Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:45

Шымкенттегі қарулы шабуыл: Әкім орынбасарына оқ атқан күдікті туралы не білеміз?

Руслан Берденов
Фото: zhasalash.kz

21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты тың деректер жария болды. 

Мәліметтерге сәйкес, қалалық әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры Ернар Жиенбай жиын барысында Берденовтің сынына ұшырап, залдан шығарылған. Осы оқиғадан кейін шенеунік серіктестіктің қызметін тексеруді тапсырған және Жиенбайды қызметінен босату туралы шешім қабылдаған. Тергеу бойынша, дәл осы жағдайлар шабуылдың басты себебі болуы мүмкін.

Күдікті бес рет оқ атып, әкім орынбасарын өлтіруді көздеген. Оқиға орнынан 10 оқ-дәрі табылды. Құқық қорғау органдарының айтуынша, шабуылды әкім орынбасарының жүргізушісі тоқтатқан — ол көлігімен күдіктіні қағып, ұстап қалған.

Алғашқыда шабуылдың себебі ретінде «жеке қарым-қатынастар» аталғанымен, Шымкент қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова бұл нұсқаны жоққа шығарды. Оның айтуынша, күдіктінің жұбайы Руслан Берденовті мүлде танымайтынын мәлімдеген.

Кәсіпкер әріптесі Бейбіт Әлібеков шабуылдың құрылыс саласындағы тәртіп орнату әрекеттерімен байланысты болуы мүмкін дейді. Ол Берденовке бұған дейін де қоқан-лоққы жасалғаны туралы деректер бар екенін жеткізді.

Тергеу барысында белгілі болғандай, 1994 жылы туған Ернар Жиембай аңшылыққа арналған «Сайга-12» мылтығымен оқ атқан. Ол 2024 жылы әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің директоры болып тағайындалған және бір жылдан аз уақыт қызмет атқарған.

Күдіктінің бұрынғы сыныптастары оның Шымкенттегі №50 мектепте оқығанын, ал кейбір ақпарат көздері әкесінің құқық қорғау органдарында жұмыс істегенін хабарлаған.

Қазіргі уақытта кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Руслан Берденов ауыр жарақат алғанымен, есін жиып, сөйлей алатын жағдайға жеткен. Дегенмен, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты, бірақ ауыр деп бағалап отыр.

Айта кетейік, бұл оқиға 21 сәуір күні кешкі сағат 20:30 шамасында қалалық әкімдік ғимаратының маңында болған.