ШҚО-да мұғалімдердің ақшасы қысқарып, біліктілігі төмендетіліп жатыр
Шығыс Қазақстан облысында екі жүзден астам мұғалім бір күнде өз біліктілік санатынан да, жалақысының бір бөлігінен де айырылды.
"Орда" басылымының жазуынша, бұған олардың кәсіби деңгейі немесе құжаттағы қате емес, мерзімі ішінде орындау мүмкін емес жаңа талап себеп болып отыр.
«Онжылдық еңбек бір бұйрықпен жоққа шықты»
Мұғалімдер өздеріне еш ескертілмеген өзгерістердің салдарынан бұрынғы аттестация нәтижелері жарамсыз болып қалғанын айтады. Жылдар бойы жинаған тәжірибе, марапаттар мен зерттеу жұмыстары жаңа талаптың бір тармағы алдында түкке тұрмай қалған.
"Егер бес жыл бұрынғы аттестация бізді «педагог-зерттеуші» деп таныса, енді сол деңгей қалайша жоққа шықты? Неге қайтадан бәрін басынан бастау керек?", - дейді ұстаздар.
Биыл наурызда облыстық деңгейде жаңа міндетті талап енгізілген: мұғалім өзінің авторлық білім беру бағдарламасын тек жазып, апробациядан өткізіп қана қоймай, оны кем дегенде үш елді мекенде енгізуі тиіс.
Бұл талаптың абсурдтығы – педагогтар портфолио тапсыруды дәл сол наурызда бастаған. Ал наурыздан мамырға дейінгі уақыт ішінде авторлық бағдарлама жасап, оны бірнеше мектепке енгізу — шын мәнінде орындалуы мүмкін емес міндет.
Бастауыш сынып мұғалімі Назым Қалиакперованың айтуынша, педагогтар бес жыл бұрын аттестациядан толық өтіп, жоғары санат алған.
«Бәріміз аттестациядан өттік, «педагог-зерттеуші» дәрежесін алғанбыз. Енді өзгерген критерийлерге байланысты өтпей қалдық. Бәрін қайта бастау керек. Бұл – өте үлкен еңбек», - дейді ол.
Оның сөзінше, мұғалімдердің көпшілігі талаптардың өзгергенін соңғы сәтте білген, ал мерзімге үлгеру мүмкін емес болған.
Қазан айының басында экс-министр, қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалім мәртебесі туралы заңға түзетулер ұсынып, педагогтарды «қосымша функциялардан» босатуға уәде берген. Оның айтуынша, мұғалімдер оқу-тәрбие процесінен тыс міндеттерді атқармауы керек.
Алайда ШҚО мұғалімдерінің қазіргі жағдайы бұл уәделердің өңірлік деңгейде толық іске аспай отырғанын көрсетеді.
Бұған дейін Оралдағы музыкалық мектеп педагогтары жаппай жұмыстан кетіп жатқаны туралы ақпарат тарады.