Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:41

Шымкентте экс-ректор сотта ақталды, бірақ бірден жаңа қылмыстық істің фигурантына айналды

Қайрат Нұрманбетов
Фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласының сотында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы басшысы Қайрат Нұрманбетовке қатысты іс апелляциялық тәртіпте қайта қаралды.

Нәтижесінде ол бір эпизод бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, екінші эпизод бойынша толық ақталды.

2025 жылдың тамызында Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қайрат Нұрманбетовті кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Іс материалдарында екі эпизод қаралған.

Алғашқы эпизод 2022 жылға қатысты. Ол кезде Нұрманбетов университеттің бірінші проректоры қызметін атқарып жүрген. Тергеу нұсқасына сәйкес, мемлекеттік сатып алуларды жүргізу барысында өрескел заңбұзушылықтарға жол беріліп, 140 млн 886 мың теңгенің ішінен 13 млн теңгеден астам қаржы жымқырылған. Бірінші сатыдағы сот бұл әрекетті қызметтік салғырттық ретінде бағалаған.

Апелляциялық алқа бұл құқықтық бағаны өзгертпей қалдырғанымен, қылмыстық жауапкершілік мерзімінің өтуіне байланысты Нұрманбетовті жазадан босатты.

Екінші эпизод 2024 жылға тиесілі. Ол кезде Қайрат Нұрманбетов университет ректорының міндетін атқарушы болған. Оған 116 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімдерінсіз және сәулет-қала құрылысы органдарымен келісімсіз шарттар жасады деген айып тағылған.

Алайда апелляциялық сот бұл эпизод бойынша жымқыру фактісі дәлелденбеген деген қорытындыға келді. Сараптама қорытындысына сәйкес, қаржы университеттің бас ғимаратының бесінші қабатын жөндеуге жұмсалған. Сонымен қатар келтірілген залал толық өтелген. Осы эпизод бойынша сот Қайрат Нұрманбетовті ақтады.

Сонымен бірге Экономикалық тергеп-тексеру департаменті университетке қатысты 321 млн теңге көлеміндегі жымқыру деректерін жеке іс ретінде бөліп шығарған.

Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, жаңа қылмыстық іс бойынша негізгі фигуранттар қатарында бұрынғы бірінші проректор Қайрат Нұрманбетов, қаржы және әкімшілік департаментінің директоры, өндірістік-техникалық бөлім қоймасының меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар.

Тергеу дерегіне сәйкес, олар жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасап, тауарларды мүлде жеткізбеген немесе нарықтағы бағадан бірнеше есе қымбатқа сатып алған. Мәселен, бір эпизодта құжат бойынша кеңсе орындығы шамамен 20 млн теңге деп көрсетілген, ал оның нарықтағы бағасы 200 мың теңге шамасында болған.

Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені өтеген. Қазіргі таңда жаңа қылмыстық іс сотқа жолданды.