Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:00

Шымкентте жедел қызметтердің жаңа дәуірі басталды

жедел жәрдем

Шымкент қаласында республика ауқымындағы маңызды әрі бірегей жоба жүзеге асырылып, әмбебап жедел қызмет кешендерінің алғашқысы пайдалануға берілді.

 Бұл бастаманы қала қауіпсіздігін арттыруға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел қызметтердің жұмысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жүйелі қадам деп бағалауға негіз бар. Елімізде баламасы жоқ жаңа форматтағы нысандар жедел әрекет етудің тұтастай моделін қалыптастырып отыр.

Еңбекші ауданына қарасты Елтай тұрғын алабында өткен салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысып, жобаның маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл кешен елдегі жедел қызмет жүйесін түбегейлі жаңартуға бағытталған.

Жаңа үлгідегі әмбебап жедел қызмет кешендерінің басты ерекшелігі – полиция, төтенше жағдайлар қызметі, өрт сөндіру бөлімшелері және медициналық жедел жәрдем қызметінің бір ғимаратта шоғырлануында. Бұған дейін әрқайсысы бөлек-бөлек орналасып, кей жағдайда ақпарат алмасу мен үйлесімді іс-қимылда уақыт жоғалтатын. Ал қазіргі интеграциялық тәсіл қызметтердің бір мезетте, бір бағытта және бір мақсатта әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Министр Шыңғыс Әріновтің айтуынша, бұл жедел қызметтердің тиімділігін арттыруға арналған түбегейлі жаңа модель. «Полиция, медицина, құтқару және өрт сөндіру қызметтерінің бір сапта тұрып, бір қауіпке бірге төтеп беруі – заманауи қауіпсіздік жүйесінің басты қағидаты. Бұл кешендер сол талапқа толық сай», – деді министр.

Алғашқы модульдік кешендер Елтай және Таскен шағын аудандарында ашылды. Елтай тұрғын алабындағы жаңа жедел қызмет бекеті 3 309 шаршы метр аумақта орналасқан, ал жалпы жер көлемі 7 мың шаршы метрге жетеді. Мұнда барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылған: арнайы оқу мұнарасы, қызметкерлерге арналған жұмыс кабинеттері, заманауи жабдықталған диспетчерлік бөлме, арнайы техникаларға арналған бокстар және маневр жасау алаңы бар.

Кешенде тәулік бойы шамамен 50-ге жуық маман қызмет атқарады. Олар – полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен жедел жәрдем мамандары. Барлығы бір жерде отырып, кез келген төтенше жағдайға жекелей емес, кешенді түрде жауап береді. Бұл жедел жету уақытын қысқартып, адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқаратын фактор саналады.

Жобаның тағы бір ерекшелігі ретінде жергілікті бюджет есебінен небәрі алты ай ішінде жүзеге асырылғанын айтуға болады. Құрылыстан бастап, толық жабдықтауға дейінгі барлық кезең қазіргі заман талаптарына сәйкес атқарылды. Арнайы техника, байланыс құралдары, цифрлық жүйелер мен қауіпсіздік стандарттары толық енгізілген.

Бұл кешен Елтай, Маятас, Тоғыс және Айнатас тұрғын алабында тұратын 25 мыңнан аса тұрғынға жедел қызмет көрсетеді. Яғни, енді осы аумақтарда болуы мүмкін кез келген төтенше жағдайда қызметтер оқиға орнына бірнеше минут ішінде жетуге мүмкіндік алады.

Салтанатты рәсім барысында төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хаты Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары мен салалық басқарма басшыларына табысталды. Сондай-ақ сала ардагерлері мен қызметкерлеріне ҚР ТЖМ-ның 30 жылдық мерекелік медальдары берілді. Мұны қиын да жауапты салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегіне деген айқын құрмет белгісі деп бағалауға болады.

Жергілікті тұрғындар жаңа кешендердің ашылуын қала қауіпсіздігі үшін үлкен жетістік ретінде қабылдады. Қазығұрт тұрғын алабы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Батырхан Әшетов бұрынғы жағдайды еске алып, өзгерістің маңызын атап өтті.

«Бұрын төтенше жағдай туындаса, әр қызмет өз орнынан шығып, жолда уақыт жоғалатын. Енді бәрі бір жерден, бір мезетте аттанады. Мамандар ең алыс нүктеге 7 минутта жетеміз деп жоспарлап отыр. Өз басым мұны халықтың жүрегіне сенім ұялататын іс деп есептеймін», – дейді ардагер.

Салтанатты рәсім лента қию және кешеннің жұмысын ресми түрде іске қосу белгісімен аяқталды. Бірақ бұл бастамасы ғана. Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл жыл аяғына дейін Шымкентте тағы екі осындай модульдік жедел қызмет кешені ашылады. Ал келер жылы қосымша 7 нысанның құрылысы аяқталып, қала аумағы толығымен қамтылады деген жоспар бар.

Осылайша, Шымкент қаласы жедел қызметтердің жұмысын жаңғыртуда республикаға үлгі боларлық жаңа жүйені қалыптастырып отыр. Әмбебап кешендер қарапайым ғимарат қана емес, адам өміріне жауап беретін, біртұтас әрі үйлесімді жұмыс істейтін заманауи қауіпсіздік қалқаны саналады.

Еламан Өмірхан

Шымкент қаласы

Тегтер: