Шынжаңда ұсталған қазақ зиялыларына араша түсе аламыз ба?
Jash Alash-та «Олардың қайда екенін туыстары да білмейді. Шынжаңда ұсталған қазақ зиялыларына араша болар қауқарымыз бар ма?» деп аталатын материал жарияланған.
Біз онда Қытайдың Шынжаң өлкесінде тұратын қазақ зиялыларының жергілікті үкімет тарабынан ұсталып, түрмеге қамалып жатқанын, кейбіреулерінің із, дерексіз кеткенін, тіпті олардың қандай қылмыспен ұсталғанын, қай жерде қамауда жатқанын туыстары да білмейтінін айтқан едік.
Осы материалды дайындау кезінде сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жібергенімізді, алайда материал жарияланғанша ешқандай жауап келмегенін ескертіп, алдағы уақытта жауап бола қалса газетімізде оны да жариялауға уәде еткенбіз. Міне, енді 9 тамыз күні біздің сауалымызға ресми жауап келді. Сауалға сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департамент директоры Бауыржан Ақатаев жауап беріпті. Ұзын-сонар жауаптағы біздің сұрауымызға нақты қатысты тұсы мынадай:
«...Сіздің арызыңызды қарастырып, өз құзыреті шегінде келесіні хабарлайды. Өзіңізге мәлім, Қазақстан БҰҰ Жарғысында және халықаралық құқықтың басқа да нормаларында көзделген ішкі істерге араласпау, егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу қағидаттарын берік ұстанады. Осы себептен, Шынжаң өлкесінде жергілікті билік тарапынан қабылданған шаралар (кәсіптік оқыту орталықтары) тұтас Қытай елінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталғанын ескере отырып, сол өлкеде өмір сүретін Қытай азаматы, этникалық қазақтарға қатысты мәселе – Қытайдың ішкі ісі болып табылады».
Иә, Қазақстан билігі Шынжаңдағы саяси жағдайды «Қытайдың ішкі ісі болып табылады» деуден жаңылмайды, бұған дейін де, әлде неше мәрте айтылып келген жауап.
Ресми жауаптың бұдан арғы бөлігі біздің сауалымызға тікелей қатысы жоқ. Себебі онда біз сұраған мәселелерден басқа дүниелер айтылған. Міне, мынадай: «Бұл ретте, атап өтетін жайт, Қазақстанның Қытайдағы елшілігі сол елдің сыртқы істер министрлігімен бірлесіп этникалық қазақтарға қатысты мәселенің өзара тиімді реттелуі үшін арнайы диалог механизмін іске асыруда. Осы жұмыстардың арқасында қазіргі уақытта бұрын сапарлауға шектеу қойылған Шынжаң өлкесінде тұратын этникалық қазақтарға деген Бейжіңнің саясаты жұмсара бастаған. Жалпы, Қытай тарапы этникалық қазақтардың мәселесін достық рухында қарастырып жатқандығын және оған дәлел ретінде төмендегі статистиканы келтірсек болады. Қытай билік өкілдерімен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бірқатар күрделі мәселелер өз шешімдерін тауып, осы бағытта жұмыстар жемісін беруде. Атап айтсақ:
- Қытайдағы Қазақстанның дипломатиялық мекемелері 2023 жылдың басынан осы күнге дейін Қытай Халық Республикасының азаматтары – этникалық қазақтарға Қазақстан Республикасына келуге 34 680 виза рәсімдеген;
- ҚР азаматтығын алған этникалық қазақтардың ҚХР азаматтығынан шығуын рәсімдеу туралы келісімге қол жеткізілді;
- Этникалық қазақтарға зейнетақы төлеу процесі қайта жаңғыртылды;
- 2023 жылы оңайлатылған тәртіппен 2 768 қандас ҚР азаматтығына қабылданды.
Сонымен қатар Қытай тарапы таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда кәсіптік оқыту орталықтарында Қытай Халық Республикасының азаматы болып табылатын этникалық қазақтар жоқ. Әрине, ҚХР азаматы болып табылатын этникалық қазақтарды өз елінің заңдарын бұзып, қоғамдық қауіпсіздік органдары тарапынан ұсталынған және ҚХР Заңына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылып, тиісті сот органдарының шешімімен Қытайдың пенитенциарлық мекемелеріне орналастырылған жекелеген жағдайлар бар. Аталған істердің қылмыстық-құқықтық сипатын ескере отырып, ҚХР апелляциялық соттарына немесе құқық қорғау органдарына тікелей сұрау салуды ұсынамыз. Бұған қоса, осындай сұрауларды әзірлеуде жергілікті заңнаманың ерекшеліктерімен таныс және қылмыстық құқық саласында тәжірибесі бар қытайлық заңгерлердің қызметтерін пайдалану қажеттілігін атап өтеміз. Сонымен қатар Қазақстанның Қытайдағы елшілігі ҚХР аумағында азаматтарға заңгерлік қызмет көрсетуге дайындығын білдірген адвокаттар мен заң фирмаларының тізімімен бөлісуге (Елшілікке тікелей сұрау салған жағдайда) әзір екендігін хабарлаймыз».
Қош, сонымен Бауыржан Ақатаевтың жауабына сенсек, екі ел арасында біраз жұмыстар атқарылыпты, Қытайдағы қандастарымыз кедергісіз виза аштырып, атажұртына келіп, еш қиындықсыз азаматтық алып жатыр екен. Солай-ақ болсын дейік. Бірақ біз сыртқы істер министрлігінен мұны сұраған жоқ едік. Біздің сұрауымыз – «Шынжаңда ұсталған қазақ зиялыларына екі ел қол қойған қандай да бір халықаралық заңдарға сүйене отырып араша түсе аламыз ба?». Сұрауымыздың жауабы түсінікті «араша түсе алмаймыз», себебі ол «Қытайдың ішкі ісі болып табылады». Ал департамент директорының «екі ел арасында істеліп жатқан жұмыстарды» тізбелеуі «сасқан үйрек артымен жүзедінің» кебі.
Сонымен сыртқы істер министрлігінің жауабына сүйенсек, Шынжаңдағы ұсталып, қуғындалып, із, дерексіз кеткен қазақ зиялыларына араша түсу мүмкін емес. Ол азаматтарды Қытай бір-екі жылдан бері тергеусіз, себепсіз түрмеде ұстап отырса да өз еркі.
Бұл біздің билік үшін өте күрделі мәселе
Жағдай шынымен де сыртқы істер министрлігі айтқандай ма? Шынжаңда ұсталған қазақ зиялыларына араша сұраудың ешқандай заңдық жолы жоқ па? Біз бұл сауалды белгілі құқық қорғаушы Айна Шорманбаеваға қойып көрдік, әрі сыртқы істер министрлігінің не деп жауап бергенін де айттық. Құқық қорғаушы Шынжаңда ұсталды деген қазақ зиялылары туралы ақпараттан хабардар екенін айта келіп, былай деді:
«Олар Қытай азаматтары болған соң, Қазақстан Қытайдың ішкі ісіне араласа алмайды, бірақ олардың Қазақстандағы туыстары адам құқықтары бойынша халықаралық құжаттарда бекітілген отбасы құқықтары сақталуын алға тартып, ақпарат не байланыста болу, хабар алуға көмектесуді сұрай алады. Отбасы құқықтары, мысалы, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық фактінің 10-бабында бекітілген, оған екі ел де қол қойған.
Кәсіптік оқыту орталықтары – ол шын мәнінде концлагерьлер, онда еш сот үкімінсіз саны аз ұлттардың өкілдерін, оның ішінде қазақтарды 2017 жылдан бері ұстап, көп адамдарды азаптаған. Оны бүкіл әлем біледі. Біз ол жағдайды сол лагерьлерде болған адамдардың өз аузынан білеміз және азапталған адамдарға медициналық көмек көрсеттік. Жалпы, екі тарап арасында келіссөз жүргізу арқылы мәселелер шешіліп жатқанын растаймын, біз жүздеген бөлінген отбасылардың арыздарын жолдағанбыз, олардың басым көпшілігі оң шешімін тапты. Министрліктің жауабында нақты сіз қойған сауалға жауап берілген жоқ. Ол біздің билік үшін өте күрделі мәселе.
Шынжаңда адам құқықтары жаппай бұзылып жатқаны дүниежүзіне белгілі. Біз де оны жақсы білеміз. Әзірше Қазақстан оны мойындауға дайын емес».
Құқық қорғаушының жауабынан түйгеніміз – ендігі үміт екі ел қол қойған «Халықаралық фактінің 10-бабы». Осы заңға сәйкес Шынжаңда ұсталған азаматтардың Қазақстандағы туыстары арыз беріп, шағымдана алады. Ең қызығы – Айна Шорманбаева айтып отырған «адам құқықтары бойынша халықаралық құжатты» сыртқы істер министрлігі жақсы біледі. Біле тұра бізге жіберген жауабында оны айтпайды. Негізі министрлік осындай құжаттарды бірінші болып жариялап, Шынжаңда ұсталған азаматтардың Қазақстандағы туыстарына шағым-арыз жаздырып, екі ел қол қойған халықаралық құжатты пайдалана отырып қандастарымызға араша түсуге тиіс еді ғой. Ал сыртқы істер министрлігі бізге берген жауабында мұндай құжаттың бар екені туралы тіс жармайды, есесіне, «екі ел арасында істеліп жатқан істер» туралы ағынан жарылады.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