықтан туындағанын айтады.
«КСРО кезінде дін мен салт-дәстүрге қарсы жұмыс жасап, 70 жылда тамырымыздан белгілі деңгейде ажырап қалдық. Тәуелсіздік алған кезде дәстүрлі дінімізді сақтап қалған тұлғалар көп болған жоқ. Сол кезде арнайы мамандар болмағандықтан, кеудеміздегі руханиятқа деген бостықты өзін «дінтанушы» атаған шетелде білім алып келген мамандардан үйрендік. Санасы шетел құндылықтарымен уланған азаматтар сол жақтың менталитетіне сай үгіт-насихатын жүргізді. Халық Меккеге барған, қажыға барған деген адамдарды әулие санап, оларды ұйып тыңдады. Кеудедегі бостықты осы адамдардан естіген әңгімемен толтырды. Кей азамат ұлттық құндылыққа сай келмейтін жат ағымға ергісі келмеді. Ал кейбірі сол ағымдарға имандай сеніп, соның соңынан кетті. Олар өздеріне қосылмаған азаматтарды мұсылман қатарына қоспай, агрессия таныта бастады, «кәпір» деген сөздер айтты. Мұндай айыптауға қазақ қоғамы төзе алмады, содан барып екіге жіктелу, бөліну пайда болды», – дейді ол.
Міне, сондықтан форумда қыздарды тәрбиелеу мәселесі де көтерілді. Сонымен бірге хиджаб киюді түсіндіруге ерекше көңіл бөлінді. Елімізге танымал қыз-келіншектер, соның ішінде өз ісімен көптеген жетістіктерге жеткен кәсіпкерлер, депутаттар, қоғам қайраткерлері өз мысалдарын келтіріп, зайырлы әйел болуды тілге тиек етті.
Форум нәтижесінде «Қыз Жібек» қыздар клубы құрылады. Сондай-ақ, жақын арада халық діни мәселелер бойынша кеңестер мен құқықтық көмек ала алатын сенім телефоны ашылады. Азаматтарға қоғамда болып жатқан жағдайлар мен оқиғаларға қатысты діни қырағылық қажеттігі түсіндірілді.