22:14, 20 Қараша 2018
Шолпан ОРАЗБАЕВА. Қыз бен қала

ҚЫЗ БЕН ҚАЛАӨз басым жалпы қалада жүргеніме он жылдан аса уақыт өтті. Қалада білім алдым, бір емес, бірнеше жұмыстың да басын қайырып үлгердім.
Тұрмыс құрып, балалы болдым. Ауылдан кеткелі өмірім қаламен біте қайнасып, тіпті ажырамастай болып кетті. Ойлап қарасам, жамандық көрген жерім жоқ екен. Ендеше, қаланы қалай қаралаймын.* * *Ал менің шыққан отбасымда бәрі керісінше. «Қала адамды бұзады, адам ағайын-туғаннан безеді», «Қалада өңкей жарымағандар тұрады», «Қалада өскен бала тасбауыр болады, әке-шешесін сыйламайды», тағысын-тағылар. Алайда мендегі жауап о бастан біреу-ақ – бәрі адамның өзіне, алған тәрбиесіне байланысты. Арагідік ата-анамен сөзге келіспей қалсақ, олардың айтатыны, тіпті анамның қара аспанды төндіріп ойбайға салып: «Ау, сонда Жәмила баласына мәгезин тона, мәшине тона деп үйретті ме, Мұхит қызын сабаққа бармай жігітпен қыдыр деп тәрбиеледі ме, не айтып отырсың?! Мен сені өзіммен сөз таластыру үшін тудым ба...» деп гөй-гөйге басатыны бар. Ондайда үндемей құтылмасаң болмайды. Эх, қайран менің анашым! Жақсы көремін сізді!«Ой қуудың орнына, қой қуып жүре беріппін, қалаға баруды керек қылмаппын өз басым» деп айтушы еді әкеміз. Сөйтеді де: «Әй, бірақ содан жаман болған жерім жоқ. Сендер де сол қойдың арқасында ет жеп, сүйек мүжіп, адам болдыңдар. Так что...». – Ал содан әкеміздің ауыл мен қаланы салыстыратын ұзақ-сонар «ертегісі» басталып кетеді. Ойда жоқта өзім тіленіп ашқан «тәрбие сағаты». «Қайдан ғана айта қойдым екен» деп, іштей басқа әңгімеге қалай ауысудың ыңғайын іздеп отырасың. Қайда-а-н, әкемнің бір бастаса, тоқтауы қиын, алда-жалда оқыс оқиға болмаса. Сондай бір кезекті отбасылық «түзету-тәрбиелеу сағаты» жүріп жатқан. Есік жақта анам, одан беріде қаздай тізіліп үш ұл мен екі қыз отырмыз. Біздің үйдің бұлжымас заңының бірі – біз (екі қыз) қақ төрде отырамыз.– Сол қалаға бар да, тып-тыныш өзің жүре берші. Білесің ғой осы теманы миллион рет қайталай беретінін. Түу, сен де бір!.. – деп бір бүйірден ортаншы інім күңк ете қалды.– Әй, шикі, «мен не деймін, домбырам не дейді!». – Аузынан қағынған Ахатқа «арнайы тәрбие сағаты» басталды да, аяқ астынан бәріміз «советский записьтен» құтылдық.Осыдан он жыл бұрын. Ой-қиялымды қаланың көрікті орындары мен ғимараттары жаулап алған кез.… Мектепті бітіретін уақыт жақындап қалды. Әне-міне ҰБТ тапсырып, қалаға оқуға аттанамыз. Елдің әке-шешесі баласының қандай баға алатынын, қанша балл жинайтынын уайым ғып жүр. Ал менің ата-анамның ойы басқа. Әкем жарықтық: «Қызым, сен үйдің үлкенісің, сен қалай жүрсең, қалғандары да саған қарайды, әр нәрсеге қызығып, сабағың қап қоймасын...» деп, құдды мен дәл қазір қалаға кетіп бара жатқандай сөйлейді.Шешем де әкеме қосыла кетіп:– Әй, ана қаланың қыздарына қосылып кетіп, масқара, Ғанидың қызы құсап… – Әкемнің бөгде адамды сөз етсек, аяқ астынан ашуланатын мінезін беске білетін анам:– Жә, жүр бері, кейін сөйлесеміз! – деп, әңгіме ауанын өзгертіп жіберді.Сонымен көптен күткен ҰБТ-да басталды. Біреу құлап, біреу жылап, әйтеуір ауыл бір шулап: «анау двоечник Жандостың пәлесін-ай, бағы бар екен, 85 алыпты, Жанардың пұшық қара қызы танауын тартып жүріп-ақ, тегі 90 апты ғой, әй, мынау Айгүлге обал болды, жақсы оқитыны қайда, қызы орта бағаны әрең көрсетіпті» деп зу-зу еткен өтірік-шыны аралас жел сөз де ауыл ішінде біраз қыдырыстап жүріп басылды.