Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:31, 09 Қараша 2023

Шымкентте «Түркия» көшесі бар

Түркия
Фото: из открытых источников

Шымкенттегі бірқатар нысандарға еліміздің Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған, бауырлас Түркия елінің аты берілді. Бұл Түркия Республикасының 100 жылдығына арналып отыр.

Мегаполистегі 11 шағынауданда орналасқан саябақ «Қазақстан –Түркия достығы» деп аталатын болды. Оның ашылуында сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков:

– Қазақстан мен Түркия – түбі бір түркі елдері. Біз – қарым-қатынасымыздың тамырын тереңге жайған елдерміз. Өйткені мәдениетіміз, дәстүріміз, рухани құндылықтарымыз қатты ұқсас. Жақында екі ел басшылары өзара сенім мен қолдауға негізделген екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Бауырлас ел ретінде Түркия Республикасын 100 жылдығымен құттықтай отырып, осы саябаққа «Қазақстан –Түркия достығы» атауын беру туралы шешім қабылдадық. Екі мемлекеттің ынтымағы мен достастығы артып, халықаралық аренадағы алпауыт мемлекеттерге айнала берсін, – деді.

Жиын барысында Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Эврен Мюдеррисоглу ыстық ықыласын білдірді.

– Түбіміз бен тегіміз бір Қазақстан халқымен саяси-экономикалық байланысымыз даму үстінде. Тамырымыздың тереңдігі себепті біз Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасын ары қарай күшейтеміз, – деді Эврен Мюдеррисоглу.

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, саябақтың көлемі 1,6 гектарды құрайды. Оның құрылысы былтыр аяқталған.

Сондай-ақ қаланың «Шымсити» шағынауданындағы көшелердің біріне «Түркия» атауы берілді. Көшенің ашылуына Бас Консул Эврен Мюдеррисоглу, шымкенттік зиялы қауым өкілдері, түрік диаспорасы мен ақын, Физули атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Құрал Көмек және көше тұрғындары қатысты.

Жалпы, Шымкенттің шет елдермен қарым-қатынасы тереңдеп келе жатыр. Биыл мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында Шымкент пен Сиань қалалары арасында «Өзара серіктестік орнату» туралы меморандумға қол қойылған болатын. Қалалар арасында бауырластық байланыстардың орнатылуына орай биыл 4-6 шілде аралығында жергілікті делегацияның Сиань қаласына сапары өтті.

Жуырда Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков Сиань қалалық партия комитетінің хатшысы Фан Хунвэй бастаған ресми делегациямен кездесті. Басқосу барысында достық, ынтымақтастық байланыстарды дамыту тетіктері талқыланды. Екі жақты ұзақ мерзімге бағытталған экономикалық, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық, мәдени іскерлік және сауда қатынастарын дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.

«Туристік әлеует пен кәсіпкерлік байланысты нығайтуға септігін тигізетін Шымкент – Сиань – Шымкент бағытында тікелей әуе рейсін ашу мүмкіндігі қарастырылып, екіжақты бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Қала әкімдігі тарапынан екі елдің кәсіпкерлері арасындағы сауда қатынастарын орнату және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары аясында жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз. Бүгінгі кездесу сындарлы ынтымақтастыққа ықпал ететініне және екіжақты жаңа жобаларды іске асырудың келешегін белгілейтініне сеніміміз мол», — деді қала әкімі.

Кездесу соңында Шымкент, Сиань қалалары арасындағы достық және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қонақтар «Шымкент өнімдері» көрмесін тамашалап, қаланың инвестициялық мүмкіндіктері және жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты.

Айта кетері, соңғы 5 жылда үшінші мегаполистің аспан асты елімен сыртқы сауда айналымы 886 миллион АҚШ долларын құрады. Шымкент қаласы Батыс Қытай және Батыс Еуропа автомагистралі бойында орналасқан республикалық маңызы бар, еліміздің негізгі өнеркəсіп, сауда жəне мəдени орталықтарының бірі болып табылады. Бүгінде қытайлық капиталдың қатысуымен мұнай өңдеу, химия және металлургия салаларында жалпы құны 1,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

       М.СӘУЛЕБЕК

    Шымкент қаласы