Шымкенттегі жасырын схема: қылмыстық топ жүргізуші куәліктерін заңсыз берген

Шымкент қаласында жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, 2023 жылдан 2024 жылға дейін бірқатар лауазымды тұлғалар, оның ішінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы міндетті емтихандардан өтпестен жүргізуші куәлігін заңсыз беруді ұйымдастырған.
Аталған «қызметтердің» құны 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін жеткен. Нәтижесінде кем дегенде 500 азамат заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алған.
Қылмыстық іс аясында күдіктілердің 200 миллион теңгеден астам мүлкі тәркіленді. Атап айтқанда, екі жеке тұрғын үй, екі пәтер, екі жер телімі және 10 автокөлік.
Сот санкциясымен қылмыстық іске қатысы бар 12 адам қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер жария етілмейді.
Қаржылық мониторинг агенттігі мұндай схемалар жол қозғалысы қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретінін атап өтті. Статистикаға сәйкес, Шымкентте жол-көлік оқиғаларының саны 2022 жылы 398 жағдайдан 2024 жылы 878-ге дейін өскен.
Айта кетейік, 2024 жылдың ақпанында ІІМ оңтүстік өңірлерде жүргізілген арнайы операция туралы хабарлаған болатын. Онда Жамбыл, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларынан құралған қылмыстық топ жүргізуші куәліктерін заңсыз берумен айналысқаны айтылған.