Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:34, 10 Маусым 2022

Шымкент «Ақылды қала» жобасымен жарықтандырылады

None
None

Шымкент қаласында ауыз су проблемасы келесі жылы шешімін табады. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, 2023 жылы тұрғындар орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайызға қамтылады.

 Ал «көгілдір отынды» толық кіргізу 2025 жылы аяқталады.

Дәл қазір үшінші мегаполистегі  81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 3 елді мекенге су кестемен беріледі. Бұлар Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алаптары.

— Қалада ауыз су бағыты бойынша барлығы 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылдың қорытындысымен Құрсай 1,2, Асар-2, Нұртас, Текесу елді мекенінде құрылыс жұмыстары аяқталып, 11 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайыздан 99 пайызға жетеді. Сондай-ақ ауыз суды кестемен пайдаланатын Сайрам және Қайнарбұлақ елді мекендерін ауыз сумен қамту құрылысы және ағымдағы жөндеу жұмыстары биыл басталып, 2023 жылы пайдалануға берілетін болады, – делінген қалалық әкімдіктің таратқан ақпаратында.

Мегаполисті газдандыру 93 пайызды құрайды. Көгілдір отынмен қаладағы елді мекендердің 42-сі толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған.

— Қазіргі уақытта 1 магистральдық және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында Тұран магистральды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сауле, Көкбұлақ, барлығы 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталады. Нәтижесінде, қаладағы 20 мыңға жуық адам табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. Ал 2025 жылы мегаполис тұрғындарының 100 пайызы көгілдір отынмен қамтылу жоспарлануда, – делінген әкімдіктің мәліметінде.

Жуырда  қала әкімі Мұрат Әйтенов Ақтас, Ақтас-2 шағын ауданында болып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Ақтасқа газ құбырын тарту жұмысының 65 пайызы орындалған. Тамызда ол толығымен аяқталып, нәтижесінде 225 үй көгілдір отынға қол жеткізбек. Нысан құрылысы үшін 223,6 миллион теңге қаражат қаралып, қазірге дейін оның 120 миллион теңгесі игерілді. Қазіргі сәтте ұзындығы 16,5 шақырым болған ішкі жүйелерге құбыр тартылуда.

Шымкент қаласының көшелерін түнгі жарықшамдармен қамтамасыз ету мақсатында – мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2022-2023 жылдары 208 көшеге жарықшам орнату жоспарлануда. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 70 пайызға жетпек. 

2021 жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356 көшесі жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызды құрады. Жоспар бойынша өткен жылы 104 көшені жарықтандыру қажет болса, жоспар артығымен орындалып, 136 көшеде жұмыстар толығымен аяқталды.

Бұдан бөлек, «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру жолға қойыла бастады. Ол диспетчерлік орталық арқылы басқарылады. Орталыққа қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығы, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығы, пайдаланылған электр қуаты туралы ақпараттар «сигнал» арқылы беріліп отырады. Алдағы уақытта әр жарықшамның килловаты, түнде, көлік қозғалысы баяулағанда жарықтық дәрежесін автоматты төмендету арқылы энергия үнемдеу сынды функцияларды қосу жоспарланған. Қазіргі таңда, 40-қа жуық көше диспетчерлік орталыққа қосылған. Жыл соңына дейін көше санын 100-ге жеткізу көзделген.

Тегтер: