ШҚО әкімінің бірінші орынбасары пара мен алаяқтық үшін 6 жылға сотталды
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім шықты. Ол алаяқтық және пара алу ісі бойынша кінәлі деп танылды.
Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, Омар жәбірленушіні алдап, Toyota Camry 75 автокөлігін алу мақсатын бұрмалап көрсеткен. Кейін сол көлікті сатып, түскен 13 млн теңгені иемденген.
Сонымен қатар, іс материалдарына сәйкес, жауапты мемлекеттік қызмет атқара отырып, Ж. Омар қалалық әкімдік қызметкерінен «жалпы қамқорлық» көрсеткені үшін 20 млн теңге талап еткен. Кейін бұл соманың бір бөлігі — 6 млн теңге — оған үшінші тұлға арқылы берілген.
Сотта айыпталушының кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сараптамалар қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен расталғаны айтылды.
Мемлекеттік айыптаушы оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ал айыпталушы кінәсін мойындап, өзін бас бостандығынан айырмауды өтінген.
Сот Жақсылық Омарды кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оның мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Ауырлататын мән-жай ретінде сот оның қабылдаған антын бұзғанын атап өтті.
Жақсылық Омар 2025 жылдың сәуір айында ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған. Бұған дейін ол алты жыл бойы Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған.
18 ақпанда ҰҚК ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растаған.
Айта кетейік, 13 ақпанда әлеуметтік желілерде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде облыс әкімдігі бұл туралы нақты мәлімет жоқ екенін мәлімдеген. Сонымен қатар әкімдік «әкім орынбасары денсаулығына байланысты уақытша демалыс алған» деп хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚҰЛАҒАН КӨПІР, ЛАСТАНҒАН ҚАЛА ЖӘНЕ «БЛОГЕР ӘКІМ»
Былтыр 1 қыркүйекте Өскемендегі Шнайдер көпірі құлады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бұл жағдай қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырды, өйткені көпір 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың наурызына дейін күрделі жөндеуден өткен еді. Жөндеуге бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Көп өтпей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитовның қамауға алынды.
Шнайдер көпірінің апаты бола сала БАҚ беттерінде бұрынғы қала әкімі, қазіргі облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың 2 жыл бұрын көпірді жөндеу жұмыстары кезінде алдында тұрып сөйлеген сөзі шыға бастады. Видеода ол көпір жұмыстары қашан аяқталатынын алға тартып, барлығы өзінің бақылауында екенін көрсетеді. Алайда Ж.Омар жарнамалаған көпір көп өтпей құлап, ол тағы да жұрттың сынына қалды.