Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 16 Қыркүйек 2025

Шымкенттік спортшылар Азия чемпионатында топ жарды

1
Фото: ernur.kz

  Шымкент қаласының спортшылары кейінгі ел атын халықаралық ареналарда жиі шығарып жүр. Жүйелі дайындық пен спорт инфрақұрылымының дамуы арқасында жастарымыз түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңістің биік тұғырынан көрінуде. Бұған жуырда өткен бірқатар халықаралық додаларда қол жеткізген жетістіктер нақты дәлел.

Азия чемпионатындағы жеңіс

Қытайдың Шаогуань қаласында өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы каратэден Азия чемпионатында шымкенттік каратэшілер ерекше көзге түсті. Бұл жарысқа құрлықтың әр түкпірінен үздік спортшылар жиналған болатын. Осындай тартысты додада біздің жерлестеріміз қарсыластарына дес бермей, жүлделі орындарды иеленді.

Нәтижелер мынадай:

Балнұр Құрбанәлі (61 кг, жасөспірімдер) — І орын

Айша Ұнталап (54 кг, жасөспірімдер) — ІІІ орын

Айжан Бәкірова (61 кг, жастар) — ІІ орын

Лаура Сағынбек (68 кг, жастар) — ІІІ орын

Бұл жетістік – тек спортшылардың жеке талпынысының ғана емес, сонымен бірге жаттықтырушылар еңбегінің, ата-аналардың қолдауының және Шымкент қаласында спортқа жасалып жатқан жағдайдың нәтижесі. Қаладағы спорт мектептерінде каратэ бағыты бойынша мықты жүйе қалыптасып, жасөспірімдер мен жастар арасында сенімді резерв өсіп келеді.

Қазір шымкенттік каратэшілердің алдыңғы легінде әлемдік аренада өзін дәлелдеген Дархан Асәділов пен Софья Берульцева бар екені белгілі. Енді олардың ізін жалғайтын жас буын дайындалып жатқаны қуантады. Мамандардың айтуынша, Азия чемпионатындағы жеңіс – болашақтағы ірі халықаралық турнирлер мен Олимпиада ойындарына бастар жолдың айқын көрінісі.

«Qazaq Batyry» чемпионатындағы табыс

Каратэден бөлек, шымкенттік спортшылар грэпплинг бағыты бойынша да қарымды екендігін дәлелдеп жүр. Астанада өткен «Qazaq Batyry» республикалық чемпионатында Шымкент құрамасы ерекше нәтижеге қол жеткізді. Жерлестеріміз әртүрлі салмақ дәрежесінде топ жарып, бірнеше медальға қол жеткізді.

Жеңімпаздар:

Тыныштықов Нұрсұлтан (58 кг) — І орын

Жұмабек Дәулет (62 кг) — І орын

Шыңғысбек Бекарыс (100 кг) — І орын

Әбусалихов Сәулет (130 кг) — І орын

Жүлдегерлер:

Халматов Давран — ІІ орын

Уразов Равшон — ІІ орын

Юсупов Азамат — ІІІ орын

Абдібай Арман — ІІІ орын

Бұл чемпионат та оңай өткен жоқ. Әрбір белдесу аса тартысты жағдайда өтті. Дегенмен шымкенттік спортшылар қарсыластарына лайықты төтеп беріп, табандылық пен жоғары шеберліктің үлгісін көрсетті.

Осы жетістіктерге қарап, Шымкент спорты тұрақты түрде дамып келе жатыр деуге негіз бар. Каратэ мен грэпплингтегі осындай жетістіктер – Шымкент қаласында бұқаралық спорт пен кәсіби дайындықтың дұрыс жолға қойылғанының көрінісі. Қалада заманауи спорт кешендері салынып, жаңа секциялар ашылып жатыр. Жаттықтырушылар құрамы білікті мамандармен толығып, жасөспірімдер арасында мықты резерв қалыптасуда.

Жеңімпаз спортшылардың бәрі де болашақта Қазақстан намысын әлемдік деңгейдегі жарыстарда қорғауға дайын екенін байқатып отыр. Шымкент спортшыларының жеңістері ел спортының болашағы жарқын екенін айғақтайды.

Бүгінде әрбір жеңіс қала тұрғындары үшін зор мақтаныш қана емес, жас буын үшін үлгі-өнеге болып отыр. Спорт – тәртіптің, еңбектің және жігердің мектебі. Ал Шымкент спортшылары осы қасиеттердің барлығын бойына сіңіргенін тағы да дәлелдеді.

Еламан Өмірхан

Шымкент қаласы

Тегтер: