Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 01 Маусым 2024

Шоқай әулетінің қилы тағдыры

Мұстафа Шоқай

Мұстафа Шоқай сөзімен айтқанда, кезінде Ресей қол астындағы түріктер ішінен саяси партиялардың ең радикалы болған «Алаш» сияқты демократиялық партияның қағидаттарын Алашорда да, Түркістан Мұқтарияты да берік ұстанды.

 Егер патшалық биліктен құтылған Ресей демократиялық федерация бола қойғанда бұл жаңа тұрпатты мемлекеттер ары қарай өмір сүре беретін еді. Бірақ жағдай олай болмады. Билік басына келген кеңестік жүйеге партия бағдарламасындағы «Демократия мағынасы – мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы – құрдас мемлекеттер бірлесуі... Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді» деген нақты мәселелер ұнамады. Содан пролетариат диктатурасын орнатуды мақсат еткен, кедейді байлыққа жеткізудің орнына байларды дүниесінен, мал-жанынан айырған саяси жүйесі бөлек кеңес өкіметі ұлттық мүдделерді көздейтін Түркістан үкіметін қанға бояп, Алашорданы күшпен таратты.

Кеңес өкіметі Түркістан Мұқтариятын құлатып, ұстап бергенге 1000 сом уәде етілгеннен соң Мұстафа Шоқай түрлі қиындықтармен Францияға жетіп, өмірінің 20 жылдан астамын Парижде өткізді. Өзінің саяси қызметі мен шығармашылық жұмысын осында жалғастыра, күшейте түсті. Әуелгі қарқында-ақ кешегі Ресейдің Уақытша үкіметінің басшылары болған, ендігі эмигранттар А.Ф.Керенский мен П.Н.Милюковтың «Дни» және «Последние новости» журналдарында 150-дей мақала жариялады. Бұл материалдарға негіз болған кеңестік Қазақстанның ақпарат құралдарында жарық көрген шынайы шындықтар болатын. Бұл Кеңес көсеміне де жетпей қалмады. 1925 жылдың 29 мамырында И.В.Сталин «ақ гвардияшыл баспасөзге мәлім Шоқай» туралы РК(б) П Қырғыз (қазақ) өлкелiк комитетiнiң Бюро мүшелерiне хат жолдады. Онда: «Бiз өкiметтi жастардың саяси және идеологиялық тәрбиесін партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл майдан толығымен және еш қалдықсыз коммунистерде қалуы қажет. Олай болмаған жағдайда шоқайшылардың жеңiсі Қырғызстанда (Қазақстанда – С.И.) болуы әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең» деп жазылған еді.

Осыдан кейін эмиграциядағы Алаштың ардақтысына сатқын, керітөңкерісшіл, панисламист, пантуркист, т.б. толып жатқан аттар тағылды. Бұрын басталған Кеңес өкіметінің Мұстафа Шоқайға қарсы бар саяси һәм идеологиялық әрекеттері күшейтіле түсті. Өзімен шектелмей, оның әулетіне, онымен кездескендерді де, хат алысқандарды «халық жауы» атап, көздерін жою жаңа қарқын алды.

Мұстафа Шоқай 1917 жылы Ташкентте жүргенде-ақ өз тағдыры белгілі, алдағы әулеттің қамын ойлап, әкесінің туған інісі Қалмұхамедтің баласы, еті тірі Мырзекені шақырып алып, «замана ағымы өзгеріп барады, мына аумалы-төкпелі аласапыран заманда бір-біріңнен көз жазып қалмаңдар, саясат сендерге қол емес, одан өздеріңді аулақ ұстаңдар, мен болса да қиын жолға о бастан бас тіккен адаммын, сендерге менен қайран жоқ, өз шаруаларыңа ықтият болыңдар» деп, кеңес берген екен. Содан Шоқай ұрпақтарының көпшілігі шаруамен айналысып, саясаттан аулақ болыпты.

Кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргінді тануда Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасындағы туыстарынан алған, оның ішінде туған інісі Мұртазадан алған хаттарының орны бөлек. Бұл хаттар, біріншіден, Мұстафа Шоқайдың еліне деген ерекше сағынышын танытады. Осы сағынышын бір сәт басуға аз да болса жәрдем ететін хат‑хабар алдырмауға кеңестік қыспақ барын салды. Сонда да туған інісі Мұртазаның бірнеше хаттары біздерге де жеткен еді. Ол хаттар мазмұны арада хабарласу кем болмағанын көрсетеді, бірақ олардың көбісі белгілі себептермен біздерге жетпеген. Мысалы, Мұстафаның інісіне жазған бірде-бір хаты қолымызда жоқ.

Мұртазаның бізге жеткен 1923-1924 жылдары жазылған төрт хатының мазмұнынан екі ағайын арасындағы туыстық сезімді байқаумен бірге ел ішіндегі шаруашылықтың ауыр жағдайын да, Мұстафа Шоқайға байланысты саяси жайды да анық байқауға болады. 1924 жылғы 16 қаңтарда жазған «Дұғай сәлем Мұстафа ағайға» деп басталатын соңғы хатында Мұртаза ағасының 4‑қыркүйек, 3‑қазан, 6‑желтоқсанда жазғандарын алғанын, соңғысында ағасының «неге хат жазбайсың?» деген сөзінің жанына жаман батқанын айта келіп, өзінің жұмыстағы жағдаймен екі ай қамауда отырып шыққанын, соның себебінен еккен егіннен өнім ала алмағанын хабарлайды. Осы хатта «Еш туысқаннан жақындық көріп жүрген жоқпын» деген жолдар бар. Бұл кезде Мұстафа ағайындары Кеңестің қырына түгел алынған болатын, сол себепті олар ол өскен шаңырақтан аулақ болуға тырысты. Бұл хаттардың аяғы Мұртаза Шоқайұлының тағдырын да шешкен болатын. Ол «халық жауы» аталып, 1937 жылдың 1 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі істер Халық комиссариаты басқармасы «үштігінің» қаулысы бойынша ату жазасына кесіліп, 1938 жылы атылды. Негізгі кінәсі, ағасынан хат алып тұрғандығы болды.

Кеңес өкіметі тіпті Мұртазаның баласы Мадиярды да қудалады. Ол Қызылорда қаласының іргесіндегі «Кооператив» елді мекеніндегі қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ беретін. «Халық жауының» баласы қалай мұғалім болып істейді деген хат тиісті органдарға қайта-қайта түсе бергеннен соң ол Оңтүстік Қазақстанға көшіп кетуге мәжбүр болды. Онда да қудалау жалғасып, мұғалімдікті қойып, қара жұмыс істейді. Тіпті өзіне-өзі қол салып, асылып өлейін деп жатқанын байқап қалған жолдастары оны ажал құрығынан құтқарып қалады. Сонымен тағдырдың төтенше соққысына ұшырап, жоғары білімді оқытушы алпысқа толар-толмас шағында қайтыс болады.

Осыларды жаза келіп, кешегі кеңестік заманның 30-жылдары елімізде неге саяси қуғын-сүргін болды деген мәселеге қатысты бірер ойды білдіре кетсек дейміз. Бар мәселе мемлекеттің саяси жүйесіне байланысты. Тек коммунистік партияның, оның бірінші басшысының үстемдігіне негізделген табиғатында қайшылықты тоталитарлық жүйе болған социализм қоғамды таптарға ғана бөліп қойған жоқ, оның бірін екіншіге қарсы қойды. Кедейді бай етудің орнына байды кедей етіп, кедейлердің байларды жоюын мұрат еткізді. Саясат пен идеологияда «Тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген атаулар үстемдік құрды. Сонымен қатар халық арасында сирек болса да кездесіп қалатын озықты көре алмаушылық, қызғаншақтық сияқты фактілерді тиісті органдар тиімді пайдаланды. Әйтпесе, бір өзі бір мемлекеттің жұмысын атқарған Темірбек Жүргеновті әкесінің бай болғанына негіздеп, «халық жауы» деп қатардан кетіргенге сену қиын.

Ол кездегі көп оқиғаларды адам ақылына, адамзат қоғамы сипатына сыйғызу мүмкін емес. Бір мысал келтірейік. Қызылорда облыстық партия комитеті Саяси ағарту үйінің кешкі марксизм-ленинизм университетінің көп жыл директоры болған Александр Иннокентьевич Коренченко бірде 1937 жылы «халық жауы» аталып, түрмеге қамалғанын айтып еді. Түрме қызметкерлері әртүрлі әрекет жасаса да, ол еш нәрсені мойындамайды. Ең соңында арнаулы камераға әкеліп, қабырғаға тақап қойып, пистолетпен басының төбе жағына атады, көнбейді, басының оң жағына атады, көнбейді, үшінші рет басының сол жағынан атқанда есінен танып, құлап түседі. Үстіне мұздай су құйып, есін жиғызады. Бірақ мойындау жоқ. Сонымен оны бірер күннен кейін шығарады. Ал өзі қайда барарын білмей, сырттағы бір ағашқа сүйеніп, ұйықтап кетеді. «Қанша ұйықтағаным есімде жоқ, оянғанымда қайдан келгенім, қайда тұрғаным ептеп есіме түсе бастады» деді. Ақсақал сонымен бірге лагерьде небір азаматтардың қинауға шыдас бермей, өздерінің Кеңес өкіметіне ойдан шығарған «опасыздықтарынан» түрлі мысал келтіріп, бірақ оларды жаза алмай отырғанын, тергеушілер соларды қағазға түсірсе, тез қол қойып беретінін айтып жалынғандарын, өздеріне көрсетілген азаптан тезірек өмірден озғандарын қалағандарын айтқан болатын. Бұл – кешегі кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргіннің шындығы.

Біз кешегі тәуелсіздіктің отыз жылында тоталитарлық жүйемен «туыстас» болған авторитарлық басқару тарихымыздың азалы жылдардағы қуғын-сүргіннің ақиқатын ашуға барғызбады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылдаумен, 1997 жылдан бастап 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деумен шектелдік. Тіпті ол жылдары өткеннің кейбір көріністері елес бермей қалмады. Қанды оқиғаларға жол бердік. Еліміздің белгілі азаматтарын түрмеге тықтық, олардың көрнектілерін мезгілсіз о дүниеге аттандырдық.

Сөз соңында өткеніміздің тарихи шындықтарын аша отырып, Алаш жетекшілерінің мол мұрасын игермей, оны бойымызға рухани күш етпей, бүгінгі Тәуелсіздік талаптарын парасаттылықпен пайымдап, жүзеге асырмай, замана ұсынып отырған саяси-әлеуметтік қағидатты мәселелерді өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдамай, толыққанды тәуелсіз ел де, ондай еркін елдің саналы азаматтары да бола алмаймыз десек, артық көрмеңіздер.

Әбдіжәлел Бәкір,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің профессоры