Ел қатарлы құжат тапсырып, көңілдегі нәтижемен жоғары оқу орнына түстім. Ал енді оқуға жиналып жатқандағы біздің үйдің «концерті».Алдымен әкем бір-екі күн бұрын ақ қойды сойып, сойып жатқанда-ақ: «Е, Алла, балапанымның жолы ақ болсын, жанына кір жұқпасын» деп біссімәлләсін айтты. (Қайдан түсінейін, әкешім, жанарыңның тамған жасты мен сонда анық көрдім ғой, бірақ оның қандай жас екенін ұқпағанмын).Ақ қой үйітіліп, әлдеқашан дайын болған. Анам дәл кетер күні жеті шелпек пісіріп, бәрімізді әскер сапындағы сарбаздай таң атысымен оятты. Әкем таңғы шөп баулаудан келгенде өзіне сөз кезегі тимейтінін біледі ғой әлде аналық алғы сөзі ме екен:– Жайна, қала деген екінің бірі барғанмен, екінің бірі тұрақтап қалатын жер емес. Өзіне сенімді, ақылды, арттағы жұртын ойлайтын адам ғана қаланың азаматы бола алады. Бүгін барып, ертең қиналсаң қайтып келуші болма (мына сөзді қызы тұрмысқа шыққанда айтпаушы ма еді...). Сенің соңыңды ала келер жылы мына қыз да барады, оған сенің қамқорлығың керек (ой, анашым, алдымен өзім барып алайын да). Ал сендер, Жайна кеткен соң салақсып кетпеңдер, апта сайын, ары кетсе екі жетіде кеп тұрады! Ол сендердің үлкендерің! – «Байғұс бауырларым менен тезірек құтылғысы кеп тұрған шығар» деп ойлап үлгергенімше болған жоқ, кенже інім әпекелеп, құшақтай алды. Одан қалғандары да жабысып, мәре-сәре боп кеттік.– Сен шынымен кетесің бе? – деп, әлі де сенбеген сыңай танытады өзіммен тете Айна.– Маған Джеки Чанның дискісін ап келесің ғой келерде, иә, – дейді үлкен бауырым Бақыт.– Аха, аха, – деп қоямын әрқайсысын кезек-кезек құшақтап. Бірақ бұл кезде өз кірпігім де сулана бастаған соң сөзбен айтып жеткізе алмадым. Тек «Ии, жандарым менің, бәріңе де барлығын әперемін» деп, ішімнен қайталай бердім.Осы кезде бала кезден құлаққа таныс әуенімен әндетіп әкем кірді аулаға.– О, менің мақтаныштарым ерте тұрыпты ғой. Дұрр-ыс, – деп, әндеткен күйі қора жаққа өтіп кетті.Бәріміз таңғы дастарханға отырдық. Тым-тырыс. Біраздан соң әкем сөз алды:– Несін айта берейін, қаланың аты – қала, дайын тамақ, даяр киім онда жоқ. Жатақхананың өз тәртібі бар. Дүниеге келгеннен өзің бір ерекше бала болдың (маған айтып отыр!), тіпті бәрің де мен үшін бір-бір патшасыңдар. Шешең екеуміз сендерді мақтан етеміз. Ал, қызым, төлбасым өзің. Соңыңнан тек жақсы сөз ерсін (осы сөзді кейін тұрмысқа шыққанда да айтты, дәл сол дауыс ырғағымен, тек сіл бәсеңдеу).Жан-жағыма қарасам – бәрі пысылдап отыр. Анам ғой, мен соғысқа бара жатқандай озандап орнынан тұрып кетті.Ал әкешім, ардақты менің әкешім, жай ғана:– Қызым, дайын болсаң, бауырларыңмен қоштас, күн ысымай жетіп алайық қалаға, – деді.Бұған дейін арман мен қиялдың жетегінде жүре берген шығармын, дәл жүрер шақта ебіл-дебілім шығып, өзім де жылап жүрмін. Тіпті барғым да келмей қалған сияқты. Әйтеуір, әкем мен анамның бол-болымен жанталасып жолға шықтық-ау.Иә, мен отыз бес шақырым ғана алыс қалаға осылай келгенмін. Сол кезде Аса мен Тараздың арасы Астана мен Тараздың қашықтығындай тым алыс әрі ұзақ болды.Фото: ru.pngtree.com