Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 20:05

«Шындықтан гөрі асыра сілтеушілік көп» – білім бөлімінің басшысы Алматыдағы №215 мектептің «жыры» туралы

1

Алматы қаласындағы №215 жаңа мектептің ашылуы – әлеуметтік желідегі талқының себебіне айналды. «Жас Алаш» мәселенің мән-жайын анықтау үшін Алматы қаласы Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымбекке бірнеше сұрақ қойды.

– Жаңа №215 мектеп қай тілде ашылады? Қазақ тілінде оқытатын мектеп бола ма, әлде аралас мектеп ретінде ашыла ма? Мектепке қатысты алып-қашпа әңгімелердің қайсысына сенеміз?

– №215 мектепке қатысты шындықтан гөрі жалған, эмоциялық асыра сілтеушілікке негізделген әңгімелер де айтылып жатыр. Жалпы, мемлекетімізде ана тіліміздің дамуына ерекше көңіл бөлініп, айрықша қолдау жасалып келе жатқанын білеміз. Біздің аудан да бұл саясатты жүзеге асырушы.

Ал енді қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес, білім беру ұйымдары қызмет көрсету аумағында тұратын барлық балалардың құқықтарын қамтамасыз ете отырып, мектепке қабылдауды жүзеге асыратынын атап айтуымыз керек. Яғни, жаңа мектептің оқыту тілі ата-аналардың сұранысы мен қажеттіліктерін ескере отырып анықталады.

Бұған қоса, санитарлық ережелерге сәйкес жалпы білім беретін мектептің бір сыныбында 25 оқушыдан аспауы тиіс. Ал сынып бала саны 25-ке толған жағдайда ашылады. Оқыту тіліне байланысты сұраныстар саны 25-ке жетпеген болса, ондай сынып ашылмайды. Бұл жағдайда ата-аналарға қалаулары бойынша балаларын жақын маңдағы мектептерге беру туралы ұсыныс жасалады. Жалпы жаңа мектепке қабылдау 31 тамызға дейін жүргізілетін болады. Сондықтан кез-келген мектептің оқыту тілін анықтау нақты сұраныстың нәтижесінде шешілетінін де атап өткен абзал.

– Жаңа мектептің бастапқыда тек қазақ тілінде оқытуы жоспарланғаны рас па? Егер солай болса, не себепті өзгерту туралы шешім қабылданды?

– Жаңа мектептің құрылысы биыл тамыз айында аяқталды. 21 тамызда Алматы қаласы Құрылыс басқармасы №215 мектепті Білім басқармасының балансына тапсырды.

Барлық құжаттарды алғаннан кейін мектепке балаларды қабылдау туралы ата-аналардан сұраныстар ресми түрде тіркелуде. Мектептің оқыту тілі туралы алдын ала нақты шешім қабылданған емес, жоспарланған да емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, мектептің оқыту тілін анықтау нақты сұраныстың нәтижесінде және заңға сәйкес жүзеге асырылатын болады.

1500 балаға арналған №215 мектепке орыс тілінде білім алуға 500-ден астам өтініш түскен. Дегенмен, тек бастауыш сыныптар ғана ашылатын болып, шамамен 170 орын берілетін болды. Қалған ата-аналарға жақын маңдағы мектептерден орын ұсынылды. Осы орайда болашақта мектептің сұраныс артуына байланысты толықтай мемлекеттік тілге көшуі де мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

– Қала мектептерінде мемлекеттік тілде білім алатын балалардың саны 20-25 пайыздан аспайды деген де ақпарат болған. Жалпы мемлекеттік тілде білім берудің аяқ алысы қандай?

– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Алматы қалалық Білім басқармасы мектептерде мемлекеттік тілде білім беру ісін басты назарда ұстап отыр. Бұған қоса мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, оқушылардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру бағытында да өнімді бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Жалпы еліміздегі демографиялық үрдіске байланысты, мемлекеттік тілде оқуға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Бүгінде қаладағы барлық оқушылардың 51%-ы қазақ тілінде білім алып жатыр.

Статистикаға жүгінсек, 1990 жылдардың басында Алматыда мемлекеттік мектептердің небәрі 13 ғана қазақ мектебі болса, қазір олардың саны 78-ге жетті. Яғни бұл көрсеткіш 35 жылдың ішінде 6 есеге өскенін.

Яғни, бүгінде Алматыда барлығы 216 мемлекеттік мектеп бар. Оның ішінде ең көбі қазақ мектептері – 78. Аралас мектептер саны – 77, 58 мектеп орыс тілінде. Тағы 3 мектеп ұйғыр мектебі.

Бұл дегеніміз мемлекеттік тілге деген сұраныстың жылдан жылға ұлғайып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел.

– Ондай болса, осы сұранысты, қажеттілікті қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

– Әрине, балаларды біліммен қамту үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Соңғы 12 жылда Алматыда 24 жаңа мектеп ашылды, соның 19-ы немесе 80%-ы – мемлекеттік тілде білім береді. Бұдан бөлек, қыркүйек айында «Келешек мектептері» жобасы аясында 12 жаңа мектеп ашылады. Оның 9-ы қазақ тілінде жұмыс істесе, қалғандарында оқыту тілі ата-аналардың өтінішіне қарай белгіленеді. Әрине, мұның бәрі ата-аналардың сұранысына байланысты.

Мәселен, жаңа оқу жылында Алматыда бірінші сыныпқа 26 991 оқушы қабылданды, оның ішінде 15 424-і қазақ сыныптарын таңдады. Жалпы қала бойынша бірінші сыныпқа қабылданғандардың 60%-ға жуығы мемлекеттік тілде оқуды жөн көрген.

Бұдан бөлек, ақпараттық кеңістікте осы мектептің тек мемлекеттік тілде ашылуын талап етіп жүрген бір топ азаматтар мен ата-аналардың видеосы таралды.

Соның бірі, Дархан Ардақұлы деген мұғалім әлеуметтік желідегі парақшасында 15 күнге қамауға алынғаны туралы жазған болатын. Кейбір желі қолданушылары оны мектептің қазақ тілінде ашылуын талап еткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды деп шу көтерді.

Аталған ақпарат бойынша біз Алматы қаласы Полиция департаментіне сауал жолдап көрдік. Тәртіп сақшылары Дархан Ардақұлын әкімшілік жазаға тарту жаңа мектептің оқыту тілін таңдау мәселесіне мүлдем қатысы жоқ екенін түсіндірді. Полицияның мәліметі бойынша ол бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін қамаққа алынған.

«Аталған азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабының 7-тармағына сәйкес сот шешімімен 15 күнге әкімшілік қамаққа алынды. Яғни, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін», – делінген жауапта.

Қорыта келгенде – бәрі де ата-ананың қолында. Осы ретте, жалпы мемлекеттік тілдің дамуына байланысты, балаларын қазақ тілінде оқытуға бергісі келетін ата-аналар санының артып келе жатқаны қуантады. Алдағы уақытта ана тілінде білім алатын балалардың саны мен мемлекеттік тілде білім беретін мектептер саны одан ары арта беретіні анық. Бұл мәселе уақыт еншісінде.

Тегтер: